Жаңалықтар

ӘКЕМЕ ЕРЕКШЕ ЖАҚЫН БОЛЫП ӨСТІМ

ӘКЕМЕ ЕРЕКШЕ ЖАҚЫН БОЛЫП ӨСТІМ

Біздер өмірден қатал да, қуатты мектебінде шыңдалдық. Қатал тәртіп, тәрбиенің тірегіне айналды. Мұның өзі сана-сезім, ой-парасаттың ерте қалыптасуына, жетілуіне жетеледі. Жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды, бала болсақ та пайымдай алатын болдық. 

Әкем Айтбай Назарбековтің есімін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Қайтсем халқымның жағдайын жақсартамын, қайткенде жұрттың тұрмысы түзеледі деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Өзіміз Сарысу ауданы, Коммунар ауылынанбыз. Ауылдағы жағдай да мәз емес. Көп келіншектердің, аналарымыздың күйеуі соғыстан қайтпаған. Біразы мүгедек болып оралған. Сонда әкем нағашы әжем Қанымкүл жалғызсырамасын деп әпкемізді сол кісінің тәрбиесіне береді. Жеті жасар мені де әжем Шыныкүлге жібереді. Осылайша әпкем Байқадамнан, мен әжемнің үйінен бір-ақ шықтық. Әкем жұмыс бабымен қалаға қоныс аударды. Әжем өте мейірімді, жақсы кісі еді. Үй шаруаларының бәрін өзі атқаратын. Бау-бақша егеді, малға қарайды. Мені де еңбекке араласа берсін деп жұмсап тұратын. Сабаққа жаңа барып жүрген оқушымын. Біздің кезімізде әжелеріміз тігіп берген қоржынды асынып баратынбыз. Қазір ғой сөмкенің түр-түрі бар. Қаламсап атымен жоқ. Сия мен дәуіт. Әжем қанша қабағыма қарап, махаббатын төгіп жатса да әкемді ойлай беретінмін. Кішкентайымнан әкеме жақын болып өстім. Бір күні қаладан әкем мен анам келді. Сонда әкемді көргенде қатты қуанғаным соншалық, есімнен танып қалыппын. Жағдайымның мүшкіл екенін көрген әжем: «Айтбай, адамның жүрегін ауыртпай қызыңды алып кет», деді. Сөйтіп әкем мен анама еріп қалаға келдім. Әпкем Байқадамдағы нағашы әжемнің қолында қала берді. Негізі біз 14 ағайындымыз. Әпкем Байқадамда болғандықтан балалардың арасында естиярлауы өзім болдым. Тетелес сіңлім бар. Екеуміз жұмысты бірге атқарамыз. Балаларға бірге қараймыз. Анамызға көмектесеміз. Бір күні жоғары жақтан бұйрық келіп, әкемді Көктерекке (қазіргі Мойынқұм ауданы) бірінші хатшылыққа ауыстырды. Әкем қайда жүрсе, біз сондамыз. Анам Айтбике де әкемнің жағдайына қарап қалған кісі. Түздегі мырзасының үйдегісін сай етіп отырған үлгілі отанасы. Қаланың өміріне үйреніп қалған біздерге ауылда тұру қиынға соқты. Еш жағдайы жасалмаған, шеттегі құмдағы бір ауыл. Жалғыз Дружба деген көшесі бар. Суы ащы, қалада айран жағып әспеттеп жүрген шашымызды түтетіп жіберді. Дүкен, монша деген атымен жоқ. Бірақ көнбеске амал жоқ. Әкеміз шалғайда билік назарынан тысқары жатқан ауылды көркейткісі келді. Алайда ойын асыруға уақыт жетпеді. Көктеректе шамалы жүрген соң әкемді Шу ауданына ауыстырып жіберді. Мына қызықты қараңыз, біз Шуда да көп тұрақтаған жоқпыз. Мойынқұм ауданы қайта құрылып жатқан кез. Әкемнің қарымын бағалаған болуы керек, Асанбай Асқаров сенім білдіріп қайтадан Мойынқұм өңіріне бас хатшылыққа қызметке жіберді. Біз қайтадан шалғай ауылдан бір-ақ шықтық. Біз Мойынқұмда жағдайы жасалмаған жұпыны ескі үйде тұрақтағанбыз. Шиеттей бала-шаға. Одан бөлек Байқадамдағы әжеміз бен әпкем де бізбен бірге тұрады. Бір күні әкеммен жолығуға облыстық партияның бас хатшысы Бименде Садуақасов келді. Біздің қандай жағдайда тұрып жатқанымызды көріп шошып кетті. «Білдей бір ауданның бас хатшысысың. Мұның жарамас. Мен саған жер беремін. Кең, ыңғайлы баспана салып ал. Мына балаларың мен жасы келіп қалған енеңді ойла» деп батыра айтып кетті. Сөйтіп Бименде Садуақасовтың тікелей тапсырмасымен жақсы үйге көшіп алдық. Жаңа, жайлы үйге көшіп, күндер зулап өтіп жатты. Әкемізді кейде апталап, тіпті айлап көрмейміз. Өйткені ең алыста жатқан ауылдардың өзін назардан қалдырмай арнайы барып, малшылардың жағдайымен танысып тұратын. Анам үйдегі тәртіпке жауапты. Біз анамыздың көмекшілеріміз. Үйді тазалап, су тасып, одан бөлек балаларға қараймыз. Арасында ойнап та үлгереміз. Кейде ауыл жастары мектепке би кешін жасайды. Бірде қызық болды. Сол қызықты би кешіне біздің де барғымыз келіп, күндегі тірліктерді қанттай қылып тындырып тастадық. Тамақ дайын, балалар ұйқыда. Үй жинаулы, су тасулы. Тек әкемізді күтіп отырмыз. Анам біз тыңдамай бара жатсақ «Әкең келе жатыр, әкеңе айтамын» деп сап тыятын. Сонымен анама «әкемізге білдіртпей жылдам би кешіне барып келе қояйық» деп өтіндік. Басында көрерміз деп жүрген анам әкем келгенде айнып кетпесі бар ма? Анамызға «барып келейік» деп сыбырлап отырмыз. Сезіктенген әкем «Не дейді?» деп сұрады. Анам болса «қыздарың «вечер» дей ме, би дей ме, бір жаққа барғысы келіп жүр» деп жария ете салды. Әкемнің мінезі белгілі. Жібермеді. Қатты ашуланған сіңлім өзі тасыған суды білдіртпей төгіп тастады да «Мен суға кеттім» деп шығып кетті. Артынан бір шелекті ұстап мен де жүгіре жөнелдім. Біз суды үйден қашықта орналасқан құдықтан тасимыз. Ал құдық мектептің қасында. Осылай сіңлімнің пысықтығының арқасында би кешіне барғанымыз бар. Беделді адамның қызы ретінде біз жұрттың назарындамыз. Сол жауапкершілікті сезініп әр ісімізге, сөзімізге, тіпті жүріс-тұрысымызға абай болатынбыз. Анам жастайынан өнерге жақын кісі. Аспаптарда ойнайды, әнді керемет шырқайды. Сондықтан мені би үйірмесіне қатыстырды. Биге қызығушылығым ерекше болатын. Тіпті республикалық байқауларға қатысып жүрдім. Өмірім өнермен байланысты болар деп ойлағам. Алайда әкем қарсы болғандықтан, «Зоотехник» мамандығына түстім. Бірақ бұл жолы да әкем қарсылық танытқан. Дегенмен бәрібір әкемнің тілін тауып, көндіріп алдым. Әкем жауапты қызметте болған соң үйден адам үзілмейтін. Сенесіз бе, үйімізде әрдайым 10 самаурын қайнап тұратын. Дастарқан үнемі жаюлы. Кім келсе де есік айқара ашық. Алыс жақтан келген кісілер тұрақтайтын баспана таппаса біздің үйге аялдайтын. Анамның да пейілі таза, ниеті ақ. Әрқашан берген асын жарқын қабақпен, көтеріңкі көңіл күймен ұсынатын. Тәубе деймін, әке-шешеміз шөбере сүйді. Менің де, өзге перзенттерінің де қызығын көрді. Бәріміз де өмірден өз орнымызды тауып, лайықты қызмет атқардық. Әкемнің есіміне кір келтірмеуге тырыстық. Сондай тұлғаның ұл-қызы деген атақты абыроймен көтеріп жүрміз деп ойлаймын. Мұның бәрін неге айтып отырмын. Балалығым десе анам мен әкем есіме түседі. Қыз – әкеге жақын демей ме? Мен сол әкеме жақын болып өстім. Бала күннен сол кісіге қарап бой түзедім. Қиын күндерді де, қызық сәттерді де бастан кешірдік. Шүкір балалық шағым жаман өткен жоқ.

Күләш НАЗАРБЕКОВА, еңбек ардагері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы