РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!
РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!
Баспасөз мәслихатында қасиетті айдың артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды. – Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық істеп, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілетін берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағына қарсы алады. «Ендігі жылы бұл қасиетті аймен қайта қауышуға ғұмырым жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен шығарып салады. Сондықтан, Хақ Елшісінің тілінде мына бір дұға әрдайым қайталанатын да тұратын: «Уа, ұлы Құдірет! Бізді қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!». Иә, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Сондықтан бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен айқаста күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдайды. Барша дене-мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге кісен салып бағады. Бұл айда оның көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.а.у.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертулері жаңғырып тұрады. Ораза тұтушы аштық халінде өзінің әлсіздігін сезінумен қатар, тоқтықта қадірін біле бермейтін қара су мен бір үзім нанның соншалықты құнды екендігін сезінеді. Бұл дегеніміз «судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мәнін аша түседі. Сонымен қатар ауызашар мезгілде құдды бір ыждаһаттылықпен дәл уақытты күтуде де сабырлылықтың нағыз үлгісін ұстанады. Қолбасшыдан бұйрық күткен қатардағы әскер секілді әлемдердің Раббысының рұқсат еткен уақытына тиянақтылық танытады. Демек, ораза айында сан қырлы сынақтарды (шөліркеу, аштық, ашуды жеңу, нәпсінің қалауы) бастан өткеріп, Жаратушымыздың ерекше сыйына қол жеткізу үмітін үкілейді. Ең ауыр дерт адамның ішкі жан дүниесінің бұзылуы болғандықтан, осы рухани дерттердің емшісі ораза екендігін ауыз бекіткен пенде жақсы біледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде айтқандай: «Шынайы мұсылман тілінен де, қолынан да өзгеге зиян келтірмейтін адам» болып қалыптастыратын ораза бізге берілген үлкен мүмкіндік. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан Жаратқанның құлдары бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс-әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді. Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулердің нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылданды. Алла қаласа, биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-сінен 18-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі, – деді Бейбіт Әліпбекұлы. Қасиетті айда ауызашар таратылып, мешітте рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыстың бас имамы пітір садақаны кімге берген дұрыс, садақаны тек ақшамен беріп, шектелудің қажеті жоқ екенін де атап өтті. – Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Пітір садақасын онлайн түрде мобильді банк қосымшасында пітір-садақа бөлімі арқылы да аудару мүмкіндігі бар, – деген Бейбіт Мырзагелдиев қасиетті айда қолға алынуы керек сауапты істер жайлы да айтып өтті. – Құран оқыңыз. Рамазан – Құран айы. Қасиеті мен қадірі асқақ ұлық айда көбірек Құран оқып, хатым жасап, жаттап, қазақша мағынасына да мән беріңіз. Хадисте: «Кiм Алла Тағала Кiтабының бiр әрпiн оқыса, оған одан бiр жақсылық бар әрi жақсылық он есе арта түседi. «Әлиф-ләм-мим»-дi бiр әрiп демеймін. Бәлкiм, «әлиф» бiр әрiп, «ләм» бiр әрiп, «мим» бiр әрiп», деген. Мінез-құлқыңызға көңіл бөліңіз. Отбасыңызға көңіл бөліп, балалардың діни тәрбиесін қадағалап, ағайын-туысқа хабарласып тұрыңыз. Ислам – иман, амал, ахлақтан тұрады. Бүгінгі күні ахлақ мәселесі мұсылмандар арасында ақсап тұрғаны жасырын емес. Діни кітаптар оқып, онлайн дәрістерге қатысып, өз мінезіңізді дұрыстауға көңіл бөліңіз. Садақа беріңіз. Жарты құрманың құнындай болсын садақа беру, мұсылман бауырыңның қажетіне жарау, тіпті жолда жатқан кедергіні алып тастау бұның барлығы садақа бергендей сауапқа кенелтеді. Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жарты құрма болса да беріп оттан сақтаныңдар», деді. Нәпіл намаздарын оқыңыз. Намаз бастаңыз, оқып жүрген болсаңыз нәпіл намаздарын қосып, Алла алдында ұзағырақ болыңыз! Бекітілмеген сүрелерді қоса оқи жүріңіз. Хадисте: «Алла екінті намазының алдындағы төрт бас намаз оқыған адамды мейіріміне бөледі» делінген, – деді баяндамашы.
Айжан ӨЗБЕКОВА