Руханият

Бұйымында қазақтың жаны жатыр

Бұйымында қазақтың жаны жатыр

Әлі есімде, оқушы кезімде демалыс уақыты келсе болды немерелердің барлығы топырлап Күлбала әжемізге баруға асығатынбыз, шуағына жылынатынбыз. Сол мейірбан, кең жүректі, іскер жанды ұмыту мүмкін бе? Қашан көрсең күйбең тіршіліктен бір босамайтын тынымсыз жан болатын. Жаз түссе болды ауыл әйелдерімен қосылып киіз басып, жүн түтіп, көрпе-төсек, жастық тігетін. Тіпті ауылдан қалаға көшіп келсе де өзін еңбектен босатқан емес, әйтеуір бір ермек тауып алатын. Көзі тірісінде барлық балаларының көрпе-төсегін дайындап, қыс келсе немерелерінің аяғы жылы жүрсін деп шұлық тоқып беруші еді. Кейде қызығып апама жағаласып отыратынмын. Оған ол кісі қуанбаса, ренжімейтін. Ол кісінің: «Әзірден үйрене бер, балам. Мұны қазақтың әр қызы жасай білуі тиіс. Қыз баланың басқа нәрсеге ебі болмаса да тағам әзірлеу, тігу, тоқуды меңгеруі – міндетті. Осыны есіңде сақта» деген сөздері әлі құлағымда.

Қолынан ине-жіп пен қайшысы түспей өткен әжеме деген сағыныштан болар, тігіншілікпен, құрақ құраумен, іс тігумен айналысқан аналарды көрсем ерекше әсерге бөленемін. Облысымызда тігіншілік өнерін үлкен кәсіпке айналдырып отырған зейнеткер әйелдер аз емес. Сондай шеберлердің бірі – Гүлнар Абдуллаева. Жиыр­ма жыл бұрын тігін фабрикасында жұмыс істеген жеке кәсіпкер фабрика тоқтап қалған соң, үйінде отырып тапсырыспен киім тіге бастаған. «Дәнжан» жеке кәсіпкерлігі 2009 жылы тіркелген. Цех ашылғалы қолөнерші қыз жасауын тігумен, киіз үй жасаумен айналысады. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды қастерлей білетін шебер, ою салудың да өзіндік қолданылу реті болады дейді. «Оюды көрінген жерге сала беруге болмайды», деген ол мұның мәнісін ұғынуына Қытайдағы қазақтар себеп болғандығын жеткізді. – Мен әу баста оюларға мүлдем назар аудармадым. Кейін жеке шаруаларыммен Қытайдың Үрімжі қаласына жолым түскен. Бір күні Қытайға елімізден барған қазақтарға аудармашы болып қызмет көрсететін 35 жастағы қазақтың қызы ұзатылатын болып, бізді де сол тойға шақырды. Ол қыздың Мори деген ауылда өткен тойына барып қатыстым. Олар баяғы қазақтардай жайлауда киіз үй құрып қойып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды екен. Сонымен не керек, ана қыздың ұзатылуы өте қызықты өтті. Ол өзінің кестесін тігіп, жасауын да өзі жасаған екен. Ұзатылғанда сол жасау-жабдығымен қосып үкілеп атқа мінгізіп, теңдерін түйеге артып, барған үйіне жеткізіп салады. Міне, бұл көрініс мен үшін өте әсерлі болды. Қаймағы бұзылмаған қаракөз қандастардың тойына куә болып, менің бойымда да өз қолөнерімізге деген құрмет, ынта, қызығушылық арта түсті. Мен Мориға осы жақта тойбастарда беретін Қырғызстанның қалың ақ матадан тігілген бас киімін ала барғанмын. Оның маңдай тұсында бір қошқармүйіз болып келетін ою бар еді. Мен оны оған дейін қазақы деп есептеп келгенмін. Сонымен не керек, әлгі тойда сол бас киімді шығарып тұр едім, бір үлкен кісі: – Шырағым, мына бас киімді қайдан алдыңыз, кім берді? – деді. – Бұл бізде тойбастарға таратылады, – дедім. – Сонда тойбастарда жалғыз саған ғана берді ме? Әлде барлығына берді ме? – деп сұрады. – Тойға келген қауымның барлығы алды. Тіпті жетпей қалса, таласып алатындар да болды, – деп күлдім. – Бұл бас киімге салынған ою түсіне білсең, аяқ киімге қолданылатын ою. Қазақ жауына ғана осы бас киімді сыйлайтын болған. Оның мағынасы – «сенің басың менің аяғымның астында болсын» дегені. Демек, табалағысы, дәрежесін төмендеткісі келген адамға ғана береді. Ал сендер бұл бас киімді қалай ғана қуанып алдыңдар? – деп кейіді. Сонда ғана барып мен әр киімнің оюы әрбасқа екенін түсіндім. Әрі Қырғызстанның шеберлері сату үшін ойына келген оюды сала салғанын білдім, – дейді ою-өрнек шебері Гүлнар Абдуллаева. Гүлнардың сөзінше, Қытайдағы қазақтарда әрбір ою-өрнектің өз мағынасы бар. Мәселен, шапанның төменгі жағына ою-өрнек түссе, ол кісінің немересі бар дегенді білдіреді. Ал ою-өрнек арқасында орналасса ол кісінің шөбере сүйгендігінен белгі береді. Әйелдерде де сондай. Оның киіміндегі ою-өрнегіне қарап қай елдің қызы, қай руға келін болып түскенін білуге болады екен. «Дәнжан» жеке кәсіпкерлігін ашқан алғашқы жылдары кейіпкеріміз тек қыз жасауын тігумен айналысыпты. Қазақы киіз үйлерді тіге бастағаны да өз алдына бір бөлек әңгіме. Гүлнар сауда бойынша кезекті рет Қытайға сапарға кетеді. Базардағы сауда орнында қызы қалады. Қызының есімін апасы Дәнжан деп қойған, бірақ өздері құжатқа Маржан деп жазғызған. Ол уақытта қыз жасауымен бірге тойбастарға кішкентай киіз үйлер де тігетін. Қызы Маржан ол кезде 11-сынып оқиды. Қытайға кеткен анасын алмастырып тұрған қызына бір кісілер келіп «Киіз үйлер тігесіз бе?» деп сұрайды. Ол «Тігеміз» дейді ойланбастан. Анасының көрші елде екенін, киіз үй тігетіндіктерінен хабардар болған клиенттер бірнеше киіз үйге тапсырыс беріп кетеді. Жас саудагер ол кісінің сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі орталық жетекшісі Гүлшат Құлабекова екендігін аңғармайды. Гүлшат Қамбарбекқызының өзі «Анасы қазір Қытайда жүрсе бұлар сол елден келген қазақтар. Демек қазақы үйді жасаудың нағыз шеберлері», деп ойлайды. Оның үстіне көбіне Алтай қазақтарына тән Дәнжан есімі де осы ойын дәлелдей түседі. Бұл жағдай 8 наурыз күні болады. Ал 10 наурыз күні Қытайдан келген анасын қызы «Анашым, сізге тапсырыс алып қойдым» деп қуана қарсы алады. Артынша Гүлшат Қамбарбекқызы хабарласып, жұмыс істейтін оқу орнына келуін өтінеді. Барған соң 12 киіз үйді көреді. Гүлнардың міндеті – сол киіз үйлердің жабдықтарын тігу. Шебер осы уақытқа дейін киіз үй жабдықтарын тігіп көрмегендігін, тек тойбастарға шағын киіз үй тігетіндіктерін, қызы шатасқанын айтады. Бірақ ойлана келе келісімін береді. Сонымен не керек, небәрі екі күннің ішінде үлкен 12 киіз үйдің жабдықтарын тігіп шығады. Киіз үйлер облыстық көрмеге қойылған 19-20 киіз үйдің ішінде бас жүлдені жеңіп алады. Қызының білместігі бұл кісілер үшін үлкен сәттілікке айналады. «Жамбыл темір жолы», «Жамбыл жылу» секілді мекемелермен қоса жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан киіз үйге тапсырыстар көптеп түсе бастайды. Әр жыл сайын Гүлнар тіккен киіз үйлердің жабдықтары киіз үй байқауларында бірінші орын алады. Осылайша алақанға сиятын тойбастар, яғни кәдесый ретінде кішкентай киіз үй тігіп жүріп, бірден 12 қанаттық киіз үйдің жабдығын жасауға көшкен қолөнершінің ісі өрге басады. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой, «бұрын жасап көрмеген іс, қалай болар екен» деген уайымын жеңіп, нағыз шебер екендігін танытты. Бір кездері Қытайға барып, ол жақтағы қазақтардың той жасау салтын өз көзімен көрген ісмер бұрынғы дәстүрімізді жаңғыртып, қыз ұзату, беташар, үйлену тойларын киіз үйде жасаса қандай тамаша болар еді деген ойда. – Біздің қазақтар қарызға батып, несие алып той-томалақтың бәрін мейрамханаларда астамшылдықпен дүркіретіп өткізіп жатады. Оның орнына киіз үйді құрып жіберіп, неге баяғыша тойламасқа? Есік алдында құрылған қазақы үйдің ішінде құдалық күтіп жатқан қандай жарасымды? Бүлдіршіннің 1 жасы, тұсаукесер, бесік той дегенді киіз үйдің ішінде неге өткізбеске?! Есік алдына бірнеше киіз үй құрып, қазақы салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып той-томалақ өткізіп жатсақ керемет емес пе? Бұл мақсатта жалға бергенде әлі ондай үлкен дүниелер шығарған жоқпын. Бірақ осы ойымды қолдаймын деген жан табылып жатса, қарап қалмаймын. Өткен жылдан бері ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңіру мақсатында қазақ, орыс мектептеріне барып, осы ою-өрнектердің қай жерде қолданылатыны, қандай мағына беретіні жөнінде кеңінен насихаттап, шеберлік сабақтарын өткізіп жүрмін, – дейді ісмер. Жібек жолы бойында жатқан көне Тараз шаһары былтыр Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енгенін жиі жазып жүрміз. Мәртебелі дәрежеге қол жеткізуге кейіпкеріміз де өз үлесін қосқан. Бүгінде іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі атанған ол өзге әріптестерімен бірге қалаға келген комиссия мүшелерін күтіп алу үшін тынбай еңбек етіп, көрмеге үлкен жауапкершілікпен дайындалған. Сонымен қатар ол былтыр құрылған «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығының төрайымы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Айгүл Ақшаловамен бірлесіп, «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы бойынша жұмыс істегендігі де үлкен жетістіктердің бірі. Жоба аясында Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің бас кеңесшісі Харагучи Акихиса жамбылдық іскер әйелдер жасаған жұмыстарға талдау жүргізіп, ескертпелерін айтып, шеберлік сабақтарын жүргізді. Ісмер маман айтқан сын-ескертпелерге құлақ түріп, қателермен жұмыс жүргізіп, алға ұмтылуда. Гүлнар өзі жасаған бұйымдары әлемге танылғанын, дүниежүзілік деңгейге көтерілуді армандайды. Арманы үшін күресе білетін қолөнершінің мақсаты ақырындап орындалып келеді. Нақты атап өтсек, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері жақында арнайы шақырту бойынша АҚШ-қа аттанды. Жамбылдық қолөнершілер өздерінен бара жатқан делегация мүшелеріне қазақылықтың иісі аңқып тұрған көптеген сый-дүниелер дайындап берді. Туған жерін аңсап жүрген қандастарымызға ұлттық брендтегі сый-сияпаттар дайындалды. Елімізден барған сәлемдеме арасында шағын киіз үй пішініндегі құрт-ірімшік салатын ағаш ыдыс бар. Ол ыдыстың қасығы домбыра формасында жасалған. Ағаш ыдыс құрт, печенье, ірімшік секілді тәттілермен толтырылған. Мұнда да үлкен мағына жатыр. Қазақстанды аңсап жүрген жерлестерімізге «Жамбылдықтардың дәмі» деп осылай қолдан бокстер дайындап, сәлемдеме жіберді. Оның үстіне «Америкадағы қазақ диаспорасымен жақсы қарым-қатынас орнатып, серіктес болсақ» деген ойлары да бар. – Бір нәрсені айтқым келеді. Ұлтты жоқ кылып жіберу деген бір сәтте. Салт-дәстүріңді, тіліңді, тарихыңды білмейтіндер ұлтымызды құрдымға итермелейді. Техника, ғылым дамығаны өте жақсы, зауыт, фабрикалар табысты жұмыс істеп, экономикамыздың өсіп жатқаны да көңіл қуантады. Бірақ осындай табысты ел бола тұрып шыққан тегімізді, тарихымызды білмесек жоғалған халық болғанымыз. Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енгенде қатты қуандым. Жасап жатқан ісіміздің, еңбегіміздің еш кетпегені бұл. Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев біздің өлкеге келген сапарында да Мемлекет басшысын ең алғашқы болып біздің қолөнершілер қарсы алды. Көрмеге өте керемет бұйымдар қойылды. Президентіміз біздің бұйымдарды көріп, жоғары бағасын беріп дәрежемізді өсіріп қойды. Мұның өзі бізге үлкен мотивация. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мырза да біздердің еңбегімізді бағалайды, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Ешқашан осы құндылықтарымызды жоғалтып алмасақ деймін. Көп адам тапсырыс бергенде «Неге қымбат?», деп сөгеді. Ол жұмысқа кеткен еңбек, қажетті материалдың қымбат екенін сезінбейді. Сол түсініспеушілік жағы аздап қынжылтады. Бірақ ұлттық мұрамыз өшпесін деп күресіп жүрмін. «Анаға тағзым» орталығында өтетін байқауларға әділқазы болып тұрамын. Жастарға өшпес салт-дәстүрлерімізді, оюлардың мағынасын, қолөнерлікті үйретуден тынбаймын, – дейді Гүлнар Абдуллаева. Қазіргі кезде киіз үй бұйымдарымен қоса оның сүйегін дайындауға да көбірек көңіл бөліп жүрген кәсіпкер 2020 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына жүгініп, сырып тігетін әмбебап тігін машинасын сатып алған. Несие қаражатына алған құралдың арқасында былғары, киіз, мақта салынған көрпе сияқты қалың материалды тіге алады. Бір кездері анасының кәсібінің дамуына себепкер болған қызы Дәнжан да тігінші. Анасымен бірге жұмыс істейді. Ол жапсырмалы моншақпен түрлі дүние тігеді. Тігінші мамандығын меңгерген кәсіпкер сүйікті кәсібінен ешқашан қол үзбеген. Кәсіпкер жақында киіз үй фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әрі еңбекке баулу сабағына арналған кітапша шығарып, мектептерге үлестірмек. Ақтоты Жаңабай