Жамбыл жаңалықтары

ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ

ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ

Ұлыстың ұлы күні аясында ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, дәстүрсалтымыз кеңінен дәріптеледі. Соңғы кездері қала жастары да асыл қазынамызды ардақтап, мәдени мұраларымызды насихаттауға белсенеатсалысып жүр. Мәселен, кеше Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ер қаруы – бес қару» атты ұлттық ойындар фестивалі өтті.

Ата-бабамыздың асыл мұрасын дәріптеп, жастарды саламатты өмір салтына баулу мақсатында ұйымдастырылған байқауға алты команда қатысып, садақ ату, арқан тарту, кіртас көтеру, ләңгі тебу, қол күрес сынды ұлттық ойындар бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде «Жеті қазына» командасының мүшесі Саят Қайыпов өз мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Ал ләңгі тебу сайысында мәдениет үйінің қызметкерлерінен құралған «Номад» құрамасының ойыншысы Бағлан Шубаев ләңгіні он сегіз мәрте теуіп, командасының мерейін үстем етті. Сайыс қорытындысы бойынша командалардың әр кезеңде жинаған ұпайы есепке алынды. Жалпы есеп бойынша жүлделі І орын мәдениет саласының қызметкерлерінен құралған «Номад» командасына бұйырды. «Тұлпар» құрамасы ІІ орынды, «Жеті қазына» құрамасы ІІІ орынды иеленіп, бағалы сыйлықтарға ие болды. – Бүгінгі сайыста командамыз дара шауып, бас жүлдені иеленді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Ұлттық құндылығымыз бен дәстүр-салтымызды дәріптеуге үлес қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Фестиваль жастардың рухын көтеріп, қазақ жігіттерін қайсарлыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Алдағы уақытта осы сипаттағы игі шаралар көптеп ұйымдастырыла берсін деп тілейміз, – дейді «Номад» командасының мүшесі Асхат Жанқожа. Фестиваль соңында додаға қатысып, бақ сынасқан ойыншыларға арнайы дипломдар мен cыйлықтар ұсынылып, қатысушылар естелікке суретке түсті. Өз кезегінде ұйымдастырушылар аталмыш жоба алдағы уақытта өз жалғасын табатынын айтты.

Нұрболат АМАНБЕК, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті