Жаңалықтар

Жағатыны газ емес, жағдайы мәз емес

Жағатыны газ емес, жағдайы мәз емес

Соңғы жылдары ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары біздің өңірде де қарқынды жүргізілгені баршаға мәлім. Соның арқасында газ құбыры тартылған елді мекен тұрғындары пеш жағып, күл шығару машақатынан құтылды. Алайда кейбір ауылға көгілдір отын кіргізілгеніне біршама жыл болса да, әлі күнге пеш жағып отырған мәдениет ошақтары бар екен. Бұған біз арнайы журналистік зерттеу жүргізгенде көз жеткіздік.

Халықтың мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дамытумен айналысатын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасына қарасты мекемелердің саны – 541. Оның ішінде 27-сі тікелей басқармаға бағынышты болса, қалғаны Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің бөлінісінде. Аталған мәдени нысандардың ішінде жеке ғимараты бар 165 ауылдық мәдениет үйі мен клуб болса, оның ішінде 85-і көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Қазіргі таңда 80 ауылдық мәдениет үйі мен клубқа газ кіргізілмеген. Яғни бұл әлі күнге дейін осыншама пеш жағушы қара көмірдің шоғын көсеп, күлін шығарумен айналысып жүр деген сөз. Осының ішінде әлдеқашан газ кірген ауылдардағы мәдени нысандардың әлі күнге қатты отын тұтынуы ақылға сыймайды. Газға қосылмаған клуб мекемелері былай тұрсын, 4 клубтың апатты жағдайда тұрғаны да өзінше бір бөлек әңгіме. Оның екеуі Шуда болса, екеуі Меркі ауданында орналасқан. Біз Байзақ ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовқа хабарласқанымызда газ кіріп тұрған ауылдардағы екі нысан газға қосылмағанын айтты. Оның бірі – Ақшолақ ауылындағы кітапхана, екіншісі – Ақжар ауылындағы балабақша ішінде орналасқан кітапхана. Оның айтуынша, жеке ғимарат жалға алынғандықтан, оның қожайыны жеке нысанға өзі газ кіргізбейінше мәселе шешілмейтін көрінеді. Алдағы уақытта мәдениет ошағы салынып жатса, сол кезде газбен қамтылуы мүмкін. Шу ауданына сұрау салғанымызда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева Көкқайнар, Бірлік, Алға ауылдарының мәдениет нысандары әлі газға қосылмағанын жеткізді. Осы тектес жайттар қай ауданға хабарлассаң да кездеседі. Ал Шу аудандық мәдениет үйінің басшысы Дидар Аукешов алдағы уақытта газдандыру бойынша атқарылар жұмыстарды айтып берді. – Біз қазіргі таңда осы мәселе бойынша Көкқайнар ауылындағы мәдени нысанға жобалық-сметалық құжатын дайындатқызып қойдық. Әзірге Шу қаласына, Көктөбеге, Төле би сияқты ауылдарға кіргіздік. Енді жоспарда сметасы дайын тұрған Көкқайнар мен Бірлік ауылында орналасқан мәдени нысандарға алдағы уақытта газ кіретін болады. Біз енді тек қана қаражат мәселесіне келіп тоқтап тұрмыз. Биыл аудан әкімдігі тарапынан да табиғи газ тартылған ауылдардағы көгілдір отынсыз отырған мәдени нысандарға газ кіргізу мәселесі көтерілген. Алдағы уақытта жоспар бойынша жұмыстар жүргізілетінінен үміттіміз, – дейді Д.Аукешов. Бір сөзінде Әсел Жазықбаева бар мәселе қаражатқа келіп тірелетінін атап өткен. Осыдан кейін біз Көкқайнар ауылының әкімі Қуат Жамбыловтың бұл мәселе бойынша қандай әрекет жасап жатқанын білуге тырыстық. – Біздің ауылға газ 2014-2015 жылы кірді. Ауылдағы мәдениет ошағына газ кіргізу мәселесі бұған дейін де бірнеше мәрте күн тәртібінде қаралған. Бұйырса биыл шешімін тауып қалады. Мәдениет үйіне газ тартылмады демесек, мәдени, рухани бағыттағы іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілуде. Ауылымыздың тұрғындары, оның ішінде жастары өте белсенді. Әрине, ауыл әкімі болған соң біз де осы елдің үмітін ақтауға тырысып, жоқ-жітікті түгендеуге, кем-кетікті бүтіндеуге барымызды салып жатырмыз. Бірақ бүгін-ертең газ кіргізе салу біздің қолда тұрған шаруа емес. Сондықтан аудан басшылары бұл мәселені назарына алады деген сенімдемін. Халықтың бұдан басқа ауыл әкімінің қолынан келетін мәселесі шешілмей жатса, тұрғындардың тілегін тыңдауға дайынмын, – дейді Қ.Жамбылов. Жалпы, газ туралы бірдеңе сұрай қалсаң, Шу ауданындағы жауаптылар мандытып мәлімет бере алмағанымен, «бір-екі жылда бәрі жақсы болады» деп, көңіл жұбатуға шебер болып шықты. Шу ауданы әкімінің орынбасары Серік Сарсенбековтен де осындай жауап алдық. – Аталған мәселе бойынша бұл істен хабарымыз бар. Қазіргі таңда ол ауылдардағы мәдени нысандарға тартылатын газдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып бітті. Енді сол құжаттамаға сәйкес қаражат облыстан бөліне ме, жоқ ауданнан қарастырыла ма, ол жағы әзірге белгісіз. Егер қаражат мәселесі шешілсе, аталған нысандар биылдан қалмай газбен қамтамасыз етіледі, – деді ол. Соңғы жылдары ауылдықтардың аузынан «Жастар ауылда тұрақтамайды, жастар қалаға қарай ағылып кетіп жатыр» деген пікірді жиі естіп жүрміз. Оның себебін бірді-екілі жастардан сұрағанымызда олар мұны ауыл жастарына жағдайдың жасалмауымен байланыстырады. – Аудандық, ауылдық әкімдіктер жұмыс істемей отырған жоқ. Десе де «Жаңа Қазақстан» құрамыз десек, халықтың бүгінгі өмірі де жаңаша бағытқа бет бұруы тиіс. Бір жағынан газдандыру мәселесі – заман талабы. Жалпы, біздің Көкқайнар ауылында 1 735 тұрғын бар. Оның ішінде 383-і жастар. Ауылда көбінде спорттық ойындар дамыған. Оның ішінде ұлттық ойын көкпарымыз да бар. Ауыл жастары өте белсенді. Сондықтан ауылды дамытуға, оны одан ары гүлдендіруге күш салуымыз керек деп ойлаймын. Әсіресе заманның дамуына ілесіп, ауылдың әрбір тұрғыны бақытты өмір сүруге лайықты. Ол үшін жағдай жасалу керек. Ал ауыл тұрғындарына жағдайдың жасалуы олардың лайықты тұрмыс кешуімен өлшенеді. Яғни ауылдықтар таза ауызсу, көгілдір отын секілді өркениет лебін сезіне алуы тиіс. Біз әдетте өзімізді дамыған 30 елдің қатарына қосамыз. Ендеше ауылдағы мәдени ошақтармен қатар, балабақша, медициналық пункт секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар да 100 пайыз газбен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл мәселе жыл сайын артқа ысырылып қала бермеуі керек. Ауылдықтарға жағдай жасалса, жастар да тұрақтайды деген ойдамын, – дейді Көкқайнар ауылының жастар ісі жөніндегі аға инспекторы Дамира Жұмағұлова. Жалпы ауылдың гүлденгенін, көркейгенін сол ауылға кірген газ бен судың, интернет пен жолдың сапасына қарап білуге болады. Алайда облысымызда көмір жағып күн көріп отырған қазіргі таңда 80 ауылдық мәдениет үйі мен клуб бар екенін айттық. Мысалы, оларды аудан-аудан бойынша бөліп қарастырсақ, Жуалы ауданы мен Жамбыл ауданы бойынша әрқайсысында 8 нысаннан, Қордайда – 12, Меркі ауданында – 2, Мойынқұмда – 11, Сарысуда – 15, Талас ауданында – 9, Т.Рысқұлов ауданында – 6, Шу ауданында 9 нысан бар. Мұның ішінде кей мәдениет үйлері түгілі сол мәдениет үйі тұрған ауылдың өзіне, тіпті бірде-бір ауылына газ кіргізілмеген аудан бар екенін еске алсақ, өркениетке ұмсынған мойнымыздан ұят-ты. Алыс ауылды айтпағанда, Тараз қаласынан таяқ тастам жерде орналасқан «Құмшағал» тұрғын алқабындағы медициналық пункттің өзінде де газ жоқ. «Мейірім» емханасының бөлімшесі саналатын бұл тұрғын алқапқа да қашан газ тартылатыны белгісіз. Қордай ауданында 41 елді мекен бойынша 21 мәдени ошақ бар. Былтыр осы ауданға республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінгені әмбеге аян. Сөйте тұра бұл ауданда бар-жоғы 8-ақ мәдени нысанның газға қосылуы да ойланарлық жайт. Бір айта кетерлігі, алдағы уақытта 9 нысанға табиғи отын тарту жоспарға еніп тұрған көрінеді. «Жаңа Қазақстан» құру ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, ескі-құсқысын жаңартудан басталса құба-құп. Ашығын айтқанда, шалғай елді мекендердің жағдайын жасап бермей, ауылдықтардың «ақкемесі» қайраңнан шыға алмайды.

Шапағат ӘБДІР