Меркідегі той
Меркідегі той
Аудандық оқушылар «Үміт» сарайында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне орай «Қош келдің, әз Наурыз, көрісейік ағайын» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған көп жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, саналы шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздар шақырылып, құрмет көрсетілді. Көптен бері жүздеспеген ұстаздар Жаңа жыл қарсаңында көрісіп, хал-жағдайларын сұрасып, мәз-мейрам болысты. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нәрікбаев сөз сөйлеп, ғұмырларын білім саласына арнап, тәрбиелі оқушыларды, Қазақстанның абыройлы азаматтарын өсірген ұстаздар қауымына алғыс айтып, Наурыз мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы да ризалығын білдіріп, өзінің осындай ұстаздардан тәлім-тәрбие алғандығын мақтан тұтатындығын жеткізді. Аудандағы білім ордаларының өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, Наурыз, ұстаз, ана туралы өлеңдерін, мың бұралған бишілер тобы әсем билерін ұсынды. Ұстаздар келген қонақтарға «Ақ мол болсын» деген ниетпен бауырсақ ұсынып, тостақтарға құйылған қымыз сусынын таратты. Мерекелік концерттен соң ардагерлерге ақ дастарқан басында наурыз көже берілді. Аталған оқушылар сарайында Наурыз мерекесіне орай «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты киімдер үлгісі көрсетілді. Бұдан бөлек аудан әкімінің орынбасары оңалту-бейімдеу орталығы мекемесінің Наурыз мерекесіне қатысты. Ол мерекеге жиналған қауымға жүрекжарды ақ тілегін білдірді. Айта кетейік, оңалту-бейімдеу орталығында ерекше балалардың оңалып, қатарға қосылуы үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы жылдары иппотерапия, яғни балаларды атқа мінгізіп, эмоция арқылы емдеу тәсілі де енгізілген еді. Инватакси қызметі тұрақты жұмыс жасауда. Сонымен қатар ауданға белгілі меценат, жомарт жан Алия Аубакирова да Наурыз мерекесі қарсаңында балаларға қуаныш сыйлап, ақ дастарқан жаятын дәстүрін бұл жолы да ұмыт қалдырған жоқ. Наурыз мерекесі балаларға керемет көңіл сыйлады, олар ән айтып, би де биледі. Сондай-ақ №9 Меркі колледжінде «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты іс-шара өтті. Оған ауданның белсенді азаматтары, ақсақалдар алқасы, әлеуметтік серіктестіктер мен колледж ұжымы және студенттері қатысты. Шара барысында «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сынды салт-дәстүрлер көрсетілді. Қазақтың арқан тартыс, асық ату ойындары ойнатылып, «қой көтеруден» жарыс өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.