Әлеумет

ЕҢБЕГІ КӨП, ЖАЛАҚЫСЫ АЗ

ЕҢБЕГІ КӨП, ЖАЛАҚЫСЫ АЗ

Адамзат санасында қаншалықты аянбай тер төксең, соншалықты берекесі болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда бейнетінің зейнетін көре алмай, еңбегіне табысы сай келмейтін келеңсіз тұстар жетерлік. Айталық, әлем елдері арасында айлық жалақының орташа мөлшері бойынша Қазақстан рейтингте 80-орынды иеленеді. Өткен жылғы төртінші тоқсанда еліміз бойынша атаулы жалақының орташа мәні – 338 715 теңгені құрады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізді. Бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді», деді. Осылайша Президент тапсырмасына сай 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мың теңге болып бекітілді. Ал енді Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде 35 335 адам 40-45 мың теңге аралығында ғана еңбекақы алады екен. Одан бөлек 187 020 тұлғаның жалақысы 45-60 мың теңгені құрайды. Ал 191 426 азаматтың айлық көрсеткіші 75-90 мың теңге аралығын қамтиды. Статистикалық зерттеулерге жүгінсек, Қазақстанда жоғарғы көрсеткіштегі жалақы мөлшері бойынша Астана, Алматы қалалары, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары көш бастап тұр. Керісінше төменгі жалақы алатын өңірлерге Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Ең төменгі жалақы алатын мамандықтар қатарында журналистер, мәдениет, денсаулық сақтау саласының, банк қызметкерлері және пошташылар бар. Мәселен, «Қазпошта» курьерінің айтуынша, газетті таратқаны үшін 10 теңге, тапсырыспен түскен хаттарды тұрғындарға жеткізгені үшін 50 теңге төленеді екен. Сонда бір айда шамамен 43 мың теңге шығады. Ал бұл қаражат ең төменгі айлық көрсеткіштен де аз. Халықққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері де басқалар секілді 8 сағат емес, 9 сағат жұмыс істейтінін, бірақ айлықтары мардымсыз екенін қынжыла жеткізді. Ал жуырда облыста «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының тазалығына жауапты компания жұмысшылары наразылыққа шыққан болатын. «Тазалық сақшылары» айлықтың шайлыққа жетпейтінін жеткізіп, жұмысқа шығудан бас тартқан. – Қоқыстан бөлек, өлген ит пен құсты да тазалап жатамыз. Жол бойындағы белгілерді қалыпқа келтіреміз. Қыстың көзі қырауда жолдағы қарды тазалаймыз. Күннің суығына да қарамаймыз, – дейді компания жұмысшысы Данияр Сұлтанқұлов. Әрине, қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған шақта жоғары жалақыны талап еткен жұмысшылардың шырылдауы бекер емес. Алайда компания қызметкерлерінің талабы жуық уақытта орындала қоймайтын секілді. «Біз өзімізге тиесілі көлемді тендер арқылы ұтып алған едік. Басшылар мен заңгер бар, есепші бар, барлығы отырып қаржылық жағдайды талқылайды. Өйткені көрсетілген мерзімге, яғни екі жылға жеткізу керек. Ал қазір жұмысшылар сұрап отырғандай жалақыны 30 пайызға арттырсақ, алған көлемімізді жыл аяғына дейін жеткізе алмаймыз. Осыны ескерген жөн шығар», деп ақталды «ШымкентСпецСтрой» ЖШС директорының орынбасары Руслан Бектұрсынов. Дейтұрғанмен алдағы уақытта жауаптылар жұмысшылармен мәмілеге келіп, мәселенің шешімін табуға жауапкершілік танытулары керек. Себебі қара жұмыстың адал еңбегін алуға әркімнің-ақ бар таласы.

Ажар НИЯЗБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті