«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ» ЖОЛЫ ҰЯЛТЫП ТҰР
«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ» ЖОЛЫ ҰЯЛТЫП ТҰР
«Жол неге жөнделмейді?» деген сауалға айтылар жауапты тұрғындар әбден жаттап алған. Тиісті мекеме мамандары ықшамауданның құрылысы толық аяқталмайынша жолдың жайы шешілмейтінін алға тартады. Ал құрылыс жұмыстарының жуық арада аяқталар сыңайы байқалмайды. Дәл қазіргідей қарқынмен жолдың жыры әлі бірер жылға созылатынын байқаған жұрттың қырқына шыдап, қырық біріне төзе-төзе сабыры таусыла бастады. Биыл көктем жауын-шашынды болған соң ба, әлеуметтік желіде ықшамаудан тұрғындарын толғандырған мәселелер бұрынғыдан да жиі қозғалды. Шынтуайтында, көптің сынына ұшырап келе жатқан жаңа 15-ықшамаудандағы жолдың жайы түйткілді мәселенің негізгісі болатын жөні бар. Мәселен, қыс пен көктемде көлшік басып, ой-шұқыры көбейген ауданға таксилер келгісі келмейді. Апарып салуға келіскендерінің өзі едәуір қаржы сұрайды. Шоқалаң қаққан қоғамдық көлікке мінгендердің әлгі автобустар тасбақадай жылжып, тегіс жолға шыққанша төзімі таусылып, ығыры шығады. Сондықтан қаланың орталығында жұмыс істейтіндер жайсыз жолдың кесірінен жұмысқа кешігіп барып жатады. Осылайша жаңа ықшамаудандағы жолдың жағдайы халықты әбден ашындырып, төзімін тауысты. Тіпті жаңа ауданның болашағынан үмітті жандар қазір 15-тен пәтер алып, жаппай көшіп алғанына өкініп жүр. Ашығын айтсақ, күрделі мәселеге айналған жолдың жайын айта-айта, жаза-жаза жалыға бастадық. Жуырда №36 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісімен тілдесіп қалдым. Жүргізуші де жолдың жағдайы жүйкені жұқартатынын ашынып айтып берді. «15-ықшамауданға кіргіміз келмейді. Күніне 6-7 мәрте жаман жолмен жүріп, көлігіміз әбден қирап бітетін болды», деген жүргізуші жұмысын тастап, безіп кеткісі келіп әзер жүргенін, 1-1,5 минутта жүріп өтетін жерге шайқалып, тербеліп 5-6 минут уақытын жоғалтатынын жеткізді. Жалпы №36 автобус 15-ықшамауданның ішіне дейін кірмесе де бір қапталы арқылы жүріп, кері қайтады. Төзімді тауысар жол ықшамауданға бұрылған жерден басталады. Сондағы жолдың ұзындығы 500-600 метр ғана. Осы аралықтан автобус емес, велосипедпен де жүрудің өзі қиын. Қайбір жылы ықшамауданның бір жақ қапталына асфальт төселіп, Пушкин көшесіне қосқан. Бірақ №36 маршруттың жолы жөнделмей қалған. Бар болғаны 500-600 метрдей ғана жолға уақытша асфальт салуды артық шығын көрген секілді қала әкімдігі. Осы жерге дейін жүйткіп келген көліктер осы тұсқа келгенде кібіртіктеп, шайқалып әзер жүріп өтеді. 15-ықшамауданға 2020 жылы көшіп келген, өзін Қайырбек деп таныстырған ақсақал да тұрғын үйлердің сапасының нашарлығына, аулалардың тарлығына жол мәселесі қосылып, әкімдіктен жалтарма жауапты ести-ести жалыққанын айтып берді. «Жауаптылар бұл жолға асфальт төсегенімен құрылыс компанияларының ауыр жүк көліктері талқандап кететінін айтады. Бірақ қазір осы маңнан жүк көліктері өтпейді. Олар Ы.Сүлейменов көшесі арқылы қатынап жатыр. Сондықтан ең болмаса жолды тегістеп берулеріне болады ғой», дейді ақсақал. Жұртшылық жаңа ықшамауданға тезірек жол салынғанын қалайды. Ал жауаптылардың сөзіне сүйенсек, тұрғындарды ашындырған мәнді мәселенің шешімін табатын күн алыс емес. Лайым солай болғай! Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқараның базынасына бейжай қарамайды деп ойлаймыз.
Қыдырәлі МАХАЖАНҰЛЫ, 15-ықшамаудан тұрғыны, Тараз қаласы