Жаңалықтар

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Наурыз мерекесінде ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беріледі. Аталған спорт түрінің бірі – тоғызқұмалақ. Бабаларымыз тоғызқұмалақты ерекше қастерлеп, бұл ойынға терең мән берген. Бұл күнде тоғызқұмалақ ойыны өркендеп, жаңаша сипат алды. Бабалар қалдырған ұлттық ойын тамырын үзбей, жалғасып келеді.

Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде тоғызқұмалақтан жастар және жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды. Чемпионатқа еліміздің барлық аймағынан құрамалар үлкен дайындықпен келген. Ел чемпионатының ашылуында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, спортшыларды құттықтады. – Жыл басы саналған Наурыз мерекесі қарсаңында осынау ғажайып ұлттық спорттан ел чемпионаты басталып жатыр. Бүгін – ерекше күн. Бұл чемпионатты өткізу үшін барлық мүмкіндік жасалды. Өңірімізде тоғызқұмалақ спортын қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Жарысқа келген барлық командаларға сәттілік тілеймін, – деді Еркін Құлымбайұлы. Мұнан соң тоғызқұмалақ ұлттық спортының жанашыры Батырбек Құлекеев, жарыстың бас төрешісі Ербол Нұрханов сөз алып, жарысқа қатысушыларға чемпионаттың өту барысын кеңінен түсіндіріп өтті. Чемпионатқа 350 ойыншы қатысып жатыр. Тоғызқұмалақтың рапид және блиц түрлерінен өтіп жатқан жарыс 28 наурызға дейін жалғасады. Есет ДОСАЛЫ, журналист