Руханият

ЖАНАТТЫҢ ЖАҒА ҰСТАТҚАН ЖАЗБАЛАРЫ

ЖАНАТТЫҢ ЖАҒА ҰСТАТҚАН ЖАЗБАЛАРЫ

«Жанат Бақыт» сән үйінің иесі, кәсіпкер Жанат Бақыттың «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі жазбалары қоғамды дүр сілкіндіргеніне де біршама уақыт болды. Қазіргі таңда күн сайын елді елең еткізген оның әр жазбасы аталған әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр. Әсіресе тележурналистің «Алланы босатыңдар, оны олай атамаңдар. Жаратушы деңіздер. Алланың өз миссиясы бітті» дегені жұрттың жағасын ұстатты. Осыған байланысты халықтың да пікірі екіге жарылып отыр. Бірі жаңа ілім түрі регрессологияны үйреніп жүрген Жанатты жақтаса, екінші топ «молдаға оқытыл», «халықты адастырма» деген секілді пікір жазып, оның сәуегейлік танытуын айыптауда.

Кейінгі кезде өмірде түрлі қиындыққа кезігіп, мәселенің шешімін таппай жүргендер, дертіне шипа іздегендер регрессолог мамандар көмегіне жиі жүгінетін болған. Мұндай мамандар адамға қалай көмектеседі? Аз-кем соған тоқталайық. Регрессология қандай ілім? Бұл ілімнің тамыры – реинкарнация. Реинкарнация – рухтың бір денеден екінші денеге көшуі. Регрессология, реинкарнация теориясы бойынша рух мәңгі. Ол рухтар әлемінде болады. Жан рухтан тарайды, яғни оның бөлшектері. Рух бір болса, жан өте көп болуы мүмкін. Регрессологтар бүгінде қарапайым халықты терапиядан өткізуде. Оған кез келгеніміз баруымыз мүмкін. Яғни «Өткен өміріңде кім болдың?», «Бүгінгі өмір сүруіңдегі мән не?», «Кімсің, не үшін келдің өмірге?». Пенде біткен осы сұрақтарға жауап алады. Регрессология терапиясынан өту құны 10 мың мен 15 мың теңгеден басталады екен. Жанат Бақыттың «Instagram» парақшасында 2 миллионнан астам, «Facebook» парақшасында 1,5 миллион адам отырады, қадағалайды. Одан бөлек «Жан жиһаны» парақшасына 36 мыңдай адам жазылған. Әлеуметтік желіде берген сұхбаттарға қарасақ, ол жаға ұстатар ақпаратты рухтар әлемімен байланыс орнату арқылы алған. Қателеспесек, Жанат – «регрессология» деген ілімді тізгіндеген тұңғыш қазақ қызы. Журналист «Әлихан Бөкейханов Кенесарының басын тығып қойды» деген «пайғамбарлық» кейіпте долбар жасап отыр. «Жаңа дәуірде адамдар ғарышпен байланысуды еркін меңгеріп, періштелерімен, өзгеғаламшарлықтармен тілдесе алатын болады», дейді ол. Осы тектес періштелерге қатысты әңгімесін желіде ұдайы жария етіп отырады. Оның бұл әрекетінен жақындары шошып, «сені жын сөйлетіп жүр ме?» деп айыптайтын көрінеді. Реинкарнация дегеніміз араб тілінде «танасух» деп аталады. Жанның бір денеден екінші денеге көшуі исламда жоқ. «Әһлі сүннет уәл жамағат» ғалымдары реинкарнацияның ислам негіздеріне қарама-қарсы екенін бірауыздан мақұлдаған. Біріншіден, мұсылман ақырет күніне сенеді, яғни адам өлген соң «есеп беру үшін» қайта тіріледі деп есептеледі. Мәселен, қасиетті Құран Кәрімнің «Зілзәлә» сүресінің 6-8-аятында: «Сол күні адам баласы топ-тобымен өз амалдары көрсетілу үшін шығады», делінген. Ислам дініндегі наным бойынша адамның жаны өзінің бұл дүниедегі денесіне қайта кіреді. Сөйтіп, жасаған амалына сәйкес сауабын немесе жазасын алады. Ал реинкарнация бойынша жан бірнеше денеге, пішінге кіруі керек. Олар адам, жануар, жәндік, өсімдік те болуы мүмкін. Сөйтіп, өзі тазарғанша дене мен пішіндерге ауысып жүреді. Мысалы, бір өмірде адам болып өмір сүрсе, келесі өмірде жасаған күнәсі үшін мақұлық, тауық, тышқан немесе ит, тас, өсімдік денесіне кіреді. Осылай өзінің рухы күнәлардан тазарған уақытқа дейін денеден-денеге немесе пішіннен-пішінге көшіп жүреді. Ислам догмасына сәйкес бір жан бір денеге, яғни өзінің тәніне ғана тиесілі. Қиямет күні адамдардың бұл дүниеде жасаған күнәсі мен сауабы өлшенетін «Мизан таразысында» әркім тек өзі үшін ғана жауапты. Аталған аяттарда «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді», «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан» деп Алла Тағала бұл өмірді пендесін сынау үшін жібергені айтылған. Мұның сыйы мен жазасын ақыретке қалдырған, ол есеп-қисап алынған соң беріледі. Ал реинкарнация бойынша адам рухының мәңгі бақытқа кенелетін ең биік дәрежесі «Нирванаға» жету, яғни азаттық алу үшін ол денеден-денеге ауысып, азапты осы өмірде тартады. Бұған қоса исламда Алланың қалауымен кешірілмейтін күнә жоқ. Ол үшін пенденің реинкарнациядағы сияқты азап тартуы шарт емес. Алла Тағала қалағанын мейіріміне алады, қалағанын азапқа салады. Жалпы реинкарнация сенімі ислам негіздерімен толық қарама-қарсы. Сол себепті сөзімізді ұзатпай, былай түйіндесек болады. Исламда адам өлгеннен кейін жаны көшіп жүрмейді, оның баратын мекені бар, ол – барзақ әлемі. Ал барзақ әлемі адамның қабірге қойылуымен басталады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қабір – ақыреттегі алғашқы мекен», деп айтқан. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлына хабарластық. Ол кісі Жанат Бақыттың айтып жүргендеріне байланысты пәтуа шыққандығын жеткізді. Жанат Бақыттың жалған сөзіне қатысты мүфтият мәлімдемесін жіберді. Онда ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат Оңғар халықты ораза айымен құттықтап, журналист Жанат Бақыттың Алла Тағала туралы айтқан ауыр сөздерінің дұрыс емес екенін, шариғатта Алла атынан сөйлеу өте ауыр күнә екенін жеткізіпті. Тоқетері сол, мұсылман баласының ислам негіздерінде мүлдем жоқ реинкарнация сияқты сенімге илануы немесе оны мақұлдауы қисынсыз әрі дінге қайшы. Заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Қазыбек Дәуітәлі оны «психикалық дертке ұшыраған» деп отыр. «Жан жақтан жүндеп, келемеждеп, күлгенше, емделіп кетуіне көмек берейік» деп әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Бауырының қазасынан соң күйзеліске ұшыраған Жанат Бақыттың Хадиша анамызға ұқсайтындығын айтып өтті. Ол өз сөзінде: «Белгілі журналист, осы күні сәндік сауда үйінің иесі Жанат Бақыт та өзін Пайғамбардың әйелі Хадишаның рухымын деп таныстырады екен. Хадишаны бекер таңдап тұрған жоқ, ол әйел де саудагер болғанын жақсы білесіздер. Басқа да ортақ ұқсас белгілері бар екеніне күмәнім жоқ. Айтайын дегенім – Хадиша образынан жақсы тұсты тауып алып, сол арқылы ынталандыру, ресоциализация жүргізу керек деп ойлаймын. Қарсы шығып, сенбеу адамды одан ары ауру етеді. Дұрыс, кәсіби психоаналитикамен, соның ішінде юнгтік талдау жасай алатын маман болса, жазылып кететін жан дерті. Кейбір пікір қалдырушылардың айтуына қарағанда, пандемия кезінде бауыры қайтыс болған. Ал көпшілік оны әжуалап отыр. Молдалар жағы кешегі өткен сайлаудағы заңсыздықтар туралы жақ ашқан емес. Бірақ көріп қойғаны осы – үндері жарқын-жарқын шығуда. Әлсізді жүндеуге келгенде шебер һәм сексист қоғамбыз ғой. Оны қанша жасырсақ та әлдіге жалпаң қаққан жағымпаздығымыз әшкере қылады. Бұл жазбам қолдап отыр дегенді білдірмейді. Дертті жанға кәсіби көмек көрсетуді негізгі мәселе ретінде қарастыру қажет. Адам – құрал емес, мақсат. Бірінші кезекте осыны талқыламауы қынжылтады», деп көпшілікті Жанаттың ем-дом алуына ықпал етуге шақырды. Ал «Instagram» жұлдызы атанған белгілі Нұрлан имам: «Сізге Жәннаттың есігі жабылмасын десеңіз, Жанаттың «парақшасының» есігін жабыңыз», деген үндеумен өз парақшасында тікелей эфирге шықты. Жалпы блогер Өркен Кенжебек, журналист Нұрбек Бекбау желілерде бұл туралы жабыла жазуда. Оқырман бастапқыда айтқанымыздай, екіге бөлініп отыр. Ұстаз, тәрбиеші, үйде отырған аналар легі Жанатты қолдап, сеанстарына да баратын көрінеді. Оның «Ақ сарбаз» атты жан жиһаны туралы кітабын оқығандар көп нәрсеге қанық болады екен-мыс. Сөзі нық, ең алғашқылардың бірі болып эфирге қазақы киімді киіп шығып, насихаттаған журналист Жанат Бақытты бұрынғы әріптестері, қазақы қауым, достары, сырттай білетін жанашырлары оны ауруға ұшырады деп жандары ашып, жамандыққа қимай отыр. Шындығында, көрсе көз тоятын жаны сұлу, тәні сұлу қазақ қызының аузынан «Балық дәуірі аяқталды. Енді аналық негіз – суқұйғыш дәуірі келіп жетті. Сол себептен де бұрынғы батырлар, билер, ұлы адамдар бұл өмірде әйел адамдардың денесіне қонған. Жақында ғана маған Ясауи бабамыз келді. Ол қазір 25 жасар қыз» деген сөзді естиміз деп ешкім ойлаған жоқ. Ойлы оқырман «күйеуіңіз, ата-енеңіз бар ма, бұлай сандырақтатып қойып олар не қарап отыр?», «жындыханадан бір-ақ шықпаңыз», «Алламен ойнама» деген секілді пікірлер қалдыруда. Жанаттың өзі жазбаларының арасында «Айтып отырғандарыма сенесіздер ме, жоқ па?» деген секілді оқырманға сұрақ тастап қоятыны бар. Сол кезде 50 пайыз «жоқ» деген жауап келген. 40 пайыз «иә» деген жауап болған. Ол «Тәңірімізді ұмыттық, қазақ қазақтығын ұмытты. Жаңа дәуір туды, соған қуанбайсыңдар ма?» деген сарында ойын ашық айтады. Сөзіне сүйенсек, Жаратушының өзі онымен байланысқа шығып, үндеуін айтады екен. Әр адамның 10-13 шақты тәлімгері болатын көрінеді. Көптеген мемлекеттер «карма» заңын өтеп отыр. Сол себептен оларда су тасқыны, зілзала секілді табиғи апаттар көп екен. Ал қазақ алға ілгерілемекші екен. Жақында оған келген Ясауи бабамыз «Басыма зиярат етіп келушілер құрбандық шалмасын, басымды қан сасытпасын» депті-мыс. «Зікір айтушылар Құл Ахмет деп бірдемені айтып жүр. Мен құл емеспін» деген көрінеді. «Сіз кімсіз?» деген оқырманның сұрағына Жанат Бақыт: «Мен жаһан кітапханасының қызметкерімін, сіздерге жеткізушімін немесе Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелі Хадиша анамын, қазіргі тәнім Жанат Бақыт деп жауап береді. «Астапыралла, сіз құлсыз. Бәріміз де Алланың құлымыз» деушілерге: «Өзің-ақ құл бола бер. Алла демеңдер, жаратушы деңдер, атымды атамаңдар деп тұр Алла. Пайғамбар да ренжіп тұр», деп жауап береді. Өзінің айтуынша, ол ментальді әлеммен байланыс орнатушы. Түсінуімізше, біз білмейтін параллель әлем бар. Тек жаны таза адам ғана ол әлеммен байланыс орнатады екен. Сыртынан ғайбаттағандай болмайық деп желі арқылы Жанат Бақыттың өзімен сөйлестік. Оны қараламайтынымызды, сынамайтынымызды, тек жазбаларын түсіне алмай жатқанымызды, айтқандарын миымыздың қорытпай жатқанын айта келіп, сұрақ қойдық. Көптеген білгіштердің, өсіп-өнген дәулеттілердің, мықты мамандардың айтуынша, «Өткен өтті, ол жоқ, және ертең жоқ. Тек бүгін бар деген қағидасы қайда қалды?». «Регресс» артқа оралу дегенді білдіреді. Өткеніміз не үшін қажет және ертең не болары Аллаға ғана аян ғой», деп сауал тастадық. «Бүгінмен өмір сүр дегенде бүгінгі барыңды ішіп-жеп қой, тауыс деп тұрған жоқ. Бүгінгіңе қуан, шаттан, ертеңгі күн туа ма, жоқ па деп тұр» дегенімізде оның айтары мынау болды. – Маған қарсы шығып жатқандар көп. Білемін. Аталарымның, жаратушының жеткіз дегенін жеткіздім. Ми бірден түсінбейді, барынша қарсыласады. Ата-бабамыз «Иа, әруақ!», «Уа, Тәңірім!», «Жаратушы Ием жар бола гөр!» деп бекерге айтты дейсіз бе? Әрине, сіздерді де түсінемін. Мен ментальді әлемнен хабар жеткізушімін ғой. Есімнен адасқан жоқпын. Өткенімізді білмесек қалай адам боламыз? Қазіргі рухыңыз не дейді? Неге шөлдеп тұрғанын білмейсіз ғой. Алдағы күндері менің парақшаларым жабылады. Бірақ кейін қайта ашылады. 50-60 күнде Кенесарының басы Италия жақтан табылғанда мен сұхбат беремін. Әзірге ешкімнің телефон қоңырауын көтермеймін, жауап бермеймін. Әйгілі Илон Масктің өзі қазақтың шапанын киіп, қазақы үй тұрғызамын дегенде таңғаласыздар. Рухымыз оянуда», – деді. Қалай десек те Жанат Бақыттың жазбалары исі мұсылман қауымға ұнамай тұр. Тек оның журналистігін, тегін сыйлағандықтан жай ғана ескертумен шектеліп жатыр. Қасиетті айда жалған ақпаратқа сенбейік, ермейік!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА