СӘЛЕМ СӨЗДІҢ АНАСЫ ЕМЕС ПЕ ЕДІ?
СӘЛЕМ СӨЗДІҢ АНАСЫ ЕМЕС ПЕ ЕДІ?
Қазақ халқында әдетте, сәлемдесу жоралғысы – кішіден үлкенге қарай, ал жауап сәлем үлкеннен кішіге қарай жүреді. Бетпе-бет келіп қалғанда бір-бірінің үлкен-кішілігін ажырата алмаған кезде жолы кішісі жолы үлкенге алдымен сәлем береді. Үлкенге кіші, әйелге ер адам, аттыға жаяуы, отырғанға тұрғаны, алыстан келгенге ауыл адамы, жатқан адамға тұрған адам, ауру адамға сау адам, көп адамға аз адам бұрын амандық білдіреді. Егер сәлем бермей өтсе, «көргенсіз», «сәлем беруге жарамаған» деп сөгетін болған. Сәлем бергенде сөзбен бірге қимыл қатар жүреді. Мәселен, қазақ дәстүрінде қолмен амандасу, қос қолдап амандасу, төсіне қолын қойып амандасу, тізесін бүгіп амандасу, төс қағыстырып амандасу, бас изеп амандасу, маңдайдан, қолдан, беттен сүйіп амандасу, қол көтеріп амандасу тәрізді амалдары бар. Қазір бізде сәлемдесуге аса мән бермейтін ұрпақ қалыптасты. Қоғамда қалыптасып бара жатқан сәлемдесу үлгілері бір-біріне тілек тілеуден гөрі, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мысалы, «привет» жауабы «привет» немесе «қалайсың?» жауабы «қалайсың?». Қазіргі кезде жас ұрпақ амандасу, жол беру деген қарапайым, бірақ үлкен имандылық пен инабаттылықтан кетіп бара жатыр. Біз текті халықтың ұрпағымыз. Сол себепті тектілігімізді жоғалтпауымыз керек. Қазақ халқындағы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!» деп дауыстап сәлем берген. Оң қолын беріп, қос қолдап амандасқан. Жас үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын сақтай алған. Араб тіліндегі «Ассалаумағалейкум»-нің қазақшасы – «Сізге Алланың тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын, амандығын тілеп, дұға етеді. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дегендей, баланы жасынан мұсылманша сәлем беруге үйрету – оның болмысына имани құндылықтарды сіңірудің бір жолы. Сондықтан бүлдіршін кезінен «атаңа сәлем бер», «әжеңмен амандас», «оң қолыңды беріп амандас» деп үйретіп, балауса шақтан ізеттілікке баулыған жөн. Сондай-ақ екі адам емен-жарқын амандасса, іштегі көңіл кірі, бір-біріне деген өкпе-реніші кетеді. Бір ғана сәлемдесу салтында қаншама игілік жатыр. Алысты жақындататын, жақынды туыс қылатын, бір ғана отбасы емес, бүкіл ұлттың тәрбиесін көрсететін амандық сұрасудың мәні уақыт өткен сайын кеміп бара жатқандай. Дегенмен амандасудың адамдық парыз екенін ескерсек, бүгінгі жас ертеңгі қария ретінде кішіден ізет көрмекке ұмтылуды осы сәттен бастаса дейміз. Қорыта айтқанда, «Сәлемі түзудің әлемі түзу» деп қазақ атам айтқандай, бір-бірімізге сәлеміміз түзу болса, адамдар арасында береке туып, өзара қарым-қатынастары жақсара түсетіне сенімдімін.
Айшат ШОПАНОВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің тарих пәнінің оқытушысы