Самарқанның көк тасы, жібіді ме, көрдің бе?
Самарқанның көк тасы, жібіді ме, көрдің бе?
Иә, қазақтың байтақ даласына бұл күн әз болып келіп, одан кейін жаз болып, айдын-көліне қаз қонып, барлығы той-тойлап қалатыны бар. Мүмкін қазақ ықылымда періштені «Әз» деп таныған шығар. Ескіден жеткен аңыздың бірінде күн мен түн теңелген күні аспанда «Әз» жүреді деп сендіреді. Оны бірінші болып төрт түліктің ішінде қой ғана сезеді екен. Сол кезде аспанға қарап маңырап тұрған өрістегі қойлардың әрекетінен шопан да «Әздің» жүргенін сезетін болған екен дейді-мыс. Демек «Әз» көзге көрінбейтін құдірет иесі немесе аспанда ағыс қалыптастырып өтетін жылымық ауа деп түсінуге болады. Олай деуімізге наурыз батасындағы мына бір тармақтар себеп. «Жаз періште» – «Әз» кепті, Әзден үркіп қар кетті. Ақ қар, көк мұз жұтатқан, Наурыз келіп, жаз кірді. «Жаз періште» – «Әз» кірді, Күнеске тосып арқасын, Жан біткенге наз кірді», дейді. Міне осыдан-ақ «Әз» атауының қасиетін білуге болады. Иә, қазақ бұл күнді тек «Әз» келеді деп қана қарсы алмайды. Бұл «Ұлыс» – ұлық мереке. Бұл күні жүректер түгілі «Самарқанның көк тасының өзі ериді» деп сенген. Тастың өзін жібіткен қандай құдірет десеңізші?! Мүмкін «Көк тас» қыстың алапат мінезін көрсететін көк мұз шығар. Кім білсін? Әйтеуір арғы бабаларымыз көк түбірлі сөзге айрықша мән берген ғой. Сондықтан да наурыздың келуін «Самарқанның көк тасының» еруінен бастаған. Халық арасындағы Наурыз келгенде үлкендердің балаларға: «Самалақ, самалақ, Көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма?» немесе «Самарқанның көк тасы, Жібіді ме, көрдің бе? Қап тауының көк құсы, Жүгірді ме, көрдің бе?» деп сұрау салуы да сондықтан. Қазақ үшін Наурыз – жылдың басы. Оны тарихи деректердегі жазбалар айқындайды. Сондай-ақ зерттеушілер мен хакімдеріміздің де пайымы осыған сәйкес келеді. Мысалы, атақты шығыс шайырлары Фирдоуси, Әбу Райхан әл-Бирунилардың Наурыз туралы жазбаларын айтпаған күннің өзінде, бертінгі Алаш орда үкіметінің негізін қалаушы, ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы өзінің бір еңбегінде: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді» десе, Міржақып Дулатов: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз» деп жазып қалдырған. Әрине «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Сондықтан да біз оны жаңа жылдың басы деп есептеп жүрміз дейтіндер де көп. Алайда оның бұлай аталуы туралы тағы да сол кешегі ұлт зиялыларының сөзіне құлақ асуға тура келеді. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің жазбасында: «Наурыз – парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар бұқарлық, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жылғы күннің аты – Ұлыс». Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты Наурыз дегізген» деп жазады. Мейлі қалай болмасын, ғұн, түркі бабаларымыз әз Наурызды Ұлыстың ұлы күні ретінде қабылдап, ол күні біреуге деген ренішін жойып, көңіліндегісін көктен тілеген. Сондықтан да күн мен түн теңелетін күні даланы Қыдыр Пайғамбар аралап, бар тіршілік осы күннен басталады деп сенген. Сол себепті халқымыздың есігі жабылмай, келген қонақ хан болса да, қайыршы болса да оны жылы қабылдап, ас беріп аттандыратын болған. Ал наурызда келген қонақ «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген тілекпен есік ашатын дәстүрдің де арғы жағында айтар әңгіме көп. Қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің ата дәстүрі, наным-сенімі бойынша әр нәрсенің арғы тегі, атасы болады деп қабылдаған. Әрі жан мен рух мәңгілік деп есептеген. Осы дүниетаным бойынша «Әруақтардың анасы, яғни өлілердің жебеушісі Үлек, Ұлыс ана» деп таныған. Сондықтан оларға жыл сайын құрбандық шалып отырған. Әрі оны «Ұлыс ананың күніне» сай берілетін ас ретінде қабылдаған. Дәл осы уақытта аспанға қарап күн райын болжай білген данышпан бабаларымыз «Үркер жерге түседі» немесе «Үркер батады» деп есептеген. Міне, осы кезде «Көктем келді» деп сеніп көктен тілеген дүниесін жерден тапқан бабаларымыз жаңа жылдың алғашқы қадамы ретінде бұлақтың көзін ашып, тал егетін болған. Бұл ізгі қасиет әлі күнге дейін «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген тілекке ұласып, ұрпақтар арасында жалғасын тауып келеді. Не тілесе де табиғаттан, жеті қат көктен, жеті қат жерден тілеген сүйегі асыл текті арғы аталарымыз наурыздың 22-ші жұлдызын күн мен түн теңелетін күн, ұлық мереке деп айрықша атап өтетін болған. Әрі жетіге келген баласы жеті атасын жаттаса, жетпістегі атасы жеті ауылдың басын қосып, жеті түрлі тағамнан дәм таттыратын күн де осы болған. Жеті түрлі тағамнан ас әзірлеп оны көккөже деп атап, «Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын» деп тілек тілеп ішуінің де арғы жағында ата дәстүр жатыр. Ырымшыл қазақтың жеті тағамының біріншісі су. Оның мағынасы «өзендей тасыған өмірде судай мөлдір көңілімізді кірлетпейік, жаман ойдан, мінезден арылайық, судай тасқындап тұрайық» дегенді білдірсе, тұз қосқаны «дәм-тұзымыз жарассын, тату болайық, дәм-тұзымыз таусылмасын» деген ниет. Ал сүт пен айран қосқаны «сүттей ұйып, береке-бірлігімізді сақтайық» дегенді меңзегені. Ал енді ет қосқаны «қазанымыз құрғамасын» дегені болса, бидай қосқаны «біз де сондай өсіп-өнейік, көбейейік» деген тілек. Ал күріш тазалықтың және пәктіктің белгісі. Кейбір аңызда оны Пайғамбардың тісі деп танитын жайттар де жоқ емес. Сондықтан қасиетті ас санап, жеті дәмнің қатарына қосқан деуге болады. Міне, осындай Самарқанның көк тасы еріп жатқан мезгілде бабаларымыз жасаған игі дәстүрлер мен наным-сенімдерді қайта жаңғыртып, қасиетті наурыз айын ұлт болып ұйысып тойлап жатуымыздың өзі бір ғанибет.
Шапағат ӘБДІР