КЕМЕҢГЕР ЕЛГЕ КЕЛГЕНДЕ
КЕМЕҢГЕР ЕЛГЕ КЕЛГЕНДЕ
Абыз ақсақалға жолығып, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жайында естелік айтса деген тілекте жүргенмін. Соның сәті өткен жылдың желді желтоқсан айының ішінде ғана түскені. Раха ағамыз Тараз қаласындағы Көшеней көшесіндегі мешітке қарама-қарсы көпқабатты үйдің бірінде тұрады екен. Серік Әбікенұлы Үмбетов Жамбыл облысын басқарып тұрғанда осы пәтерді берді деп естіген едім. Жақсының жақсылығын айта отырған да дұрыс. Серік Әбікенұлы үлкен жүректі, ел қамын ойлай жүретін қазақы қалыпты азамат еді ғой. Сонымен, ағамыз үйде екен. Өзі жиырма жеті жыл табан аудармай қызмет еткен Талас ауданының жағдайын сұрастырып-ақ жатыр. Білгенімше айтып мен отырмын. Сөзімнен, жауабымнан мүлт кетемін бе деген іштегі қаупім де жоқ емес. Өйткені бір сөзінде: «Адам танысқанша, жылқы кісінескенше» деген сөз бар, Сәулембай. Адамның кісілігі кейде ісінен ғана емес, сөзінен-ақ танылады. Қызмет бабында талайға жақсылық жасадық, тіземіз батқан кез де болған шығар. Жақсылығымды міндет етпеймін. Көз көргеннің көбі кетті. Бізді де еске алатындар саусақпен санарлық. Күні кеше ғана «Құдайды ұмытуым мүмкін, бірақ сіздің жақсылығыңызды ұмытпаймын» деп ант-су ішкендердің, бүгін басқаша құбылуына таңмын, қарағым» деп қалды. Адамның іші шиша. Кім екенін, кімдер екендігін іштей пайымдасам да, аузындағы лебізін қайтып жұтпайтын Рахаң әлгі ант-су ішушінің атын атап, түсін түстеді де: «Бірақ мен оған кіммін? Мен түгілі Қонаевтың да сенімін ақтамай, кейін оқыс әрекеттері үшін кемеңгерді жерге қаратты емес пе?» деп сөзін шегелеп тастады. Сосын барып кемеңгерге арналған әңгімеміз жалғасын тапты. – Рахыжан аға, Қонаев Талас өлкесіне алғаш рет қай жылы келді? – Талас ауданына 1973 жылдың маусымында арнайы ат басын бұрды. Әділін айту керек, ол кісінің елге келуіне сол кездегі Ойық совхозының (қазір кеңшар деп жүр ғой) директоры, елшіл азамат ағамыз Әнуарбек Тәжімбетов көп еңбек сіңірді. Қабылдауында болды, елге шақырды, ол кісі келісімін беріпті. Ол кезде Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов, Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рафик Асадуллин еді. Мен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқаратынмын. Не керек, үлкен кісіні қарсы алуға дайындалып кеттік. Димекең: «Әсіре қарсы алудың, қолпаштың еш керегі жоқ, елдің жағдайын білейін, ақсақалдарға сәлем берейін», деп сәлем айтыпты. Ойық ауылының Ақкөлге барар жолының сол қапталында Қаратөбеге киіз үйлер тігілді. Ауыл-ауылдың сөз білерін, еңбегі сіңген ақсақалдарын жинадық. Не керек, сегіз қанат ақ үйдің ішінде Димекең көрпешенің үстіне қазақшалап, малдас құрып отырып, ақсақалдармен елдің тарихы, шешендер мен көсемдер төңірегінде әңгіме-дүкен құрды. Қызмет жасап жүрген біздер кемеңгердің қазақтың арғы-бергі тарихын көп білетіндігіне, шешендік сөздердің мәйегін бұзбай айтатындығына таңғалдық. Әңгіме үстінде Бөлтірік шешен жөнінде көп айтылды. Сөйтсек, кемеңгер мен Бөлтірік аталас ағайын болып шықты. Ағайын арасындағы аз-кем араздықтан ел ауа көшкен ауызүсігендер (Ысты, Жауатардың бір бұтағы) Шу, Балқаш асқан. Алайда атақты шешен бұл дүниеден баз кешерінде ата-баба жұртына келіп, бақилыққа аттанған. Аттанарында «Мені ата-баба жұртынан алыстатпаңдар» деп өсиеттеген. Осы аманаттың артында Бөлтірік шешеннің туған жерді сүю үлгісі мен ағайынның арасын жалғап бітістірген даналығын Димекең келістіре айтып, бар қазаққа жетіспей тұрғаны – сол бірлік, ынтымақ дегені есімде қалыпты. Тағы бір таңғалғаным, билік басында жүргеннің дені сөз арасына «значить», «однако» деген орыстың сөздерін қоса сөйлейді ғой. Кемеңгер ондай қойыртпақ сөздің бірде-бірін қолданбай, таза, мінсіз сөйлеп отырды. Үлкенді сыйлаудың, кішіні құрметтеудің үлгілі үрдісін танытты. Сол сапарында кемеңгердің өтінішімен Ойықтың көнекөз қарттары Бөлтірік шешен жатқан жерді көрсетіп, әрі Димекеңнің Құран бағыштатқанына да куә болдық. Ол кезеңде Мемлекет басшысының мұндай қадамға баруы ерлікпен пара-пар тірлік, қарағым. Димекең тек бұл кездесумен шектелген жоқ. Аудандағы іргелі шаруашылықтардың біразына ат басын бұруды жоспарлапты. Солардың бірі – «Бостандық» совхозы. Шаруашылықтың басшысы Сейілбек Әбдиев деген аяулы азамат еді. Барар жеріміз совхоздың маңдайалды шопаны Зәбира Тұрсынбековтің үйі. Күні бұрын Таластың көк майсалы жазығына бір ақ үй, бір қараша үйді қаз-қатар тігіп қойғанбыз. Тегінде қолында қорамжалы бар «би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» дейтіндей бақуатты малшылар осылай қос үй тігетін. Мұнда да еш көкөніс, арақ-шарап қойылмады. Дастарқанда тек құрт, ірімшік, қойдың сары майы, бауырсақ қана. Қос қабат көрпеше, құс жастық. Бүгінгідей үстел жоқ. Қымыз сапырылуда, қымыран құйылуда... Зәбираның қара қасқа айғыры бар екен. Оны сәндеп қазақы ермен ерттеп қойыпты. Димекең қазақтың қолынан шыққан ер-тұрманға қатты қызығушылық танытты. Үйге кірген соң Димекең Хасен Шаяхметұлына: «Ай, Хасен, көріп отырмыз. Ет асулы, самаурын қоюлы, қара қасқа ат ерттеулі, енді не жетпей тұр?» деді жүзінен нұр төгіле сөйлеп. Кемеңгердің айтқан сөзінің мағынасын алғашында түсінбей қалдық. Обкомның бірінші хатшысы да қапелінде сөз таба алмай «Жетпегенді жеткіземіз», деді сасыңқырап. Ойымыз «арақ-шарапты меңзеп отыр ма?» – дегенде жатыр. Кемеңгер жадырай сөйлеп: «Келінді айтам. Келін қайда?» дегені. Ақ боз үйдің ішіндегі жасы да, қызметі де кіші менмін, атып тұрып далаға шықтым. Зәбираның әйелі «ұлықтардың» үйіне кіре алмай қазан-ошақтың басында жүр кібіжіктеп. «Дереу дұрыстап киініңіз», дедім. Жеңгеміз барын киініп, үйге кіріп, үлкен кісіге сәлем жасады. Қазақтың салт-дәстүрімен ибалық көрсеткен Зәбираның бәйбішесіне ризалық білдірген Димекең: «Көп жаса, қарағым», деп ақ батасын берді. Жақсы адамның шапағатын шашып жүретін әдеті емес пе. Димаш Ахметұлы қарап отырмай Зәбирадан «Бала-шағаң нешеу?» деп сұрастырып жатыр. «Құдайдың берген 7-8 ұл-қызы бар» дейді отағасы. «Үлкені нешеде?». «Биыл мектепті бітіреді. Оқуға түсе ала ма, түсе алмай ма, қайдам...». «Дүйсетайды шақыр», деді Димекең. Дүйсетайы көмекшісі. Көмекшісі қасымыздағы қараша үйде. Шақырып келуге тағы мен кеттім, ол келісімен Димекең: «Зәбира ініміздің қызының оқуға түсуіне қамқор бол», деп тапсырма берді. Басшы айтса, қосшы неге тыңдап, тапсырмасын орындамасын. Ол дереу қойындәптеріне талапкер қыздың аты-жөнін жазып алды. Кейін Зәбираның қызымен бірге Димекеңнің көмекшісі Дүйсетай Бекежановпен сол сапарда танысып, достық қарым-қатынас жасап үлгерген Бостандық совхозының бас инженері Үмбетияр Сәкеновтің де 4-5 баласы Алматыдағы жоғары оқу орнына түсіп кетті... Кемеңгердің көмекшісі Дүйсетай Бекежанов ауданнан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, ауданның көркеюіне көп үлес қосты. Сөздің реті келген соң ойыма түскен бір әңгімені айтайын. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезім. Бірде 9 мамыр Жеңіс күнін тойлауға шықтық. Онда жиын Ақкөл орта мектебінің маңында өтеді. Аудан басшылары тізіліп тұратын. Тас тұғыр мінбе де сонда. Аупарткомның бірінші хатшысы – Рафик Шәкірұлы Асадуллин. Ұлты – татар. Жақсы азамат еді марқұм. Ертемен ертелетіп барсақ мәдениет бөлімінің «мықтылары» қобыз сарынымен қайғылы музыка ойнатып қойыпты. Сірә, орыстың әндерінен гөрі, сұрапыл соғыстың сойқанын осылай бергенді жөн көрген-ау шамалары. – Бұл неғылған аспап? – деп қабағын шытты бірінші хатшы. – Бұл – қобыз. Қазақтың сан ғасырлардан бастан кешірген зар заманын еске салып Жеңістің оңайшылықпен келмегенін қобызбен аңыратып айтып тұр, – дедім жұлып алғандай. Әрине, ол жақтырмай қалды. Бауырлас, туыстас, діндес халық дегенімен қазақтың мұңын түсінбеді. Сол күні жиын соңында: – Рафик Шәкірұлы, ауданнан 56 Еңбек Ері, 2 Кеңес Одағының Батыры шыққанын білесіз. Соларды ұлықтасақ, ұрпақтарының еңсесі көтеріліп, елдің мерейі өсері анық, – деп көптен бергі ойымда жүрген пікірімді білдіріп едім, ол: – Әй, солар кімге керек! – деп қолын бір-ақ сермегені. Біріншінің аты бірінші. Иә, Башқұрттан шыққан «қасқа» Таластың Еңбек Ерлерін не қылсын! 1976 жылы Алматыға партия мектебіне бір айлық семинарға бардым. Оқу соңында Талғар қаласында үлкен жиын өтті. Сонда: «Жамбыл облысы, Талас ауданы деген елден 56 Еңбек Ері, 2 Кеңес Одағының Батыры шыққан» дегенімде, жиындағылардың дені бастарын шайқап, таңданысты. 1977 жылы 13 қаңтар күні бірінші хатшы Меркіге ауысып, орнына мен сайландым. Ертесіне бюро мүшелерін, аудандық атқару комитетінің мүшелерін жинап алып: «Елдің атын еңбек пен ер ғана шығарады, елеусіз қалған Еңбек Ерлерінің әруағы алдында бәріміз жауаптымыз. Аудан орталығынан Еңбек Даңқы аллеясын жасауымыз керек», деп алғашқы идеямды айтып едім, обалы не керек бәрі қостады. Келер жылы Еңбек Даңқы аллеясында ауданның 50 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Еңбек Ерлерінен 28-і ғана тірі қалыпты. Сол кісілердің бір-бірімен қауышып, көздеріне жас алғанын көріп, менің де көңілім босап кетті, қарақтарым... Енді Талас ауданының мәдени, әлеуметтік жағдайын түбірімен өзгерткім келді. Ауданда мал шаруашылығынан басқа іліп алар өндіріс жоқ. Істеймін дегенге ілік те, жол да табылады. Ауданның Тәжімбетов, Әбдиев, Сағынтаев сияқты жақсы-жайсаңдарына республикамыздың басшысы, кемеңгер азамат Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа барып сәлем беріп қана қоймай, елдің жағдайын айтуды сұрандым. Димекең көреген адам ғой, бізге көмекшісі Дүйсетай Бекежановты «байлап» берді. Дүйсетай біздің округтен екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Туабітті қазақилығы мол, үлкен кісіден тәрбие алған Дүйсетайдың Таласқа сіңген еңбегі орасан болды. Соның біреуін ғана айтайын. Бірде маған қариялар келіп: «Қарағым Ерсейтов, балаларымыз Байқадамдағы кәсіптік-техникалық училищеде оқиды. Апта сайын үйге жылап келеді, таяқ жеп. Бірдеңе етпесең болмайды», деді. Дереу Бекежановқа телефон шалдым. Обалы не керек, Дүйсетай өтінішімді жерге тастаған жоқ. Ол кезде мәселенің барлығын (ірі құрылыс жөніндегі) Мәскеу шешетін. Соған қарамастан Шымкент қаласында салынуға тиісті кәсіптік-техникалық училищенің құрылысын, бізге «бұрып» берді. Оқу орнынан айырылған Шымкент «өкпеледі». Қайтейін, Таласқа училище керек. Ауатком төрағасы Әбілқайыр Сатыбалдин мен оның орынбасары Тамабек Қартабаевты облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиевке аттандырдым. Сейілхан да жүрегі жұмсақ адам. Шымкенттік әріптестерінің өкпе-назына шыдамай: «Ерсейтов те пәле болды» депті... Дей берсін, ел тілегін орындамасам, несіне ауданның басшысы болып отырмын деп мен «қиқайдым»... 2002 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевқа еңселі ескерткіш қойылды. Батырбек Құлекеев болатын ауданның басшысы. Өркені өссін, іскерлігін сонда білдім. Шақырды, бардық. Баяғы көзкөргендер келіп амандасын жатып: «Ерсейтов-ау (Рақыжан демейді), баяғы өзің салып берген ғимараттар шетінен бұзылып жатыр!» дейді. Мен не деймін. Менің қолымнан не келеді? Естідім кейіннен, Батырбек бауырым сол сойқанды тоқтатыпты. Айтпақшы Қонаевтың 90 жылдығы Ақкөл ауылында аталып өткенде шақыртумен мен де бардым. Димекеңе сәлем бердім. Мені ұмытқан шығар деп ойладым. 1986 жылы ұлы адамның тапсырмасымен алынған әр төлді тірідей сақтаймыз деп ұрандаттық. Өйтетініміз Димекең сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Әнуар Жақыповқа Талас елінің халқына дұғай сәлем айтып, Партияның тапсырмасын абыроймен орындайды деп сенемін депті. Патша айтқан соң жан қала ма. Аудан болып кірістік. Асыра сілтеп жібердік. Онымыз өзімізге таяқ болып тиді. Сол кезде Кеңес үкіметін басқаруға Михаил Горбачев келген. Келген бетте Брежневпен жақсы қарым-қатынаста болған бірінші басшылардың барлығына жаудай тиді. Өзбекстанның басшысы Шарап Рашидовты «Халық жауы» қылып шығарды. Оның кебін Қонаевқа да кигізуге жанталасты. Пышақтың қырына біз де іліктік. Сол есіне түсті ме Димекең: «Амансың ба, қарағым?» деді. «Шүкірмін» дедім. Үлкен тойдың үстінде ауданның басшысы Ералы Дадабаев маған сөз берді. Димекеңе қарап: «Сіздің арқаңызда Талас ауданы гүлденді, көркейді. Сізге арқа сүйеп министрлердің есігін айқара ашатын болдық. Тіпті олар ауданның бөлім басшылары сияқты аяғынан тік тұрып қарсы алатын» дедім. «Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» демекші, менің Димекеңе деген еркелік сөзімді бір масаң жігіт бұзды. Бар білгені сол болса ол байқұсқа мен не деймін. Сөйтсем оны бір кездері қабылдамай қойған екенмін. Содан ішінде қыжыл бар болса керек. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген осы. Өзімнен де кінә бар екен ғой деп іштей ойландым. Қонаев орнынан түскен соң Дүйсетай да қуғынға ұшырап, дұшпандары соттатып тынды. Ұлтжанды, қазақы мінезді, адамгершілігі мол, еліне адал, асыл азамат еді марқұм. Таласқа еңбегі көп сіңді... – Содан кейін Димеке ауданға қай уақытта келді? – Қызметтен кеткенше жолы түспеді. Жыл сайын мамыр-маусым айында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, партия-шаруашылық активін өткізетін. 1977 жылы сондай бір сапары кезінде төралқада отырған Димекеңнің қойындәптері мен қаламын ырымдап алғаным бар. Құдайдың құдіреті, келесі жылы бірінші хатшылыққа сайландым. Елдосымды ертіп барғанымда «Кемеңгер» деген кітабына қолтаңба жазып берді. Шын мәнінде, өз дәуірінің ұлы тұлғасы еді Димекең, – деп әңгімесін түйіндеді. Абыз ақсақалдан көптен бері білгім келген естелікті естіп, ризашылықпен қоштасып мен кеттім. Ақ батасын беріп, ақ шашты абыз ақсақал Рахаң шығарып салды. Көке екеуміздің Димекеңді әңгіме еткенімізге 10 жылдай уақыт өтті. Тағдыры қилы Рахыжан Ерсейтов ағамыз да бұл күндері ортамызда жоқ. Биыл қазақ халқы ұлы тұлғаның туғанына 110 жыл толуын атап өтуде. Жұрт білсін деп жаздық осы естелігімізді.