Жол сапасы қалай сарапталады?
Жол сапасы қалай сарапталады?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл күнде жол саласына бақылау күшейе түсті. Нақтылай түссек, елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарына міндетті сараптама жүргізу мықтап қолға алынды. Осыған орай, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» сараптамасына сай жөндеу жұмыстарының тиісті нормаларға сәйкестігі есепке алынып, қорытынды шығарылмақ. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» өңір бойынша филиалында өткен семинар-тренинг бұл жөнінде кеңінен айтылды. Жиынға қалалық және аудандық жолаушылар көлігі мен автожол бөлідерімінің жауапты мамандары арнайы қатысты. Жалпы, дәл осы мекеме өткен жылы тиісті нормаларға сәйкес келмейтін 30 мыңнан астам материалдар анықтаған. Нәтижесінде сапасы сын көтермеген жұмыстар қайта жасалды. Ал басқосу барысында жол саласына тікелей қатысы бар мамандарға ұсыныстар берілді. Айта кетейік, бұған дейін жолды пайдалануға бергеннен кейін техникалық қадағалау мен жобаны жүзеге асырған мекемелер жөндеу жұмыстары барысындағы қате шешімдер мен ақаулар үшін жауапкершілікке тартылмайтын. Ал енді осы олқылықтың орны толтырылып, сараптамадан оң нәтиже шықпаған жағдайда жауаптылардың жүгі ауырлай түспек.