Мәдениет

«Juldizai»-да ЖАРҚЫРАҒАН жұлдыздар

«Juldizai»-да ЖАРҚЫРАҒАН жұлдыздар

Тараз қаласындағы Ы.Дұкенұлы атындағы мәдениет үйінде ХVIІI «Juldizai» мүмкіндігі шектеулі оқушылар арасында балалар шығармашылығы республикалық фестивалінің облыстық кезеңі өтті. Фестивальдің аудандық, қалалық іріктеу кезеңіне облыс бойынша жүзден аса үміткерден өтінім түскен. Нәтижесінде 87 бала іріктеуден өтіп, өнерлерін паш етті.

Байқаудың мақсаты да сол, ерекше білім беру қажеттіліктері бар бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, қазақстандық қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыруға ықпал ету. Арнайы білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының шығармашылық деңгейін арттырып, балалар ұжымын жұмылдыру арқылы басқа да қолдау көрсету. Ғажайып көңіл күй, жаңа достар, жанкүйерлер, сыйлықтарға толы өнер мерекесі әр бүлдіршіннің тереңде жатқан талантын шыңдап қана қоймай, арманына қол жеткізуге, биіктен жұлдыздай жарқырауына жол ашады. Облыстың барлық аудандарынан келген өнерлі балалар 4 номинация бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, вокал, хореография, аспапта ойнау, әнді ым-ишаратпен орындау секілді сайыстарда өнерлерін көрсетіп бақ сынасты. «Есту қабілеті нашар балалар хореографиялық композицияны қалай жақсы үйрене алады, көру қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың мүгедектер арбасында сахнаға шығып, күрделі халық биін мінсіз орындап, тамылжыта ән шырқауы үшін қанша батылдық керек?» деген сауалды залда отырғандардың барлығы өздеріне қойды. Қимыл-тірек аппараттары бұзылған ерекше балалардың өнеріне сүйсінді. «Вокал» номинациясы бойынша жас таланттар меркілік Нұрасыл Бегасыл мен байзақтық Гүлдана Аманбай, «Зағип және нашар көретін» балаларға арналған «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Айдана Сағындық «Дедімай-ау», Асхат Байболов «Отаным» әнімен, «Үміт» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Іңкәр Тұран «Гүл көбелек» әнімен, «Өркен» мектеп-интернатының вокалдық дуэті Жұбаныш Есенова мен Еркеназ Есентай «Ерке қыз» әнімен, Тараздың №1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің қамқоршысы Руслан Шыңғысбай «Назерке әні» әнімен I орынды иеленді. «Хореография» номи­на­ция­сында фестиваль қатысушыларының барлығы да I орыннан көрініп, марапатқа ие болды. Қатысушылар әсем африкалық би, вальс, «Самал жел», «Қуаныш» билерін тарту етті. Шу және Жамбыл аудандарының би ұжымдары жалынды лезгинка мен қазақтың «Қара жорға» биімен көрермендерді бір серпілтіп тастады. «Музыкалық қойылым» номинациясы бойынша жүлделі I орын тараздық Кирилл Избанов пен меркілік Әсел Пархатқа бұйырды. «Ым-ишаратпен ән айту» номинациясы бойынша «Мейірім» мектеп-интернатының жігіттері «Батырлар ұраны» әнімен, Шу ауданының командасы «Мама» әнімен жеңіске жетті. – Өнердің сиқырлы күші нағыз ғажайыптарды тудырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шақтары – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Осы тұрғыда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қатысуымен фестиваль өткізу – қоғам өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі. Біз инклюзивті қоғамды қалыптастыру үшін ерекше балалардың әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылығын дамытуға дайынбыз. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының, қоғамдық бірлестіктердің бастамаларын қолдаймыз, – деді облыстық «Juldizai» фестиваль-байқауының қазылар алқасының төрайымы, білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева. Облыс әкімдігінің білім басқармасы облыстық, қалалық білім бөлімдерімен бірлесе отырып, фестивальдің идеясын жүзеге асыру мақсатында осы ауқымды іс-шараны жоғарғы деңгейде өтуіне жағдай жасап, қомақты ақшалай қаражат бөлінген болатын. Атап айтсақ, I орынды иеленген жеңімпаздарға 100 000, II орынға 80 000, III орынға 60 000 теңгенің сертификаты табысталса, барлық қатысушылар бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдармен марапатталды. Ерекше дарын иелері 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласында өтетін финалдық гала-концертте өнер көрсетеді.

Әнел ӘШІРҚҰЛ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті