Жаңалықтар

Жүректің жайын қозғасақ...

Жүректің жайын қозғасақ...

Тірі адам тіршілігінде тынымсыз әрекет етуші басты орган – жүрек. Айтқан жерден аулақ, ойламаған жерден жүрек соқпай қалса, адам баласы өмірмен қош айтысады. Денеміздегі патшалық төресі сол жұдырықтай ғана ет екенін медицина ғылымы да, діни ілім де дәлелдеген. Аяқсыз, қолсыз, көзсіз, тіпті бір бүйрексіз де тірі жүруге болатынын білеміз. Ондай жағдайларды көріп те жүрміз. 

Күллі қантамырларымыздың бастау алатын бұлағы – кеуде тұсымыздағы жалғыз бұлшық ет. Ол саусақ ұшынан бас құйқамызға дейін қан жүгіртетін мотор іспеттес дамылсыз әрекет етеді. Жаратушының құдіретіне бас исек те, бірақ ағзамыздың осы бір басты мүшесіне өзіміз кейде зиян келтіріп жатамыз. Оның жүйелі жұмыс жасаушы механизміне жағымсыз сыртқы әдеттермен түрлі кедергілер жасаймыз. Тамыр ішіндегі қанайналымдар процесіне проблемалар туындатамыз. Артық салмақ, шектен тыс денемізді жайлаған май, саламатты өмір салтын ұстанбау сынды мәселелер мен темекі шегу, алкоголь өнімдерін тұтыну секілді керексіз ұстанымдар жүрегімізге жүк түсіреді. Күнделікті күйбең тіршілікте басымыздан өтетін түрлі жағдайлар да жүрек соғысына кері әсерін тигізеді. Көз алдымызда сап-сау сөйлеп тұрып, қапыда қайтыс болған кісілерді де көрдік. Сол мезетте жедел жәрдеммен келген медицина қызметкерлерінен не болғанын сұрасақ, «аяқасты қан қысымының көтерілуі мен жүрек соғысының сол түста тоқтауы» себебін түсіндіреді. Тәп-тәуір ұйықтап, таңертең оянбай қалған адамдардың қайғылы жағдайына да куә болғанбыз. Біз көбіне «Алланың пенденің пешенесіне жазғаны осы шығар» деп ой түюден басқа басты себептерге бас ауыртпаймыз. Кәрі болса да, жас болса да «дәм-тұзы таусылған шығар» деуден артық ештеңе айта алмаймыз. Ажалынан бұрын асқынған сырқатын аңғармай, мезгілсіз өлуіне себепші дерттің диагнозын анықтау дәрігерлердің ісі. Ал алдын ала сол ақ халаттыларға жүгініп, ауырған жеріміздің ахуалын айту біздің өмірлік салтымыз екенін естен шығарамыз. Оған сылтаулар көп. Күйбеңі бітпейтін күнделікті тірлік пен үйдегі күтпейтін көп мәселе дәрігерге көрінуге мұрша бермейтіні де рас. Әзіл-шынын араластырып айтар болсақ, адам сияқты ауруға да уақыт жоқ. «Ауырып ем іздегенше – ауырмайтын жол ізде» деген мақал бекер айтылмаған. Сондықтан да қай-қайсысымыз өміріміздің ұзақ та мәнді болуы үшін сақтық шараларын ұстанғанымыз абзал. Бүгінде Тараз қаласында жүрек ауруларының алдын алып, оған ем-дом жасайтын «Кардиология және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» бар. Орталық отандық медицинаның дамуына өзіндік үлесін қосып, үлкен қызметтер атқаруда. Мұнда небір күрделі оталарға тәуекел етіп, оның сәтті аяқталуына бар біліктілігі мен күш-жігерін салатын білікті мамандар жұмыс істейді. Бір жолы сол жерде қызмет істейтін жас мамандарға кездейсоқ жолығып қалдым. Аздап тілдесу барысында Айжан Әшімханқызы есімді жас мейірбике жұмыстары жеңіл еместігін тілге тиек етті. Үлкен кісіден бастап сәбилерге дейін жүрек дертімен осы орталыққа түседі екен. Тіпті кейбірі дертін асқындырып алғаннан көз жұматынын да жасырмады. Егде адамдардан бұрын бесіктен белі шықпай жатып аталмыш дертке шалдығатын балаларды аяйтынымыз рас. Ойлана келе, орталыққа арнайы барып, медицина мамандарының қауырт тірлігін көзбен көруді жөн санадық. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми орталығы 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Орталыққа барғанда бізді осы салада 20 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан кардиолог, орталық директорының орынбасары Айгүл Ахмет қарсы алды. – Жүрек ауруларын емдеуде көптеген медициналық қызметтер ұсынамыз. Ота арқылы жүрек тамырларын ауыстырамыз. Бізге адамдар инфарктпен түседі. Ал инфаркттың болуына не себеп? Жүрек тамырларында тромб пайда болады. Тромб дегеніміз – атеросклероздық түйіншектер. Тамырдағы саңылаулар тарылады. Тромбтың салдарынан қан ағысы азаяды және жүрек жеткіліксіз қоректенеді. Ағзаға бұл қан келуінің жетіспеушілігі ишемия деп аталады. Біз жүректегі жарамсыз тамырды ағзаның басқа тамырымен алмастырамыз. Қазіргі заманауи технологияға сүйене отырып, қолдағы тамыр арқылы ота жасай береміз. Құралдарды жеткізу жүйесі ретінде қызмет ететін жұқа түтікше тәріздес өткізгіштер мен катетердің көмегімен тамырдың бітелген бөлігіне еніп, оны ішінен баллонмен кеңейтеміз. Ол үрленіп, қан ағымына кедергі жасаған аймақты кеңейтеді. Одан әрі біз нәтижені стентпен бекітеміз. Ол қаңқа болып, тамыр қабырғасын ішінен ұстап тұрады. Бұл заманауи құрылғылардың инфаркттың алдын алуға жасайтын қызметтері, – деді ол. Айгүл Төлендіқызының айтуынша, нәрестелердің бұл дертке шалдығуының бірнеше себебі бар екен. – Адам жүрегінде төрт қалқанша болады. Сол қалқаншалардың бірі бала туылғаннан жабық немесе ашық қалпында істен шығуы мүмкін. Осы себептен нәрестеде жүрек ақауы пайда болады. Яғни дем жетіспей, тыныс алуы қиындайды, ентігеді, ағзадағы қанайналым нашарлайды. Бала өзін жайсыз сезінеді. Ота жасау арқылы жүрегіне жасанды қалқанша орнатамыз. Бұл ота біз үшін үлкен тәуекелділікті талап етеді. Жалпы облыс бойынша жылда 300-ге жуық бүлдіршін орталыққа осы диагнозбен келеді. 1 жасқа дейін жүрегіне ота жасалмаған жағдайда олар көп өмір сүрмеуі мүмкін. Кейбір егде кісілер туғаннан осы жүрек ақауы бар екенін сезбей жүре береді. Денсаулығы сыр беріп, бізге келгенде бірақ біледі. Орталыққа 40-50 жастағы азаматтар көп келеді. Жүректерінде инфаркт пайда болған, ақауы бар. Бұл дертке адамдар жастары ұлғая келе шалдығады. Немесе тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін. Артық салмақ қосқандықтан, саламатты өмір салтын ұстанбағандықтан, стресс, уайым-қайғы, жалпы өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты шалдығады. Орталық мамандары қолдан келген қызметімізді жасаймыз. Клиника кеңес беру, кардиохирургия, кардиология, рентгенхирургия, лаборатория, реабелитация, реанимация, оперблог сияқты 8 бөлімнен тұрады. Осы бөлімшелердің көмегімен пациенттерге ем-дом жасаймыз, – дейді кардиолог. Білікті маман энергетикалық сусындардың да адамға берер зияны көп екенін айтады. Олардың құрамында көп кофеин бар. Глюкоза тым жоғары. Алғашында адамға көп күш берген сияқты әсер етеді. Өйткені жүрек соғуын шектен тыс жиілетеді. Ал жүрек тым қатты соққаннан шаршайды. Қалыпты ұйқы бұзылады. Уақыт өте келе, адам соған тәуелді болады. Орталықта емделіп жатқан пациенттің бірі – Жамбыл ауданының тұрғыны Сапархан Пашанов. Жасы 70-тен асқан қария мекеме ұсынған медициналық қызметке көңілі толатынын айтады. – Ота жасап, жүрегімдегі 3 тамырды ауыстырды. Ақпан айының 8-інен бері осында емделіп жүрмін. Қазіргі жағдайым тәуір. Орталық дәрігерлері тікелей бақылау жасайды. Ұсынылған медициналық қызмет сапасы жоғары деңгейде, – дейді қария. Жалпы әр адам өз денсаулығына алаңдап, дәрігерге уақытылы қаралса, скринингтік тексерулерден жиі өтіп тұрса, бұл ауруды алғашқы сатысында анықтауға, дерттің дендемеуіне септігін тигізеді. Әсіресе «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, не болса соны уайымдап жүрекке салмақ түсірмеуге тырысуымыз керек. Ал шылым, спиртті ішімдік, энергетикалық сусын іспетті зиянды заттардың денсаулыққа, оның ішінде жүрекке тигізер залалы тіпті орасан. Сондықтан өз денсаулығымызға өзіміз баса мән берейік.

Нұржан Әліш