ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САПАСЫ ҚАШАН ЖАҚСАРАДЫ?
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САПАСЫ ҚАШАН ЖАҚСАРАДЫ?
Қала ішінде қатынайтын автобустардың мәселесі айтыла-айтыла жауыр болды. Айтылған сөзден нәтиже шықпаса да амалсыз көндігіп жүре береміз. Енді қайтпек керек? Такси қызметін ара-тұра болмаса, күнделікті пайдалану кез келгеннің қалтасына оңай соқпайды. Қала ішіне қатынайтын ыңғайлы деген автобустың салонына кіре қалсаң болды, жан-жағыңдағы жайсыздықтан жүйкең шаршайды. Көліктің іші қолайсыз, кейбірінде адам лық толы. Амал жоқ, жұрттың бәрі жетер жеріне жету үшін шыдап бағады. Кейде сығылысып әрең тұрсаң, жолаушылардың өзі «сәл жылжыңызшы, біз де жұмыстан қалып барамыз» деп мазаны алады. Одан бөлек жүргізушілердің мәдениеті жайлы да айтар болсақ, әңгіме бір кітапқа жүк болады. Қарапайым ғана мысал, жүргізушінің ұялы телефонын құлағынан тастамай, қоғамдық көлікті басына көтере сөйлесуі, бір-бірімен жарысып, көлікті жын қаққандай айдауы, жол ережесін сақтамауы – көрер көзге ерсі. Алақұйындатып автобус толы жолаушыларды ары-бері теңселтіп, жылдамдықты асырып, кептеліске жолаушылар кінәлі секілді кім көрінгенге тиісе сөйлеп, дөрекі жауап беріп, міндетсініп жататыны мәдениеттілікке жата ма? Өткен аптада қоғамдық көліктің біріне мінген болатынбыз. Ішінде жолаушыдан ине шаншыр жер жоқ. Енді жүргелі тұрғанда ішімдікке тойып алған бір ер адам мінді. Бір өзі көлікте отырған жолаушылардың мазасын қашырды. Әркімге бір тиісіп, әсіресе мектеп оқушысының мазасын алып, балаға айтуға лайық емес сөздерді қақсаған жағынан сауып жатты. Жөн-жосықсыз айтқан әңгімелерін былай қойғанда, үстінен мүңкіген иісінің өзі аядай ғана жерді шарпып, жұртты арақ пен тер аралас ауаға тұншықтыра түсті. Сондай сәтте қоғамдық көлік жүргізушісі тоқтай қалып, полиция қызметкерін шақырып, тәртіп бұзған адамды жолай түсіріп кетсе болады ғой. Бұл – қоғамдық көлікте жүргізушінің жолаушылар алдында өз қызметіне жауапсыздық танытатын бір ғана мысал. Әрине, қаладағы барлық жолаушы немесе барлық қоғамдық көлік жүргізушісі мәдениеттен жұрдай деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дейтұрғанмен бір құмалақтың бір қарын майды шірітетініндей, кейбір қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолаушылармен ұрсысуы, қарқылдап күліп, сампылдап әңгіме айтуы секілді бейәдеп әрекеттері адамның қоғамдық көлікке деген көңілін қалдыратыны айқын. – Автобустардың басым бөлігінде кондиционер орнатылмағандықтан жазда ыстық, қыста суық болып, жұртшылықты әбігерге салады. Аялдамада адам күтіп, барар жерімізге дер кезінде жеткізбей, қолдан кешіктіріп жатады. Тіпті жүргізушілердің бір-бірімен «ерте жүрдің, кеш жүрдің» деп дауласып жататындары да өз алдына бір бөлек әңгіме. Көлік тізгінінде отырып, ұялы телефонмен сағаттап сөйлесетін жургізушіге жол қауіпсіздігін жолаушылар ескертіп әлек. Бір-бірімен жарыса жөнелгенде зәрең зәр түбіне кетеді. Казіргі жүрген көліктердің басым бөлігі ескі, жол ортасында бұзылып қалып жатады. Сонда олар осындай жауапты жұмысқа қалайша рұқсат алған? – дейді шаһар тұрғыны Талап Бәйдібеков. Сондай-ақ біз, яғни жолаушылар да қоғамдық көліктің этикасын ұмытып бара жатқандаймыз. Автобуста қаншама кісі отырғанына қарамай, ауызға келгенді, тіпті боғауыз сөздерді айқайлата айтып жататындарды көргенде қынжыласың. «Мен тегін жүріп келе жатқан жоқпын, барлығы секілді жолақы төледім. Ешкімге орын беруге міндетті емеспін», деп өзінен үлкенге орын бермей жататын ұл-қыздар да бар. Қоғамдық көлікте бір-біріне айтылатын бейәдеп сөз бен ұрыс-керіс бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінгенімен, алайда «мұндай келеңсіздіктерді көріп, өсіп келе жатқан жеткіншектердің келешегіне кері әсерін тигізбей ме?» деген ой мазалайды. Қоғамдық көліктердегі өзекті мәселелердің бірі – кейбір кондуктор мәдениетінің төмендігі. Көп жағдайда дөрекі кондукторлар да кезігіп жататыны рас. Электронды төлем жүйесі енгізілсе де кондукторлар қызметі тоқтамай тұр. Олардың бірі елгезек болса, тағы бірі беттен алып, ұрысуға дайын тұрады. Әсіресе кешкісін, елдің бәрі шаршаған кезде мінез көрсететіні жанға батады. Олармен сөз таластырып, есесін жібермейтін жолаушылар да бар. Жалпы автобустарда кондуктор мен жолаушылардың салғыласып тұратынын жиі кездестіретін болдық. Қалада қоғамдық көліктің қызметін жақсарту үшін жергілікті әкімдік үйлесімді жұмыс атқарып келеді. Бірақ іс бір дегеннен біте қоймады. Екі жыл бұрын қоғамдық көлік қызметі электрондық жол жүру билетін ұсыну арқылы цифрлық жүйеге ауысты. Бұл тұрғыда «Tulparcard» электронды картасының пайдасы орасан. Ең әуелі қалта ұрлығынан сақтануға тиімді. Алайда мұның да өз машақаты бар болып шықты. Көптеген автобус жүргізушілері артқы есікті ашпай, жолаушылар бірін-бірі итеріп, жапа-тармағай алдыңғы есіктен кіреді. Кірген бетте «Тulparcard» терминалдары немесе телефон қосымшасы арқылы жолақы төлейді. Керекті аялдамасына жеткенде автобус тола адам болса да сол жолаушыларды басып өтіп, алдыңғы есіктен шығуы керек. Себебі кондуктор мен жүргізуші артқы есікті ашпайды. Өйткені автобус жүргізушілері жолаушыларға жолақы төлемей түсіп кететін қашқындар секілді қарайды. Мұндай бір келеңсіз жағдайға өзім де тап болғанмын. Жақында №16 автобустың кондукторымен сөзге келіп қала жаздағаным бар. Телефонымнан жолақы төленгендігін көрсетіп түссем де дүйім жұрттың көзінше кондуктор әйел: «Ей, қыз, бері кел. Дұрыстап көрсет билетіңді!» деп артымнан айқайлады. Назары маған ауған жұрттың алдында өзімді қылмыскердей сезіндім. Жолақы төленгенін дәлелдейтін билетімді қайтадан көрсеттім. Бірақ өзім де үнсіз қалмадым, негізсіз сөз естігенімді айтып құқығымды қорғадым. Біз қаладағы қоғамдық көлік пен ондағы тәртіп жайында толығырақ білу үшін Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Алтаевты әңгімеге тартқан едік. Ол да қоғамдық көлікте жиі орын алатын кемшілікті растады. – Қоғамдық көлікте жолаушы мен жүргізушінің мәдениетін көтеру – басты орында. Электрондық билет те мәдениетті көтеру бағытындағы игілікті іс болды. Қазір арнайы ревизиялық бақылау қызметінде 20 адам жұмыс істейді. Олар автобустарға мініп, тұрғындарды карта арқылы жолақы төлеуге және басқа да талаптарын сақтауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың міндеті – жолақы төлемейтін жолаушыларды анықтап, шара қабылдау, айыппұл салу. Қоғамдық көлікті қоғамдық орын деп қабылдау керек. Қаладағы автобустардың жайы, тұрғындардың мәдениеті бізге белгілі ғой. Көбіне жүргізушілердің емес, кондукторлардың мәдениетіне көңіл толмайды. Бірақ кондуктор жүргізушінің туысы не танысы болып шығады. Оны жүргізушілер өз жұмысын жеңілдету үшін қажетсінеді. Еңбекақысын да өздері төлейді. Енді электронды билет орнатылғалы төлемді бақылайтын жұмысшыларды көптеп тартып, кондукторларды азайту міндеті тұр. Негізінде көп жағдайда басы дауға қалатындар – «бір күндік» кондукторлар. Әрине, жүргізуші мен кондукторларға арналған арнайы оқу жоқ. Сол үшін де біз бұрын автопарктерде жиналыс өткізетінбіз. Кемшілік жасағандардың әрекетін сол кезде ашып айтатынбыз. Жүргізушіге тәртіп бұзғанына қарай тиісті жаза қолданылатын. Тіпті жұмыстан шығып калғандар да болды. Жалпы кез келген жүргізуші мен тұрғындардың қоғамдық көлікте жүру ережесі бар. Жүргізуші мен жұмыс беруші арасындағы келісімшартта барлық қағида жазылған. Соны біле тұра ереже бұзатындар бар. Бірақ электрондық жол жүру билетінен кейін шағымданушылар азайды, – дейді ол. Ғабит Серғазыұлы сөз еткен арнайы ревизиялық бақылау қызметіндегілер көбінесе №8 бағыттағы автобустарда жүреді. Бұл өзіміз күнделікті мінетін қоғамдық көлік бағыты болғандықтан ұтымды сәттердің бірін пайдаланып бақылау қызметіндегі бір қызметкерді әңгімеге тартқан едік. Әсел есімді келіншек жүргізуші мәдениетін айтып шу шығаратын жолаушылар тәртіпті алдымен өзінен бастаса деген пікірде. – Арнайы ревизиялық бақылау қызметінде жүргеніме екі жылдай болды. Екі жыл ішінде неше түрлі жолаушыны кездестірдік. Автобустарды аралап жолақы төлемегендерге арнайы жаза қолданылатыны жайлы ескерту айтылып-ақ жатыр. Сонда да жолақы төлеместен лып беріп түсіп кететіндер азаяр емес. Олардың ішінде оқушылар да, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Көптеген жолаушылар біздің жұмысымызды менсінбей, мазақ етеді, – дейді ол. Қаладағы тұрғындардың наразылығын тудырған қоғамдық көлікке қатысты тағы бір үлкен мәселе – автобус тапшылығы. Нақтырақ айтсақ, облыс орталығына 200-ден аса автобус жетіспейді. 400 мыңнан аса халқы бар шаһарда қоғамдық көлік тапшылығы өзекті мәселе болып тұр. Автобус тапшылығы әсіресе қала шетінен қатынайтындарға қиын. Жұмысына, үйіне асыққан қала шетіндегі тұрғындарды қоғамдық көліктің үнемі кестеден кешігуі әбден қажытқан. «Қыстыгүні аязда, жазда аптап ыстықта аялдамада сағаттап тұрып қиналамыз» дейді олар. «Үйдің жанында аялдама бар. №55 автобус 1 сағатта бір келеді. Көп тұрғынға керегі орталыққа қатынайтын осы көлік. Бұрын №37 автобус жиі жүріп тұратын. Не болғаны белгісіз, пандемия кезінде тоқтап қалды, одан кейін қайта жүрген жоқ. Қазір №55 автобусты күтіп отырғаныма 40 минут болды. Ол тағы аузы-мұрнынан шыға толып келеді. Автобустың санын көбейтіп, сапасына мән берсе жақсы болар еді», деді Тараздың «Шалғай қарасу» аумағының тұрғыны Бағжан Әбдукәрім. Ал жолаушы тасымалдаумен айналысатын компания басшыларының айтуынша, мәселе саладағы түрлі қиындық пен қаржы тапшылығынан туындап отыр. Сөздерінше, бұл қиыншылыққа бірер жыл бұрынғы пандемия да кері әсерін тигізген. Бірнеше ай автопарктердің жұмысы тұралап қалғанда қаржыдан қысылғандар жеке автобустарын сатып жіберіпті. Салдарынан қаладағы қоғамдық көліктің тапшылығы бірден сезілген. – Қалада 450 автобус жүрген. Пандемия кезінде олар 3-4 ай тоқтап қалды. Кей әріптестер ескірген көлікті жалға алған. Жалға берген көлік иесі сатып жіберді. Қазір 340 автобус бар, – деді «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ның директоры Рашид Пірманов. Ресми мәлімет бойынша, шаһарда қалаішілік жолаушылар тасымалымен 9 компания айналысады. Олардың иелігіндегі 340 автобус күнделікті 34 бағытта қызмет атқарады екен. Дегенмен олардың барлығының дерлік сапасы сын көтере бермейді. Жыл басында қалалық қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфрақұрылымды және коммуналдық салаларды дамыту жөніндегі комиссиясы осы мәселе бойынша арнайы мониторинг жүргізген. Соның нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталған. Аталған комиссия төрағасы Рахманқұл Байтелиевтің айтуынша, жолаушылар тасымалымен айналысатын жалпы саны 340 автобустың 279-ы жекеменшік, ал қалғаны жалға алған көліктер. – Олардың техникалық жағдайына келер болсақ, 84-інің немесе 25 пайызының пайдалану мерзімі 7 жылдан, кейбірінікі 10 жылдан асып, әбден тозығы жеткен. Мәселен, тапсырыс беруші мен тасымалдаушы арасындағы келісімшартта және конкурстық құжаттарда автопарктер жаңа автобустармен толығып тұруы керектігі міндеттелген. Бірақ бұған серіктестіктер немқұрайды қарап отыр. Айталық, нарықта жүрген «Саяхат-99», «ДамРус», «Тараз ПассТранс», «ArsenTransCompany» компаниялары соңғы 7-10 жылдың көлемінде бірде-бір автобусын жаңартпаған. Тіпті олардың жеке өндірістік-техникалық базасы да жоқ болғандықтан келісімшарт арқылы өзге кәсіпорындардың тұрағын паналауға мәжбүр. Қаладағы қоғамдық көліктің маршруттық жүйесі бүгінгі күннің талабы мен жолаушылар сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Әрине, қазір қоғамдық көліктердің бағыты өзгеріп, аялдамалары көбейді. Соған қарамастан, автобус қатынамайтын елді мекендердің саны да өсіп келеді. Енді бірінің жүру кестесі жолаушыларға қолайсыз болғандықтан жолаушылардың көлікті аялдамаларда ұзақ күтуіне тура келеді, – дейді Рахманқұл Тұрсынқұлұлы. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков те қоғамдық көліктердің қызметінде кемшіліктің бар екенін үнемі жасырмай айтып келеді. Шаһар басшысы қалалық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында осы мәселе төңірегінде сөз қозғаған болатын. – Кемшіліктердің бар екенін жоққа шығармаймыз. Әсіресе автобус тапшылығы тұрғындарды алаңдатып отыр. Қазіргі таңда облыс орталығына 210 автобус керек. Оған бюджеттен 8 миллиард теңге қаржы қажет. Ал бұл қазынаға едәуір салмақ түсіреді. Сондықтан біз бұл мәселені шешу үшін 3 жылға жоспар жасадық. Осы уақыт аралығында шаһарға 210 қоғамдық көлік сатып алуды көздеп отырмыз. Енді қалаға келетін жаңа автобустар орташа сыйымдылықты болмақ. Содан соң шаһардың экологиялық жағдайын ескере отырып, енді келетін автобустардың барлыгы газбен жүретін болады. Ол үшін газ құю стансасы салынып жатыр. Оның құрылысы наурыз айында толығымен аяқталады деп күтілуде. Станса тәулігіне газбен жүретін 250 автобусты қамтамасыз етеді. Газ бағасын білесіздер, сондықтан бұл келешекте тарифке де әсер етіп, жол жүру бағасы төмендеуі мүмкін, – деп еді қала әкімі. Қалай дегенде де қоғамдық көліктердің қызметіне көңіл толмай тұрғаны шындық. Ұсынылар қызмет сапалы болса, ағайын да алғысын жаудырар еді. Сонымен қатар мұның туристер тартуға да тигізер септігі мол.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ