Қоғам

ҚОЗЫҚҰЙРЫҚТАН ҚАУІП ЖОҚ ПА?

ҚОЗЫҚҰЙРЫҚТАН ҚАУІП ЖОҚ ПА?

Қазір қаладағы кез келген сауда нүктесіне барсаңыз, саңырауқұлақ сатқан саудагерлерден көз сүрінеді. Әсіресе соңғы аптада жауын-шашынның көп түсуіне байланысты саңырауқұлақ саудасы тіптен қыза түскен. Сұраныс та жоғары. Біз осы орайда Тараз қаласындағы бірқатар базарды аралап, саудагерлермен, тұтынушылармен тілдесіп, маусымдық бизнестің жай-күйімен танысып қайтқан едік. 

Жалпы, саңырауқұлақтарды зерттеумен айналысатын миколог мамандардың зерттеуінше, жер шарында саңырауқұлақтың бір жарым миллионға жуық түрі бар екен. Әрине, барлығы бірдей жеуге жарамды емес. Мәселен, Қазақстан аумағында өсетін он мыңнан астам саңырауқұлақ түрінің тек мыңға жуығын ғана тұтынуға болады. Ал мыңға жуық саңырауқұлақтың ішіндегі ең сұранысқа ие түрі әрі қолжетімдісі – қозықұйрық. «Қайқармет» базарындағы саудагерлер де қозықұйрыққа сұраныс жоғары екенін айтады. – Әзірге қозықұйрық Талас және Мойынқұм аудандарынан ғана жеткізілуде. Бағасы да әртүрлі. Бір килосы 1 500 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін барады. Алайда жуық уақытта қозықұйрықтың бағасы арзандайды. Себебі басқа аудандардан да тасымалдана бастайды. Қазір сатылымда тек қозықұйрық қана бар. Ал өнімді белгілі бір кәсіпкерден аламыз немесе тұрақты жеткізіп берушіміз бар деп айта алмаймын. Ауданның қарапайым тұрғындары өздері теріп, бізге өткізіп кетеді. Улану қаупі жоғары екенін ескере отырып, терілгеннен кейін бірнеше күн тұрып қалған саңырауқұлақтарды сатуға жол бермейміз. Күніге жаңасын сатамыз. Сұраныс өте жақсы, – дейді «Қайқармет» базарындағы өзін Айжан Серікова деп таныстырған саудагер. Саудагерлердің айтуынша, тұтынуға жарамды саңырауқұлақтар Қаратау жоталарында көп өседі екен. Әрине, саңырауқұлақты теру де оңай шаруа емес. Дегенмен тау бөктерін жақсы білетін, қай жерлерде өсетінінен хабардар тұрғындар үшін оны теру аса қиын іс емес. – Біз жақта қозықұйрық түрі жиі кездеседі. Бірақ оны тере білу керек. Ерте қимылдау керек. Әрбір істің өз құпиясы болатыны сияқты, дала қозықұйрығын терудің де өзіндік сыры бар. Алдымен күн райын таңдап, оның нақты шығатын жерін білу керек. Содан кейін аяғыңыз талып, шаршамай тере білсеңіз қоржыныңыз толары анық, – дейді Қаратау қаласының тұрғыны Алмас Әбілқас. Мамандардың сөзіне сүйенсек, саңыруқұлақтағы ақуыздар мөлшері етпен салыстырғанда үш есе, жұмыртқамен салыстырғанда екі есе жоғары. Құрамында адам ағзасына пайдалы күрделі және жеңіл сіңетін көмірсулар кездеседі. Алайда дәрігерлер саңырауқұлақтан денсаулыққа төнетін қауіптің де басым екенін алға тартады. Бір ескерерлігі облысымызда саңырауқұлақтан улану оқиғасы тіркелмеген. Осы ретте мамандар өнімді міндетті түрде екі-үш рет қайнатып барып тұтыну керек екенін алға тартады. – Тұтынуға болмайтын улы саңырауқұлақтар да бар екенін ұмытуға болмайды. Саңырауқұлақтың жабайы өсетін түрінен улану қаупі өте жоғары. Тіпті адам өліміне әкеліп соғады. Өнімнің арнайы өсірілген түрлері, яғни қозықұйрық, аспа саңырауқұлақтар, қайың саңырауқұлағы, күзгі түбіртек және басқалары қауіпсіз болып саналады. Адамға азық болатын саңырауқұлақтар көбінесе ақ түсті болып келеді. Саңыруқұлақ құрамындағы В1, В2 дәрумендері ағзадағы қан айналымы процесін жақсартады. Шаш пен тырнақтың өсуіне оң әсер етеді. Ас қорыту жүйесіндегі сөл шығаруды реттейді. Алайда жеуге жарамды саңырауқұлақтардың өзін қолданар алдында мұқият қайнатып алмаса улы әсері өте жоғары болады, – дейді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің маманы Гауһар Макуетова. Саңырауқұлақ шаруашылығы – дамыған елдерде дара сала. Қазір әлемнің 70 елінде қозықұйрық егу жолға қойылған. Одан жылына 14 миллиард доллар қосымша табыс түседі. Бүгінде жеуге жарамды саңырауқұлақтардың дүние жүзіндегі өндірісі жылына 5 миллион тоннаны құрайды екен. Соңғы жиырма жыл ішінде өндіріс көлемі 13-18 пайызға өскен. Саңырауқұлақ өндірісінде Қытай көш бастап тұрса, АҚШ, Жапония, Франция, Тайланд, Германия, Польша, Канада елдері де бизнестің осы түрімен-ақ айтарлықтай табыс тауып отыр. Көрші Ресей мемлекеті жылына 6 мың тонна саңырауқұлақ шығаруды жолға қойған. Саңырауқұлақ өндірісі дамыған елдерде оны тұтыну жылына жан басына шаққанда 2,5 келіні құраса, Қазақстан 100 грамнан ғана келеді екен. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бізде саңырауқұлақпен айналысатын заңды шаруашылық жоқ. Жекелеген адамдар өздері өсіреді. Нақты қолдау жоқ. Алдағы уақытта медицинада денсаулыққа пайдалылығы әлдеқашан делелденіп, көптеген әлем елдерінің экономикасының күретамырына айналып отырған кәсіп түріне елімізде де көңіл бөлініп жатса құба-құп болар еді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ