Жамбыл жаңалықтары

Бақ дарыған Байзақ ауданы

Бақ дарыған Байзақ ауданы

Байзақ ауданының өңір экономикасын өркендетуде қосып жатқан үлесі зор. Ауданның осы жолда жүріп өткен жолы жарқын, көтерген жүгі салмақты, алға қойған мақсаты айқын. Бақытын Байзақ жерінен тапқан мұндағы халық ерліктің еңбекпен, берекенің бірлікпен, жасампаздықтың жарқын істермен келетінін жақсы біледі. Мұндағы тұрғындар негізінен нәпақасын ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік саласы арқылы тауып жүр.

Өткен жылы аудан бойынша өнеркәсіп саласында кәсіпорындар арқылы 7 миллиард 233,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты идикаторлық көрсеткіш 100,1 пайызды құрапты. Ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 64 миллиард 724,9 миллион теңгеге жеткен. Бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі – 102,1 пайыз. Жылдық жоспар – 55 миллиард 617 миллион 600 мың теңге. Ауылшаруашылығындағы негізгі капиталға көлемі 8 миллиард 350,2 миллион теңге болатын инвестиция салынған. Байзақ ауданы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны – 9 486. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 8 279 кәсіпкерлік нысан. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы- 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2621,4 миллион теңгеге 243 жоба қаржыландырылыпты. Аудан бойынша 43 елді мекеннің барлығына газ тартылса, 30 елді мекен ауызсумен қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ұсынылған жобалардан аудан бойынша барлығы 2 миллиард 113,7 миллион теңгеге 20 жоба жүзеге асырылған. Тарқата айтқанда, білім нысандарының жанама құрылысына және газдандыру бойынша 3 жоба, денсаулық сақтау саласы нысандарының құрылысы және күрделі жөндеу жүргізуде 4, мәдениет саласы нысандары құрылысына және күрделі жөндеуге 2, жолдарды жөндеу мақсатында 11 жоба іске асқан. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» қатысушылар санының жоспары 4 579 адам болса, бұл бойынша меже асыра орындалып, барлығы 8 936 адам тартылған. Мемлекеттік, салалық, өңірлерді дамыту бағдарламаларына тұрғындарды қатыстыру жоспары 427 адам болса, орындалуы – 100 пайыз. Аудан бойынша 20 ауылдық клуб, бір-бір мәдениет үйі, аудандық орталық және аудандық балалар кітапханасы мен 23 ауылдық кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі мен 2 «халықтық» атағы бар халық театры ұжымы тұрғындарға мәдени қызмет көрсетіп келеді екен. 282 спорт нысаны бар болса, өткен жылы халықтың 40,1 пайызы денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысқан.

Межені орындау міндет

Халқы еңбекқор ауданда жұртшылықты жұмыспен қамту, экономиканың драйвері саналатын негізгі салаларға инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту секілді маңызды мәселелер баса назарға алынған. Төскейде төрт түлігін түлетіп, шаруасын шалқытқан, егістігін жайқалтып, ел ырысын еселей түскен байзақтықтардың әлі талай биікті бағындыратынына сенім мол. Мұны аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың да сөзінен аңғаруға болады. – Бұған дейін облысымызды дамытудың кешенді жоспары қабылданып, онда аудандарда атқарылуы тиіс іс-шаралар белгіленген болатын. Осыған сай жоспарды жүзеге асыру бойынша ауданда бірқатар шаруалар атқарылды. Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес Байзақ ауданы бойынша осы жылы барлығы 130 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде 59-ы бюджеттік, 21-і ауылшаруашылығы, 50-і өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласына қатысты. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 2023 жылға жалпы құны 3 миллиард 389 миллион теңгені құрайтын 50 жоба жоспарланып отыр. Оның 4 жобасы 95 пайызға іске асырылуда. Мәселен, темір бетон бұйымдарды жасау, гофра-картоннан қаптама жасау, жекеменшік есебінен түйіршіктелген құрама жем, құс етін өңдейтін фабрика іспетті төрт жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Қалған жобалар осы жылдың аяғына дейін орындалады. Тарқата айтсақ, Ботамойнақ ауылдық округіндегі «ҚазГазБлок» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 100 миллион теңгелік бір жоба арқылы 16 жұмыс орнын, «Бозгулов» жеке кәсіпкерлігі 50 миллион теңге қаржыға құрылыс дүкенін ашып, 10 адамды, «Смайлов Ж» жеке кәсіпкерлігі 80 миллион теңге қаражат шығарып, демалыс орнын іске қосу арқылы 10 азаматты жұмыспен қамтымақ. Сол секілді Бурыл ауылдық округіндегі «Ергешов С.» жеке кәсіпкерлігі газоблок өңдейтін нысан салып, 5 жұмыс орнын, Қызыл жұлдыз ауылдық округіндегі «Тлебаев», «Садыбеков», «Рустем Е.», Үлгілі ауылдық округіндегі «Болат», «Сарманов Ж.» және Суханбаев ауылдық округіндегі «ГеоСтройСервис кз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің алды 5, арты 30 жұмыс орнын құрмақшы. Сондай жобалардың елеулі дегеніне тағы бір тоқталып өтсем, Қостөбе ауылдық округіндегі «Ақниет» шаруа қожалығы концерві өңдеу нысаны үшін 30 миллион теңге жұмсауды көздеп отыр, Көктал ауылдық округіндегі «Акшабаев» жеке кәсіпкерлігі 23 миллион теңгеге құмблок шығаратын цех, 150 миллион теңгеге «Koktal smart school» ЖШС шағын мектеп нысанын салмақшы. Осы тектес Мырзатай, Темірбек ауылдық округі секілді басқа да ауылдық округтердегі әр елді мекенде іскер азаматтар көлік жөндеу орталығын, көлік жуу, шаштараз, сұлулық салонын ашып, күнбағыс майын шығаратын, қағаз өңдейтін цехті іске қосу есебінен тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Сөз басында атап өткеніміздей, барлығы елу жобаның ішінде қалған 46 жобаны жүзеге асыру арқылы ауылдық іскер азаматтардың арқасында жұмыспен қамтудың өңірлік картасына сәйкес 422 адам еңбекпен қамтылатын болды, – дейді Бақыт Алпысбайұлы. Ауылшаруашылық саласында биылға жалпы құны 2 миллиард 30 миллион теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Аталған жұмыстардың аясында 125 адамға жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде 95 адам тұрақты, 30 адам уақытша жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бюджеттік жобалар бойынша осы жылға жалпы құны 5 миллиард 389 миллион теңгені құрайтын 59 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде білім саласындағы 2 жобаға 2777,7 миллион теңге жұмсалмақ. Спорт саласы мен жылу энергиясы бағытында бір-бір жоба, «Бизнестің жол картасы» бойынша 39 миллион теңгеге 2 жоба, жолдарды жөндеу бойынша 51 жобаға 1 536 миллион теңге қаралып, бұл бойынша 39 азаматты жұмыспен қамту көзделіпті. Аталған жұмыстардың нәтижесінде жұмыспен қамтудың өңірлік картасына сәйкес барлығы 54 адамды жұмыспен қамту көзделген. Өткен жылы ауданға инвестиция тарту жоспары 24 миллиард 200 миллион теңгені құраса, нақты қаржы көлемі 30 миллиард 503 миллион 600 мың теңгеге жеткен. – Осы жылы жоғарыда аталған жобалардың нәтижесінде инвестиция көлемі 10808,3 миллион теңгені құрады. Бұдан бөлек ауылшаруашылық техникаларын, негізгі құралдарды сатып алу арқылы ауылшаруашылық саласына тартылатын инвестиция көлемі 12 миллиард 645 миллион теңге, тұрғын үй құрылысына тартылатын инвестиция көлемі 2 миллиард 520 миллион теңге, бюджеттік жобалар бойынша инвестиция көлемі 2 миллиард 13 миллион теңге болып отыр. Бюджеттік жобалар қатарында мәдени нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу секілді жұмыстар бар. Биылға барлығы 27 миллиард 986 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осы жылдың қорытындысымен нақты индекс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 87,7 пайызды құрайды деп күтілуде. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы ауылдық елді мекендердің әлеуетін анықтау критерийлерін бекіту әдістемесіне сәйкес ауданда даму әлеуеті жоғары 39 ауылдық елді мекен іріктелді. Онда ауылдық елді мекен халқының 97,4 пайызы (106,9 мың адам) тұрады. Оның жетеуі тіректі, 32-сі спутниктік, қалған төртеуінің даму әлеуеті орташа немесе төмен. Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ұсынылған жобалардан Байзақ ауданы (Сарыкемер, Түймекент тіректі, Жетібай, Үлгілі, спутниктік ауылдары) бойынша барлығы 777,1 миллион теңгеге 35 жоба қолдау тапты. Оның ішінде спорт саласы нысандарының құрылысын жөндеуге 1 жоба, ұзындығы 35 шақырымнан асатын жолдарды орташа жөндеуге 34 жоба енгізілді, – дейді Б.Қазанбасов.

Табыс тайқазанын тасытып отыр

Былтыр аудан бойынша барлығы 15396,8 миллион теңгеге 87 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланыпты. Оның ішінде 60-ы бюджеттік, 8-і ауылшаруашылығы, 19-ы өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында. Өткен жылы ауданда 13,3 миллиард теңгеге 29 құрылыс, 2 қазандықты қайта жаңғырту, 2 күрделі және 16 жолды орта жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Атап айтқанда, білім саласында 1 259 миллион теңгеге 4 мектеп, денсаулық сақтау саласында 5 053 миллион теңгеге 1 емхана, 3 амбулатория құрылысы мен 1 медициналық пунктті күрделі жөндеу, мәдениет саласында 227 миллион теңгеге 1 мәдениет үйі құрылысы мен 1 күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Мемлекеттік органдарды дамыту бойынша 25,3 миллион теңгеге 1 полиция пункті құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 5 жобаға 2 285 миллион теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Елді мекендерді ауызсумен қамтуда 2 835 миллион теңгеге 10 жоба, тұрғындарды газбен қамту бойынша 296 миллион теңгеге 2 жоба, жылумен қамтуда 108 миллион теңгеге 2 жоба жүзеге асқан. Жолдарды орта жөндеу бойынша 16 жоба 1 176 миллион теңгеге жүзеге асырылған. Бюджеттік жобалардың нәтижесінде 375 адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде уақытша жұмыспен 235 адам қамтылып, 140 байзақтық тұрақты жұмысқа орналасқан. Мәселен, Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Агрохолдинг Аспан» ауылшаруашылық кооперативі қазіргі таңда жаңбырлатып суғару бойынша суару қондырғысын орнату үшін егіс алқабын дайындап жатыр. Жобаның құны 500 миллион теңгені құрап, 10 адам жұмыспен қамтылыпты. Түймекент ауылдық округіндегі «Жаңабай» ауылшаруашылық кооперативі де тамшылатып суғару қондырғысын орнатып, егіс алқабын суландыру үшін былтыр қүрылғыны толығымен пайдаланған. Соның арқасында егіс алқабынан 1 500 тонна өнім жиналды. Жалпы жоба құны 200 миллион теңге болып, 5 адам жұмыспен қамтылған. Көктал ауылдық округіндегі «Надежда» жеке кәсіпкерлігі бал шаруашылығын жүргізу үшін 7 миллион теңге несие алып, өз жұмысын бастаған. Үлгілі ауылдық округінде «Мақсатбек» жеке кәсіпкерлігі жылыжай құрылысын салу үшін 4,7 миллион теңге несие алып, 1 миллион теңге өз қаражатын қосып, жоба іске асырылды. Соның есебінен 2 азаматқа жұмыс орны ашылған. Осы ауылда «Ғалымжан» жеке кәсіпкерлігі шағын құс фермасын салса, «Ақерке» жеке кәсіпкерлігі құс өсіру үшін 3,4 миллион теңге несие алыпты. Бурыл ауылдық округіндегі «Grang Foods Premium» агроөндірістік кешені былтыр жоспарланып, сыйымдылығы 1000 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын іске қосқан. Қыстай 4000 тонна пияз, 350 тонна сәбіз және 650 тонна картоп өнімі сақталған. Жобалық құны 260 миллион теңгені құрап, 9 адам жұмыспен қамтылды. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 641,6 миллион теңгеге 19 жоба аясында 146 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 290,8 миллион теңгеге 17 жоба жүзеге асып, 96 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде жұмыспен қамтудың өңірлік картасына сәйкес 452 адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде тұрақтысы 210, қалғаны уақытша жұмыс орны.

Бабы келсе балықтан да пайда көп

Былтыр ауылшаруашылық саласында 1 миллиард 12 миллион теңгені құрайтын 8 жоба бойынша 34 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, 1 миллиард 17 миллион теңгеге 8 жоба жүзеге асыпты. Нәтижесінде 46 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жобаның ішінде іліп аларының бірі – Сарыкемер ауылдық округіндегі «Арслан» жеке кәсіпкерлігінің балық шаруашылығы. Аталған кәсіпкерлік өкілі Жаннат Шайділдаева балық өсіру ісі оңай емес екенін айтады. – Балық шаруашылығымен айналысуды өткен жылы күзде қолға алдық. Негізінен біз «Арслан» жеке кәсіпкерлігі жерінің 3 гектар аумағын пайдаланып отырмыз. Сол себепті жобаны дер кезінде жүзеге асыру үшін барлық құжат осы жеке кәсіпкерлік атынан жүргізілуде. Алдағы уақытта шаруашылықты өз атымызға, жеке кәсіпкерліктен шаруа қожалық ретінде заңдастырмақшымыз. Күз мезгіліне дейін 1,4 гектар аумақта 5 бассейн қазып, су толтырып, оның үшеуіне 80 мың дана тұқы, сазан, амур балығының шабақтарын жібердік. Екеуіне шабақтарды жақын күнде саламыз. Бұдан басқа тағы да 2 үлкен бассейннің қазу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы балық жіберу жұмыстарына 35 миллион теңге қаржы жұмсалды. Жалпы тұқы, сазан секілді балықтарды уылдырық немесе шабақ арқылы өсіру айтарлықтай уақыт жұмсауды қажет етеді. Мәселен, біз шабақты былтыр күзде тоғанға салсақ, олардан өнімді кемі бір жылдан кейін көреміз. Сонымен қатар бұл балықтар уылдырықты кеш шашады және жылуды жақсы көреді. Сол үшін тоғандардағы жылу температурасын реттеу, судың тұрақты деңгейін ұстап тұру, оларды уақытылы азықтандыру, тоғанды қажетсіз қалдықтардан тазарту өте маңызды мәселе. Біздің шаруашылық тауарлық балық өндіру бағытында болғандықтан алдағы уақытта «Тірі балық» деген атпен арнайы тоған жасап, сатылымды сол жерде жүргізбекшіміз. Шабақтар тауарлы балыққа айналғанда ауланып, бір шеті шыныдан жамалған тоғанға жіберіледі. Содан соң тұтынушылар өзі таңдаған балығына көзбе-көз тапсырыс беріп, сатып алады, – дейді Жаннат Орынбасарқызы. Жаннат Шайділдаева жобаны балық өсірудің жай-күйін білетін, қалтасында қаржысы бар тараздық тағы екі азаматпен бірлесіп жүзеге асырып жатқанын сөз етті. Осы жоба үшін үшеуі бірігіп, ортақ қаржы жұмсапты. Қазіргі таңда мұнда балық шаруашылығына қатысты ихтиолог секілді өзге мамандарды қосқанда барлығы 6 адам жұмыспен қамтылған екен. Істі жаңадан қолға алғандықтан әзірге жұмысшыларға айына 70-80 мың теңге еңбекақы төленіп жатқан көрінеді. Балық шаруашылығымен тікелей айналысатын бір маман жақында Алматы қаласында бір апта білімін жетілдіріп келіпті. – Балықтардың жемі және басқа да қажеттілік үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алуымызға тура келді. Алайда оның жолын әзірге таба алмадық. Мысалы, ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры секілді бірнеше қаржы ұйымдарын жағаладық. Ол мекемелер арқылы бізге 2,5 пайызбен несие берілмейді екен. Бір ғана мүмкіндік бар. Ол 22 пайызбен несие алсақ, оның 6 пайызын өзіміз төлейміз. Қалған 16 пайызды мемлекет субсидиялап береді. Бірақ бұл біз үшін ауырлау болып тұр. Сондықтан аудан және облыстағы сала басшылары жеңілдетілген несие алуымызға ықпал етсе деген тілегім бар, – дейді Ж.Шайділдаева. Аталған шаруашылық шабақтарды Түркістан облысының «Шардара» суқоймасынан және өзіміздің Жамбыл ауданындағы «Алтын балық» шаруа қожалығынан алыпты. Жемді де осы кезге дейін «Алтын балықтан» алып отырған. Енді жемді өзге шаруашылықтармен бірігіп Түркістан облысынан алдыру жоспарланыпты. Сол кезде баға арзанға түсетін көрінеді. Істері алға басып жатса, шаруашылық алдымен тірі балықтан тағам түрлерін дайындайтын асхана салмақшы. Одан кейін әлеуетіне қарай балықтан кильки, шпрот, паштет секілді консервіленген өнім шығаратын цех ашу да жоспарда бар екен.

Жастардың көзінде от, бойында жігер бар

Байзақ ауданында 105 мың 534 тұрғын бар болса, оның 32 мың 792-сі, яғни аудан халқының 31,1 пайызы жастар. Мұндағы жасы 18 бен 35 аралығындағы азаматтардың бірі білім-ғылым жолында жүрсе, тағы бірі мемлекеттік қызметкер немесе еңбек адамы не спортшы, ал енді бірі кәсіпкер. Әрқайсысы өз қал-қадірінше Алла шашқан ырзықты теріп жүргендер. Соңғы уақытта өз шаруасын дөңгелентіп қана қоймай, қоғам өміріне араласа бастағандары да бар. Соның бірі – Ерлан Рыскелдіұлы. Ол негізінен аудандағы белді кәсіпкердің бірі. 32 жастағы азамат бұрын мал өсірумен айналысса, шаруашылық бағытын қосымша егіншаруашылығына осыдан үш жыл бұрын бұрғанын айтады. Малшаруашылығымен айналысу барысында түйе, сиыр, уақ мал ұстап табысын еселеп отырған оның 70 жылқыға арналған мал бордақылау алаңы бар екен. Мойынқұмның жиегіндегі қыстауында 4,5 гектар жайылымы, орталықта 200 гектар суармалы жері бар. Егіс алқабының 50 гектары жоңышқа болса, 14 гектарға картоп егіпті. Қазір 20 гектарға пияз себуде. 10 гектарға қарбыз, 40 гектарға қант қызылшасын егуді жоспарлаған. Техникалық дақылдың осы түрін биыл жаңадан екпекші. Облыста қант қызылшасының көлемін арттыру межесіне «Ерлан» шаруа қожалығы өзіндік үлесін осылай қоспақ. Сол секілді басқа да дәндік және бақша дақылдарын отырғызу көктемгі дала жұмыстары барысында кезегімен атқарылмақшы. Ол биыл Байзақ ауданының мәслихатына депутат болып жаңадан сайланыпты. Мақсаты – «Әділетті Қазақстанды» құруда қоғамға өзінің септігін тигізу. – Мен кәсіпкер бола жүріп, осы саланың қыр-сырын, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие, лизингкке техника алуда мол тәжірибе жинадым. Одан бөлек кезінде әкімшілік кедергілердің де кездесетінін бастан өткердік. Депутаттыққа «AMANAT» партиясының атынан түстім. Мақсатым – «Әділетті Қазақстан» құру жолында аянбай еңбек ету, ауыл жастарына қолдау көрсету, ел ішіндегі жұмыссыздық санын азайту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік» деген ұтымды сөзі бар. «Әділетті Қазақстанды» құруда, елімізді өркендетуде жалғыз жүріп мәселе шешу мүмкін емес. Сол үшін мен халықтың сеніміне ие болып, қолдау тапсам, жастар мәселесін, оның ішінде жұмыссыздықты жоюға атсалысуға белді бекем будым. Бұрыннан халық арасында жұмыссыз жастар баршылық екенін іштей сезетінмін. Сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу барысында ауыл жастарының кейбірінің мемлекет тарапынан көрсетілер қолдаудан, бағдарламалардан хабарсыз екеніне тағы да көзім жете түсті. Оларға жәрдемдесуде, әділетті қоғам құруда «AMANAT» партиясының сапында жүріп үлесімді қосуды алдыма мақсат етіп қойдым. Енді тек ел артқан сенімді ақтау үшін тер төге білуім керек, – дейді Е.Рыскелдіұлы. Бүгінде ол «Ерлан» жеке кәсіпкерлігі арқылы 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың ішінде механизатордың да, малшының да айлықақысы 200 мың теңгеден кем емес. Асылында, қазақ «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді. Өйткені жастардың санасы жаңа идеяларға тұнып тұратыны белгілі. Олар ақылдың, қажыр-қайраттың қайнар көзі, қоғамның қозғаушы күші. Өзінің бас пайдасы үшін әлеуметтік игілікті көздемей, мемлекет, қоғам үшін, халықтың жақсы да жайлы өмір сүруі жолында еңбек ететін жастар арқылы ғана «Әділетті Қазақстан» қалыптасатыны анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ