Жамбыл жаңалықтары

Ең Бастысы – халық сенімін ақтау

Ең Бастысы – халық сенімін ақтау

Облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымына сайланған депутаттардың қатысуымен алғашқы сессия өтті. Оған депутаттармен қатар, облыс әкімі Н.Нұржігітов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қатысты.

Сессияны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, жуырда өткен сайлаудың қорытындылары мен депутаттық корпустың сапалық құрамы туралы хабарлады. Сондай-ақ сессия отырысында облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымының төрағасын сайлау, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және олардың мүшелерінің төрағаларын сайлау мәселелері қаралды. Ал облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы жаңадан сайланған депутаттардың жұмысына табыс тіледі. – Облыс экономикасын дамытуға, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты мәселелерді жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып шешуге барынша күш саласыздар деп ойлаймын. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл сайлау мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Кеше Парламент сессиясында Мемлекет басшысы «Депутат болу биік мансап емес, зор жауапкершілік және маңызды міндет» деп атап өтті. Сондықтан сіздердің алдағы уақытта халықтың игілігі үшін атқаратын жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Н.Нұржігітов. Сонымен қатар облыс басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті. – Атқаратын жұмыс көп, алдымызға ауқымды мақсаттар мен міндеттер қойып отырмыз. Ең алдымен, бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеруге баса назар аудару қажет. Біз имидждік жобалардан бас тартып, ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға басымдық берудеміз. Бірлескен жұмыстар арқылы бұл мақсаттарға қол жеткізуге болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес менің және барлық деңгейдегі әкімдердің облыс тұрғындарымен кездесуі жолға қойылған. Осы кездесулерге сіздердің қатысқандырыңыз дұрыс болар еді. Халық қалаулыларының басты міндеті – халық сенімін ақтау. Өздеріңізге дауыс берген азаматтардың мүддесін негізге аласыздар деп сенемін, – деді облыс әкімі жиналғандарға. Сессияда мәслихаттың тұрақты комиссиялары да құрылып, олардың жетекшілері сайланды. Депутаттардың дауысқа салып, бірауыздан қабылдаған шешімімен Абдалы Нұралиев облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ сессияда мәслихаттың тұрақты комиссиялары да құрылып, олардың жетекшілері сайланды.

Шапағат ӘБДІР