ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ЕҢСЕ ТІКТЕП КЕЛЕДІ
ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ЕҢСЕ ТІКТЕП КЕЛЕДІ
Мәселен, бір ғана Жамбыл ауданының өзінде өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2 тіректі, 7 спутниктік елді мекеннен 15 жоба іске асырылған. Жалпы сомасы – 1 425,7 миллион теңге. Нәтижесінде Қаракемер ауылында 25 орынға арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, Қызылқайнар және Айшабибі ауылдарында дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал Жұма және Жасөркен ауылдарында 7 ауылішілік көше жолдары жөнделген. Сондай-ақ 5 елді мекенде спорт кешенінің қазығы қағылған. Осылайша «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде көптеген өзекті мәселелер оң шешімін тауып, халықтың қуанышын еселеуде. Жоба шеңдерінде биыл да қыруар жұмыстар жүргізілмек. Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 2023 жылы жоба аясында 2 тіректі, 8 спутниктік елді мекенде 1,6 миллиард теңгеге 43 жоба іске асырылады. – Жоба бойынша Айшабибі, Гродиково, Пригородное, Өрнек, Қаракемер ауылдарындағы спорт кешенінің құрылысын аяқтауға және Бесағаш ауылынан спорт кешенінің құрылысын бастауға 943,3 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 727,4 миллион теңгеге 4 ауылдық округке қарасты 6 елді мекеннің 37 ауылішілік көше жолдары жөндеуден өткізіледі. Жыл ішінде қолға алынған жобалар шеңберінде 120-дан аса адам уақытша және 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік сатып алу конкурсына Бесағаш ауылындағы спорт кешенінің құрылысы бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына ұсынылды, 37 ауылішілік көше жолдарын жөндеу аудандық құрылыс бөлімі арқылы ұйымдастырылуда, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы. Яғни биыл да Жамбыл ауданының тұрғындарын көптеген жағымды жаңалықтар күтіп тұр. Спорт кешендері ашылып, көше жолдары жөнделіп, түрлі мәдени нысандар салынып, жағымды жаңалық көбейсе, көптеген әлеуметтік мәселелер шешіліп сала береді.
Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ