Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін 43 млрд теңге керек – Еңбек министрлігі
Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін 43 млрд теңге керек – Еңбек министрлігі
Ол президент мүгедектігі бар және асыраушыларынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуді тапсырғанын еске салды. «Жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі 8,5%-ға арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтарға, оларға күтім жасайтын тұлғаларға және асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері тағы 14,5%-ға арттыру мәселесін пысықтап, есеп-қисабын жасап жатырмыз. Қосымша қажеттілік 43 млрд теңгеден асады», - деді ол Үкімет отырысында. Сондай-ақ Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған пилоттық жобаларға тоқталды:
- Бұған қосымша 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар азаматтарды жоғары сапалы катетермен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 328 млн теңге бөлінген;
- Гигиеналық құралдардың (жөргектердің) нормативін 2 есеге жергілікті бюджет қаражаты есебінен көбейту қарастырылған;
- Психикалық ауытқуы бар балаларды санаторий-курорттарға емдеуге жіберу критерийлері Денсаулық сақтау министрлігімен бірге айқындалып, биыл пилоттық режимде еліміз бойынша 1000 бала сауықтыру шипажайларына жіберілмек;
«Пилоттық түрде жан басына шаққандағы нормативті ендіру және әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту қарастырылды. Пилоттық жоба 7 өңірде жүргізілетін болады», - деді министр.