Білім

«Барысхан» алқабындағы қуаныш

«Барысхан» алқабындағы қуаныш

Жаңғыруға қадам басқан елімізде болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметке 2025 жылға дейін елімізде 1000 мектеп салуды жүктеген болатын. Бұл тапсырма облысымызда жүйелі жүзеге асырылуда. Соның жарқын дәлелі – Тараз қаласындағы «Барысхан» алқабында 600 орындық оқу ордасының ашылуы.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының ардагерлері қатысты. Мектептің ашылу салтанатында әуелі Нұржан Молдиярұлы сөз алып, ізгі лебізін жолдады. – Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Ал білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай өсуіне септігін тигізері сөзсіз. Болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріміз оң болсын! – деген аймақ басшысы білім ордасының оқушыларына арнаған сыйлығын тарту етті. Келесі кезекте еңбек ардагері Алпысбай Смаилов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Бұдан кейін салтанатты шара мектеп өрендерінің концерттік бағдарламасына ұласып, қонақтар оқу орнының ішін аралап көрді. Құрылысын «Тараз-Ирригация» ЖШС жүргізген мектеп 23 оқу бөлмесімен, компьютер, модификациялық, лингафон кабинеттерімен, спортзал, шеберхана, асханамен жабдықталған. Айта кетейік, өткен жылы облыста 20 білім нысанының құрылысына 7 миллиард теңге бөлініп, 8 мектеп пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 12 нысанның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 20 мектеп салынады. Оның сегізінің құрылысы биыл басталса, қалғаны келер жылға жоспарланған. Тараз қаласында биыл төрт «жайлы мектептің» құрылысы қолға алынады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі