ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК МӘСЕЛЕСІ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАЙ ТҰР

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК  МӘСЕЛЕСІ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАЙ ТҰР
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК  МӘСЕЛЕСІ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАЙ ТҰР

Бірнеше апта бұрын өңірлік коммуникациялар қызметінде Тараз қаласының әкімі Ержан Жұматұлы тоғыз айда атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәслихатын өткізгені естеріңізде болар. Сонда Ержан Жұматұлы қоғамдық көлік жүйесін дамыту және жолаушыларға барынша сапалы қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. «Қоғамдық көлік тасымалдаушы мекемелермен автобус парктерін жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «City-bus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Golden Dragon» маркалы үлкен сыйымдылықты 10 автобус сатып алынды. Ал қараша айында «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10 автобус, «City-bus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 автобус сатып алды. Қыркүйек айынан бастап жаңа оқу жылының басталуына байланысты жолаушылар ағымының көбеюімен қалалық автобус бағыттарының жұмыс уақыты ұзартылды. Сондай-ақ бағыттарға қосымша автобустар қосу арқылы жүру аралықтары (интервал) қысқартылды», деген болатын.

 Алайда Тараз қаласындағы «Арай» алқабының тұрғындары Ержан Жұматұлының қоғамдық көліктердің жүру аралықтарының қысқаруына байланысты айтқанын жоққа шығаруда. Мәселен, жуырда редакциямызға хабарласқан аталған алқап тұрғындары айтыла ақжем, жазыла жауыр болған қоғамдық көлік мәселесін көтеріп, базыналарын жеткізді. Төзімі таусылып, әбден зәрезап болған алқап тұрғындары күннен-күнге дамып, көркейіп келе жатқан облыс орталығында жолаушы тасымалының талапқа сай болмауы – ақылға сыймайтынын айтады. 

Өзін «Арай» алқабының тұрғынымын деп таныстырған Әділбай Төлепов есімді зейнеткер мұнда қоғамдық көліктен басқа да халықты алаңдатқан мәселе шаш етектен екенін ашына жеткізді.

– Алқап тұрғындарының мәселесін айтып бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Бәрі «қатырамыз» деп арқамыздан қағып шығарып салады. Өкінішке қарай өзгерген дәнеңе жоқ. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері келді. Тұрғындарды ашындырған ең өзекті мәселе – қоғамдық көлікке байланысты. Шынымызды айтсақ, қоғамдық көліктердің жұмысындағы жүйесіздік әбден жанымызға батты. Мәселен №1, №23 бағытындағы автобус жүргізушілері өз білгендерін істейді. Халықтың жағдайына қарап жатқан бірі жоқ. Атап өтер болсақ, №1 бағыттағы автобус «Арай» алқабындағы «Домалақ ана» көшесіне кіруі керек. Бірақ кірмейді. Жолаушыларды «Жібек жолы» базарының маңынан тастап кетеді. Амал жоқ, тұрғындардың арқаланып-дорбаланып, 2-3 шақырым жаяу жүруіне тура келеді. Жүргізушілерінің көңіл күйі жақсы және жолаушысы көп болса ғана картадағы бекітілген жеріне дейін апарып тастайды.

Ал №23 автобусты да аялдамада сағаттап күтеміз. Жүру жиілігі 1 сағат - 1,5 сағат. Не деген сұмдық?! Мұнша уақыт күтіп тұруға кімнің төзімі жетеді. Қазір әбден күдерімізді үздік. №23-ті күтпейтін болдық.

Оқу жылы басталғанда қоғамдық көлік қатынасы реттелетін шығар деген үмітіміз болған. Бірақ үмітіміз ақталмады. Керісінше күн суыған сайын автобустардың жүру жиіліктері ұзап барады. Күздің жаңбырлы, суық күндерінде бүрсең қағып аялдамаларда тұрған оқушыларды көрсеңіз, жаның ашиды. Қыстың қақаған аязды күндерінде не болады сонда? Көбіне оқушылар автобус уақытында келмеген соң мектептеріне жаяу кетеді. Қазір күн аса суық емес. Қар да түскен жоқ. Жаяу баруға да болатын шығар. Алайда жаяу жүргіншілер жолағы да қарастырылмаған. Таңертең, түсте, кешке оқушылар қаздай тізіліп көлік жүретін үлкен жолдың үстінде кетіп бара жатады. Құдай сақтасын, ертеңгі күні жол жағалаған оқушылардың бірін көлік қағып немесе басқа да төтенше жағдайға тап болса, кім жауап береді?! Әлде жаяу жүргіншілер жолағын салу үшін міндетті түрде қайғылы жағдай орын алуы керек пе?

Ал кешке ата-аналар, ересектер ұл-қыздарын сабақтан күтіп алуға шығады. Өйтпеске шарасы жоқ. Себебі түнектей қараңғы көшелерде оқушы түгілі, ересектердің өзі жүре алмайды. Қаңғыбас иттер де көп.

Тізбелей берсек, алқапта түйінді мәселелер жетерлік. Қынжылтатыны, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне айтарлықтай кедергісін тигізіп жатқан мәселелерге құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Меніңше алқап тұрғындарының ашынғаннан шыққан ащы даусын қаламыздың әкімі Е.Жылқыбаев естімеген секілді. Мүмкін естіртпеген де шығар. Егер хабардар болса, ендігі оң шешімі табылатын еді, – дейді Ә.Төлепов.

Заңғар Бақытұлы есімді тұрғынның да қаланың атқамінерлеріне айтары көп екен.

– Қоғамдық көлік мәселесін белсенді тұрғындарымыз біршама уақыттан бері көтеріп жүр. БАҚ беттерінде де жарияланды. Облыстық телеарналар да түсірді. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас». Қала әкімдігіне де талай мәрте бардық. Дегенмен базынамызды тыңдайтын жан баласы табылмады.

Шалғайдағы елді мекен емес, облыстың орталығында қоғамдық көлік қатынасы шешілмей жатса, басқасына не айтуға болады. Телеарналардан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қала әкімдігіне жолаушылар тасымалын талапқа сай ету бойынша тапсырма беріп жатқанын бірнеше мәрте естідім. Мүмкін жауаптылар тапсырмалар орындалды деп есеп беріп те жүрген шығар. Шын мәнінде мүлдем олай емес. Күнде таңертең, кешке екі көзіміз төрт болып №23 автобусты күтіп тұрамыз. 12-20, тіпті жарты сағатта келсе түсінетін едім. Сағаттап келмей жүйкелетеді. Тіпті жұмыс күндері кешкі 17:30-дан кейін тоқтап қалады.

Балаларымызды таңертең Антарктидаға кетіп бара жатқандай қалың киіндіріп жібереміз. Өйткені аялдамада қанша уақыт күтіп қалатынын білмейміз. Егер №23 автобусқа халық көп мінбейтін болса, шығыны ақталмайтын болса, басқа да бірнеше маршрутты қосу керек деп ойлаймын. Себебі алқапта жылдан-жылға халық саны көбейіп келеді.

Айта-айта әбден шаршаған соң енді қандай амал жасарымызды білмей отырмыз. Сайып келгенде аса күрделі де мәселе емес қой. Тек жауапты мекеме басшылары халықтың жағдайына бас қатырғысы келмейді деп ойлаймыз. Тиісті мекеме басшылары «Арайға» келіп, қоғамдық көлікке мініп көрсе, біздің жағдайымызды түсінетін еді, – дейді Заңғар Бақытұлы.

Естіп-білген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек. Тұрғындармен тілдесіп, мәселенің мәнісіне қаныққан соң кештетіп «Сейфуллин» аялдамасына барып, жұртшылықтың жүйкесін жұқартқан №23 бағыттағы автобусты күттік. Біз аялдамаға барғанда сағат тілі кешкі 19:00-ді соғып тұрған еді. Көп ұзамай сабақтан шыққан оқушылардың қатары көбейіп, айнала араның ұясындай гуілдеп кетті. Қарап тұрмай оқушыларды сөзге тарта бастадық. Алғаш танысқан Нариман Әуезұлы есімді оқушы да «Арай» алқабында тұрады екен.

– «Арайда» тұрсаң, №23 автобусты күтіп тұрған шығарсың, иә, – деп әңгімені бастадық.

– Жоқ, ағай. №23 автобусты күтсем таңға дейін тұратын шығармын. Келмейді бәрібір. Күндіздің өзінде дұрыс жүрмейді. Картадан көргенбіз, №19 автобустың келетін уақыты болып қалды. Соған мінемін, – деп тақылдап жауап берді.

Мұнымен тоқтап қалмай бастырмалатып тағы бірнеше сауалымызды қойып тастадық.

– Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында оқимын. Сабағымыз 14:00-де басталады. 13:00-де үйден шығамын. Негізі біздің үйге жақын орналасқан аялдамадан №23 бағыттағы автобус жүреді. Неге екені, көбіне келмейді. Сағаттап күтіп, келмеген соң сабаққа таксимен баратын күндерім де көп болады. Ал күн жылы кездері бір шақырымдай жаяу жүріп, №19 автобусқа мінемін. Кешке сабақтан 19:10-да шығамын. №23 автобус мұндай уақытта да жүрмейді. №19 автобуспен үйге қайтамын, – дейді аталған білім ордасының 5-сынып оқушысы Н.Әуезұлы.

Аялдамадағы басқа да «Арай» алқабында тұратын оқушылармен сөйлескенімізде, барлығы бірдей Нариманның сөзін қуаттай түсті.

Көп күттірместен оқушылар күткен №19 автобус та келіп, аялдамада санаулы ғана жолаушы қалдық. Ал біз 20:00-ге дейін күтіп көргенімізбен, №23 автобустың қарасы да көрінбеді.

Араға бір күн салып тұрғындардың талап-тілегін арқалап Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ат басын бұрдық. Аталған бөлімнің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғабит Алтаевтың сөзіне сүйенсек, тұрғындардың жанайқайы мүлдем орынсыз секілді.

– Коронавирус індеті қоғамдық көлік қатынасына да айтарлықтай салмағын салды. Мәселен, бұрын қалада төрт жүзге жуық автобус жүрсе, қазір үш жүздей автобус халыққа қызмет көрсетіп жүр. Дегенмен қазіргі таңда бірте-бірте қалпына келтіріп, індет салдарынан туындаған қиындықтарды шешу мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Ал «Арай» алқабына үш бағыттағы автобустар (№19, 23,1) қатынайды. №19 автобус карантин кезінде қысқартылып, бесеуі-ақ жүрді. Қазір тағы бес автобус қосып, жалпы санын онға жеткіздік. №23 автобус карантин кезінде мүлдем тоқтап қалған болатын. Қазіргі таңда бес-алты автобус жүріп жатыр. Жүру аралығы он бес-он алты минут. Кейде бірі бұзылып қалса, орнына екіншісін жібергенше жарты сағатқа дейін уақыт кетіп қалады. Тасымалдаушы мекеме әлі де автобустарының қатарын көбейтіп жатыр.

«ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жуырда 10 автобус сатып алатын болады. Жаңа автобустарды №30 автобустың орнына шығаруды жоспарлауда. Ал №30 маршрутта жүрген автобустарды №19, 23-ке шығарады.

Тағы бір айрықша атап өтер жайт, жүргізушілердің жетіспеушілігі де туындауда. Әйтпесе автобустар бар. Карантин кезінде жүргізушілердің көбі басқа жұмыстарға ауысып кеткен. Тасымалдаушы мекемелер бұрынғы жұмысшыларын қайтарып жатыр. Осылайша аталған мәселе алдағы уақытта шешімін табады.

Сондай-ақ 6 маршрут (№12, 29, 40, 17, 16, 55) 21:00, 21:30-ға дейін жүреді. Қалғаны 20:30, 21:00-де жұмысын аяқтайды, – дейді Ғ.Алтаев.

Сектор меңгерушісі №23 автобустың 15-16 минут сайын, ал тұрғындар сағаттап келмейтінін айтады. Бәлкім облыс әкімі немесе қала әкімі шаһарды аралаған кезде №23 автобус 15-16 минуттап жүрген болар, ал қазір мүлдем олай емес екені айдан анық. Жалпы, №23 бағыттағы автобустың жүру аралығының ұзақтығы тек биыл ғана емес, бұған дейін де талай мәрте айтылды, жазылды. Алайда қала әкімдігі, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыннан ешқандай нәтиже шығармады. №23 автобустың «әңгімесі» әлі де жалғасып жатыр. Егер «Арай» алқабындағы мыңдаған тұрғынды толғандырған мәселеге Тараз қаласының әкімі Ержан Жұматұлының өзі араласпаса, Манас жырындай созылған қоғамдық көлік «жырының» әлі талайға жалғасатыны анық.

Талғат НҰРХАНОВ