«Соңғы қоңырау» қай күні соғылады?
«Соңғы қоңырау» қай күні соғылады?
«25 мамыр – 31 мамыр. Былай қарағанда, санаулы күндер. Алайда бұл санаулы күндер қандай мәселенің шешілуіне түрткі болмақ? Біріншіден, алты күн оқып жатқан, яғни сенбі күні демалмай жүрген 1,5 миллионға жуық оқушы бір жылдың ішінде 36 күн демалыс алады. Сенбі күні ата-анасының қасында болып, қосымшаларға барып, білімін дамыта алады, кітап оқып, үйде демалады. Екіншіден, бізде көптеген мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Оқу жүктемесінің азайғанына байланысты екі ауысымда оқып жатқан балалардың 300 мыңға жуығы бірінші ауысымда оқитын болады. Сонымен қатар 150 мыңға жуық мұғалім енді сенбі күні үйінде болады. Олар да демалуы керек. Балалармен жұмыс – өте күрделі іс. Сондықтан 1 қыркүйектен оқу жылының соңына дейін мұғалім шаршайды», деген еді Асхат Қанатұлы. «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысты өзгерістер қоғамда да, Мәжіліс отырыстарында да қызу талқыланды. Көптеген ата-ана мұндай шешімге қарсылық білдіріп, наразылықтарын жасырмады. Әлеуметтік желілерде биылғы соңғы қоңырауға қатысты жаңалықтардың астына пікірлерін қалдырып, соңғы қоңырау шарасын бұрынғыша 25 мамырда өткізу дұрыс шешім болатындығын жарыса жазуда. Ата-аналар тіпті соңғы қоңырауды 25 мамырға қайтаруды талап етіп министрдің атына хат жолдады. Мұның өзі бекер болмаса керек. Жаңа өзгерістер бойынша, «Соңғы қоңырау» 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні соғылуы тиіс болған. Осы тарихи маңызды датаны ескерген Мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжол Әлтаев мектептердегі «Соңғы қоңырау» күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек деген мәселе көтерді. А.Әлтаев мектептердегі соңғы қоңырау уақытының 31 мамырға белгіленгеніне наразылық танытты. Өз сөзінде депутат Қазақстанда 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне лайықты құрмет көрсетілмей жүргенін жеткізді. Ол «Бұл да аз болғандай, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №363 бұйрығына сәйкес орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36-оқу аптасының соңы 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Аталған министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма? Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап», деді Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында. Ол көтерген ұсыныс назарға алынып, соңғы қоңырау күні қайта ауысты. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, биылдан бастап соңғы оқу күні 31 мамыр болады. – Барлық қазақстандық мектептерде оқу жылының ұзақтығы 36 аптаны құрайды. Ал 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен қатар мектептерде соңғы қоңырау мерекесі атап өтілетін болады. Бұл өзгерістер 2022-2023 оқу жылы басталмай тұрып хабарланған болатын. Яғни осы оқу жылында барлық мектептер 5 күндік оқу аптасына көшті. Бұл педагог жұмыстарының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етіп, күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді деген мақсатта қабылданған шешім болатын. Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін түсіну маңызды. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады, –дейді Мейірхан Азатұлы. Осылайша еліміздегі мектептерде соңғы қоңырау 1 маусым күні соғылатын болады деген нақты шешім тағы да жұртшылықтың наразылығын тудырды. Елдегі ата-аналар қаншама жылдардан бері өзгермей келе жатқан соңғы қоңырау күнін ауыстырудың қажеті шамалы екендігін жеткізді. Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнұр Мейрамбекқызы да «соңғы қоңырау» шарасының жылдағы датада өткені дұрыс деген пікірде. – Оқу жылының ұзартылуына өз басым қарсымын. Оқу жылын бір аптаға ұзарту білімдегі олқылықты жоймайды. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі аптап ыстық түсісімен демалысқа шығуға асығады. «Соңғы қоңыраудың» дәстүрлі түрде 25 мамырда өтетіндігіне үйреніп қалған балалар мамыр айының басында-ақ «сәл шыдасақ оқу аяқталады, демалысқа шығамыз», деген ойға психологиялық тұрғыда дайын жүреді. Сондықтан 31 мамырды соңғы оқу күні етіп бекіту балаларды сабаққа қатысуға мәжбүрлеумен бірдей. Өйткені олар бәрібір оқымайды. Балаларға демалу құқығы қажет. Себебі онсыз да сабақтары күн сайын күрделеніп, бөлімдік жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарын жазып, түнімен үй тапсырмаларын орындағандықтан шынымен-ақ милары шаршайды. Ол аздай, соңғы қоңырауды 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесімен қатарластырып қойған. Бұл балаларды ең бақытты сәттерінен айырып, қуанышын ұрлағанмен бірдей, – дейді көпбалалы ана. Соңғы қоңырау төңірегіндегі даулы өзгерістер әлі де болса толастар емес. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ата-аналар тарапынан қаншама наразы пікірлер түсіп жатқандықтан Оқу-ағарту министрлігі мерекелік күнді 25 мамырға қайтару мәселесін қарастыруы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, жуырда Үкімет отырыстарының бірінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сарапшылар қауымдастығы алдағы уақытта соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтару мүмкіндігін талқылайтынын мәлім етті. Министр қабылданған шешімді бірден өзгерте салу оңай болмайтынын атап өтті. «Көптеген ата-ана 25 мамырды қайтаруды ұсынып жатыр. Шешім қабылдап, биыл бірден өзгерту оңай емес. Бұл мұғалімдердің сағаты мен оқу материалының жоспарланған көлемі сияқты алдын ала қабылданған оқу бағдарламаларына әсер етеді. Бірақ жалпы мен командама тағы да оқу жөніндегі қауымдастықты жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді немесе нақты шешім қабылдауды тапсырдым. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Бірақ қабылданған шешім биыл іске асырылады, – деді Ғани Бейсембаев. Ол шешімді сарапшылар қауымдастығы қабылдайтынын, талқылауға ата-аналар да қатысуы мүмкін екенін айтты. Шуға толы жаңашылдықтың әлі де болса нүктесі қойылмай жатыр. «Соңғы қоңырау» күні 25 мамырға қайтарыла ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Нақты шешім алдағы күндердің еншісінде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ