Ұрпақ болашағы тәрбиеге байланысты
Ұрпақ болашағы тәрбиеге байланысты
– Бүгінде әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Ұлтының құндылықтары – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсуге, үлгі-өнеге алуға зор әсерін тигізетінін білгендіктен де сондай қадамға баруда. Осы мәселені дендеп түсінген атпал азаматтардың арқасында дүниеге келген «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі екі жылдан бері қазақы болмысты сақтап қалудың төте жолымен келеді. Ол жол – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыра отырып қоғамды тәрбиелейтін жол. Өйткені елдің болашағын ұстар тұлға тәрбиені бесіктен алады, бойына нәрді шаңырақтан егеді. «Баланың бас ұстазы ата-ана» екені әуел бастан мәлім дүние болса да балаға тәрбие берумен емес, тіршілігін түгендеумен айналысып кеткен ата-анаға өз жауапкершілігін сездіру керектігі күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғандықтан осы бірлестік құрылған еді. Азаматтардың ерікті бірлесуі нәтижесінде құрылған коммерциялық емес ұйым алғашқы жылы ата-аналар, балалар, психологтар, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар сияқты мүдделі тараптармен төрт бағытта жұмыстарды іске асырады. Олар – отбасы моделі, отбасыдағы бала тәрбиесі, қоғамдағы отбасы, мектеп. Бірлестіктің миссиясын жүзеге асыру, ата-анаға ой айту емес, ойын ояту. Осы мақсатта республиканың әр өңірінде 18 филиал өз жұмысына кірісті. Екінші жылы бірлестік сарапшылық деңгейге өтті. Әр өңірдің өзіндік менталитеті, көзқарасы мен түсінігі бар. Осыған орай бірлестік бала тәрбиесіне қатысты ең өзекті деген мәселені анықтап, шешімін табуға жұмыс істеуді басты міндет етіп алды. Жұмыс барысы қалай жүзеге асады десеңіз, алдымен бірлестіктің барлық филиалының ұжымы ата-аналармен кездесу арқылы өз аймағындағы негізгі мәселені анықтайды. Яғни олармен әңгімелесу барысында қандай тақырып көбірек толғандыратынын сараптап, сол мәселемен жұмыс істейді. Анықтап, зерттелген проблемаға қарай әр өңір өзінің жобаларын жүзеге асыратын болады. Осылайша ата-аналарды толғандыратын сұраққа жауап беріп, мәселенің түйінін шешуге ұмтылды. Осындай нақты мақсатпен бірлестік сарапшылармен бірлесе жұмыс істей бастады, – деді ол. Бүгінде әр филиалда сарапшылардан құрылған кеңестер жұмыс істеп жатса, біздің өңірдегі филиал жанындағы кеңес құрамына облыстағы белсенді, білікті мамандар топтастырылыпты. Дұрыс-ақ, аймақтағы өзекті проблемаларды шешуде сарапшылар көмегі ауадай қажет екені рас. Филиал басшысының айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік зерттеулер жүргізілетін көрінеді. Зерттеу барысында әр аймақтың ата-аналарының портреті жасалмақ. Ұлттық ата-аналар форумын өткізу де жоспарланыпты. Форумда еліміздің барлық өңіріндегі ата-ананың басын бір алаңға жинау мақсат етіліпті. Жиында аймақ ата-аналары бір-бірімен танысып, ой-бөлісіп, білім алмастыру да көзделген. – Осындай тегеурінді идеямен жолға шыққан керуеннің көш басында қазақи болмысты, елді сүйсінтіп «әп, бәрекелді!» дегізер сегіз қырлы, бір сырлы азамат Нұркен Асанов тұр. Ол осы бірлестіктің құрылтайшысы. Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай үлкен мұратты арқалаған Нұркен Жарылқапұлы елге деген перзенттік парызын адал өтеп келе жатқан алдыңғы толқынның бірі. Мемлекеттен ешқандай өтем сұрамай, өз қаражатымен, қанына сіңген қасиетімен қазаққа жүрек нұрын, көңіл қуанышын сыйлап жатыр. Әйтпесе қазақта қаншама кәсіпкер бар, бірақ ер жүгін көтерер ұлтжандылары санаулы. Сол санаулының қатарындағы Нұркен мырза алаштықтар сияқты халқына ақысыз қызмет етіп, ізгілікті, өркениетті қоғам құра отырып, азаматтық пайдасын тигізіп келеді. Әділдік, туралық, талапшылдық, жандану және әдепті өркениет сынды сөздер логотиптің негізгі өзегіне айналып отырғаны да сондықтан. Сонысымен өзгеден ерек бірлестік, – дейді Д.Бағжанов. Дәстүрлі отбасылық тәрбиені өз бағытына салып, заман ағымына сай бейімдеп, жаңарту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан «Сенімен болашақ» РҚБ ата-аналардың санасын арттыру бағытын мықтап қолға алды десек, артық айтқандығымыз емес. Осы бағытта бірлестіктің әр филиалы өткізіп жатқан іс-шаралар сөзімізге дәлел бола алады. Мықты мемлекет қалыптастыру үшін, ең әуелі, жанұялардың іргесі берік, тәрбиесі терең, тағылымы биік болуы шарт деп түсінетін облыстық филиалдың арқалаған жүгі ауқымды. Өткен жылдың сәуір айынан іске кіріскен филиал ұжымы Балалар жылына баса ден қойған екен. Көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға облыстық кино орталығымен бірлесіп, «Кино демалыс» атты тегін кино көру акциясын өткізіпті. Мультфильмге тегін апарып, бірлестіктің атын насихаттаған. Облыстық білім басқармасымен бірлесе «Саламатты ата-ана мәдениеті» тақырыбында жеті апталық отбасылық марафон ұйымдастырған. Бұл байқау саламатты ұрпақ тәрбиелеп жатқан отбасыларды үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған екен. 400-ге жуық үміткер отбасы деген ұғымның қадірін арттырып, қасиетін көрсетуге тырысқанының өзі бірлестіктің басты миссиясын байқатса керек. Біз мұны филиал менеджері Қуандық Құрманәлі және психолог Марал Хантөреқызымен әңгімелесу барысында білдік. Олар бірлестіктің басты мақсатын арқау еткен іс-шаралар легі жалғасын таба беретініне сеніммен қарайды. – Бала болашағына қатысты өткізіліп жатқан іс-шараларды тізе берсек, тізім жалғаса береді. Мәселен, «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбындағы ата-аналар форумына қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы қатысып, Тараз қаласы және Т.Рысқұлов, Талас аудандарының ата-аналарымен кездесіп, ел болашағы жайлы ұтымды ойларымен бөлісті. Одан бөлек «Ауыл – алаш айнасы» жобасы аясында Сарысу ауданында бірлестіктің құрылтайшысы Нұркен Асановтың және абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелдің қатысуымен аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Әкелер институтын дамыту, әртүрлі салалар мен мамандық иелерінен құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында Тараз қалалық білім бөлімі мен осы филиалдың ұйымдастыруымен «Әке – отбасының тірегі!» атты қалалық әкелер форумы өткен еді. Форумның мақсаты – әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінің өз бағытына түсуіне үлес қосу. Заман ағымына сай бейімдеп, жаңғырту, қазақ отбасындағы бәрінен қымбат саналатын әкенің мәртебесін қайтару, ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселелерді талқылау да аталған форумның көздеген мақсаты болды. Осындай форумды алдағы уақытта аудандық және облыстық деңгейде өткізу жоспарда бар. Бүгінгі таңда біздің бірлестік жаңа сатыға қадам басып отыр. Өйткені облыстық филиалдың сарапшылар кеңесінің құрамына облысымызға белгілі, өз саласының нағыз мамандары тартылды. Сонымен қатар облыс бойынша мектептердің ата-аналар комитетінің төрағалары және төрайымдарымен тығыз жұмыс жасалуда. Алдағы уақытта сарапшылар кеңесімен және ата-аналар көмитетінің төраға, төрайымдарымен бірге ауқымды іс-шаралар жүзеге асыралатын болады, – дейді Қ.Құрманәлі. Ақпараты көп алашапқын заманда ата-анаға керектіні сараптап ұсынуды, олардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыруды мақсат еткен филиал жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Бала тағдыры бүгінгідей қыл үстінде тұрған заманда мұндай ұйымдардың көбейгені қоғам үшін үлкен олжа. Себебі бала тұрмақ, басқаны да жетегіне алуға даяр тұрған, әлеуметтік желі әр пендеге үстемдік құрған мына заманда оң-солыңды біреу бағыттап беріп отырса, оның несі жаман?! Саналы ата-ананың өсиеті мен қасиетін ұлт ұрпағына сіңіруді мақсат еткен филиал жұмысына табыс тілерден басқа айтарымыз жоқ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ