Прокуратура қызметкерлері өзара күш сынасты
Прокуратура қызметкерлері өзара күш сынасты
Жарысқа 6 команда қатысып, арқан тартыс, садақ ату, қол күрес, дартс, үстел теннисі ойындары бойынша өзара бақ сынасты. Жалпы есеп қорытындысы олимпиадалық жүйеге негізделіп, әр кезең бойынша алған ұпайлар сарапқа салынды. Жарыстың алғашқы кезеңі арқан тарту бойынша Жамбыл, Жуалы аудандарының бірлескен құрамасы үздік атанса, Садақ ату сайысында Байзақ ауданының қызметкерлерінің бәсі басым түсті. Ал дартс, үстел теннисі, қол күрес ойындары бойынша жүлдені қалалық және облыстық прокуратура қызметкерлері өзара бөлісті. Командалық есеп бойынша қалалық құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған «Тараз қырандары» құрамасы бас жүлдеге ие болса, екінші орынды Жамбыл және Жуалы аудандарының қызметкерлерінен құралған «Тұран» құрамасы еншіледі.Ал Байзақ ауданының прокуратура қызметкерлерінен құралған «Қыран» командасы үшінші орынды місе тұтты. Сайыс соңында командалар арнайы грамоталармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. — Жамбыл облыстық прокуратурасының қолдауымен Наурыз мерекесіне орай бүгін прокуратура қызметкерлері арасында спартакиада өтіп жатыр. Жарысқа 6 команда қатысып, сайыстың бес түрі бойынша бақ сынасуда.Алғашқы кезең бойынша қазіргі кезеңнің өзінде командалардың күші басым екендігін аңғарып отырмыз. Қызметкерлер арасындағы бәсеке қызу әрі қызықты өтуде. Командалық есеп бойынша біздің құраманың көрсеткіші жаман емес. Құрама қызметкерлері жеңіс үшін барын салатын болады,-дейді сайыс қатысушысы Сержан Әбдіқұлов. Сайыс соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай игілікті шаралардың көптеп болуы керектігін айтып, тілек білдірді.
Нұрболат Аманбек