Дін

ЖАСТАР АРАСЫНДА ДІНИ ТӘРБИЕНІҢ АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ

ЖАСТАР АРАСЫНДА ДІНИ ТӘРБИЕНІҢ АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ

Соңғы жылдары елімізде халықтың дінге деген қызығушылығының қарқынды өсуі байқалады. Жұма күндері еліміздің қалалары мен облыс орталықтарындағы мешіттердің толы болуы осы сөзіміздің дәлелі. Келушілердің басым көпшілігін қазақ жастары құрайды. Осы орайда қоғамдық үйлесімділік пен рухани байлық – барлық діндердің негізгі діңгегі екенін жастарымыздың бойына сіңіру біздің басты міндетіміз.

Алла Тағала құлдарына жас кезінде жақсы мен жаманды айыруды үйренуді ескертеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бес қасиетті өзекті мәселелерді шешу үшін пайдаланыңдар: кәрілікке дейін жастықты, ауру басталмай тұрып денсаулықты, кедейліктен бұрын байлықты, төтенше жұмыс келгенше бос уақытты және өлгенше өмірді» деп өсиет еткен. Жастардың бойына ұлттық мәдениетті сіңіруге ұмтылу – мемлекет саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Ұлттық мәдениет халықтың наным-сенімінен, салт-дәстүрінен, тарихи санасынан және тарихи жауапкершілігінен тұрады. Ұлттық мәдениетті адам өз бойына сіңірмесе, кез келген іс-әрекет пен күш-жігердің алдын ала сәтсіз аяқталуы мүмкін. Өйткені мәдениет – адамды рухани және материалдық жағынан жаңғыртатын негізгі қайнар көз. Жастар – елдің үміті, болашағы, нағыз асыл қазына. Сондықтан оның терең ұмтылыстары мен қажеттіліктерін елемеуге болмайды. Жастардың ынта-жігерін дұрыс жолға бағыттау керек. Ұлт пен мемлекеттің даму үдерісіндегі сындарлы бастамалар мен бағдарламалардағы жастардың шешуші рөлін мойындаған жөн. Ұлттық салт-дәстүрлермен ұштастыра отырып, жастардың жан-жақты дене, интеллектуалдық, адамгершілік және рухани дамуына көңіл бөлу қажет.

Майя ҚАМБАР, облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы