«ЖАҢА ЕСІМ – 2022» ЖОБАСЫ тасадағы талантты жастарды іздейді
«ЖАҢА ЕСІМ – 2022» ЖОБАСЫ тасадағы талантты жастарды іздейді
– Жылдағы дәстүрден жаңылмай биылғы жылы да облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен оған қарасты мекемелердің ұйымдастыратын іс-шараларының жоспары пысықталып, бірқатар ауқымды жобалар жоспарланды. Аталған жобалардың қатарында «Театр – өмір айнасы» облыстық фестивалі, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарихпен болашақ жамбылдық суретшілердің көзімен» көрме-байқауы, «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі» атты ауқымды жобалар бар. Тағы бір айта кететіні облысымызда 12 мемлекеттік архив бар. Оның бірі облыстық болса, енді бірі қалалық. Қалғаны аудандарда орналасқан. Міне, осы мекемелерде қағаз жүзінде құжаттар сақталып келеді. Енді оларды «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық нұсқаға көшіріп сақтау да біртіндеп жүзеге асып келеді. Бұдан былай құжаттар PDF форматқа көшіріліп, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі құрылады, – дейді Е.Жүнісбай. Тағы бір ерекше атап өтер жобаның бірі – «Жаңа Есім – 2022» . Аталған жоба өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдалып, танылуына мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылмақ. Вокал, дәстүрлі ән (халық әндері), ұлттық және басқа да музыкалық түрлі аспапта орындау номинациялары бойынша таланттарды іздеп жатқан жобаның биылғы іріктеу кезеңіне 400-ге жуық өнерпаз қатысып, бақтарын сынапты. Оның облыстық іріктеу кезеңі сәуір айында, қорытынды гала-концерті мамыр айында өткізілмекші. Бұл жобаның ерекшелігі – жоба жеңімпаздары облыс әкімінің грантына ие болып, арнаулы орта, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Нақ осы жоба арқылы алдағы уақытта тасада қалған таланттардың бағы жанады деген үміттеміз.
Шапағат ӘБДІР