Жамбыл жаңалықтары

Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Бүгін күллі Түркінің шаңырағында жаңа күн тойланып жатыр. Самарқанның көк тасы жібіп, көктем деп барлық отбасы күліп жатқан наурыз мерекесін қазақ сахарасы да өзінің сән салтанатымен тойлауда.

Қазақ баласы бұл күнді ырыс-береке алып келеді деп ырымдап, бар жақсысын осы күні киюгк, бар дәмдісін осы күні дастарханға салуға сақтайды. Әне сондай бар ниетті бір жерге түйістірген мерекені Тараз жұртшылығы ән мен күймен Көне Тараз тарихи этно мәдени алаңында атап өтті. Аталған іс шараға қазақи ою өрнекпен өрнектелген шапанын киген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те қатысты. - Бұл біздің халқымыз үшін айтулы мереке. Бұл күні еліміздің ырыс нұры шалқиды. Жер анамыз қайта түлеп, рухани жан-дүниеміз кемелденеді. Бұл ырыс пен құттың, бақ пен берекенің, шаттық пен мерекенің айы. Жаңа Қазақстан болып түлеген еліміздің жаңа қадамдарының бастауы болған ұлық мереке ұлтымыздың берекесіне ұйытқы болғай. Ұлыс күні құтты болсын, - деді аймақ басшысы. Шынымен де 2000 жылдық тарихы тасқа басылған Тараздың төрінде болып жатқан ұлыстың ұлы күніне жиналған көпшіліктің қарасы мол. Ақбоз үйлер тігіліп, асық ойнап, арқан тартатын алаңдар құрылып, барлық жұрт мереке мерейін асыруға атсалысып жүр. Соның ішінде бүркіт баптап, тазы жүгірткен қазақтың балалары, қолына қондырған қаршығасымен айырықша көзге түседі. - Бүгін біздің ұлттық мерекеміз наурыз тойланып жатыр. Бұл ұлттық асымыздан бөлек ұлттық құндылықтарымыздың неше түрі даріптелетін ұлық той. Сондықтан қазақтың саятшылық өнерін көрсету мақсатында бүгін қолымызда ұстап отырған ителгі, бүркі, тазыларымызды алып келдік. Жеті қазынамызға жататын осындай ұлттық байлықтарымызды жұртқа таныту біздің парызымыз деп білемін дейді, - саятшы Мейірбек Тастанбай. Әрине, той мерейін асыратын ұлттық ойындарымыз болса, оның ішіндегі атан жілік палуандардың орны бөлек қашанда. Бүгін қара күшпен дүйім жұртты тамсандырған жігіттерден гөрі нәзік жандылар қатары көп болды. Олар ауыр салмақ көтерумен қатар қазақ күресінен де алдарына қара салмады. Солардың бірі атақты спортшы Ақжүрек Таңатаровтың шәкірті, осыған дейін де бірталай спорт жарыстарының чемпионы Аружан Әсемкамалқызы. - Мен бұған дейін де бірталай республикалық жарыстарға қатысып топ жардым, алда тағы да ел абыройын асқақтататын жарыстарға өзімді  дайындап жатырмын.Бүгін ұлыстың ұлы дүбір тойынан да шет қалмайын деп осында келіп, өз өнерімді көрсетіп, ауырлығы 25 килограмды құрайтын құмшекерді 185 рет көтеріп қазірге рекордтық көрсеткіште тұрмын, - дейді ол. Міне осылайша күн менен түн теңелген, жердің өзі көгерген ұлық мейрамның соңы ұлттық ойындардан кейін сахналық қойылымға ұласты.

Шапағат ӘБДІР