Дауыс берушілердің белсенділігі төмен
Дауыс берушілердің белсенділігі төмен
Бүгін еліміз үшін тарихи сәт. Өйткені Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бір айта кетерлігі, Тараз қаласының «Қаратау» ықшамауданында орналасқан №70 сайлау учаскесінде сайлаушылардың белсенділігі төмен. Мәселен аталған сайлау учаскесінде 2810 адам дауыс беруі керек болса, күндізгі 15.00-ге дейін 500-ден астам сайлаушы ғана өз таңдауын жасаған. № 70 сайлау учаскесінің комиссия төрайымы Гүлбахира Бердімбетова кешкі сағат 20.00-ге дейін тағы 500 адам дауыс беретінінен үмітті. – Сайлаушылардың әзірге белсенділігі төмен болып тұр. Дәл қазір еріктілер үй-үйді аралап, елді сайлауға шақыру жұмыстарын әлі де жүргізіп жатыр. Кешкі сағат 20.00-ге дейін уақыт бар екенін ескерсек, базарда немесе басқа да шаруамен түске дейін дауыс беруге мүмкіндігі болмағандардың кешке дейін осында келіп, өз таңдауын жасауынан үміттіміз. Жалпы сайлауда белсенділік танытып жатқандар егде жастағылар. 85 жастағы қарияларға дейін таңертең келіп, өздері таңдаған партияға, кандидатқа дауыстарын берді. Сайлаушылардың ішінде үйден дауыс беретін екі адам болса, екеуі де өз даусын берді. Тағы екі азамат өмірінде алғаш мәрте дауыс берсе, оның біреуінің бүгін туған күні екен. Жалпы туған күнінде осы сайлау қатар келген 4 азаматқа сый-құрмет көрсетілді, – деді Гүлбахира Камалқызы. Аталған сайлау учаскесінде «AMANAT», «Ақ жол», «Respiblica» партиясының және «Жастар үні», «Жастар зерттеу», «Дауыс» қоғамдық байқаушылар, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестіктерінен, №27 сайлау округінен бір-бір, №15 сайлау округінен 3 адам бақылаушы ретінде қатысуда. Әзірге заңбұзушылық орын алмаған. Осы сайлау учаскесіне тіркелген сайлаушының бірі – Қуат Әбішев. Ол қызметте көрсеткен ерлігі үшін түрлі марапаттар мен төс белгіге ие болған азамат. Ол да сайлау учаскесіне ертерек келіп, өз таңдауын жасапты. – Мұндай маңызды науқанда ел азаматтары саяси белсенділік танытуы тиіс деп ойлаймын. Себебі жұртшылықтың бүгінгі жасаған таңдауы қазақ елінің болашағының баянды болуына жол ашатын ең маңызды қадам, – дейді ол. Айта кету керек, осы сайлау учаскесінде түске дейін наурыз мерекесі ұйымдастырылды. Ұлттық тағамдардан шағын дастарқан жайылды. Дойбы, арқан тартыс, қол күрес, асық ату секілді бұқаралық спорт және ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды.