Қазақстандықтар жеке куәлік суретіне өздері түсіп, ұнағанын таңдай алады

Қазақстандықтар жеке куәлік суретіне өздері түсіп, ұнағанын таңдай алады

Ендігі уақытта қазақстандықтар терминалдың көмегімен жеке куәлік және төлқұжат фотосына өздері түсіп, ұнаған суретті таңдай алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлім етті, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Бүгінде азаматтардың 80 пайызы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 10 қызмет бойынша жиі жүгінеді. Оның бесеуі ішкі істер министрлігі саласына қатысты. Біздің мақсат – қызметтерді автоматтандыру, ал онлайн қолжетімді қызмет түрлерін одан әрі жетілдіре түсу. Жыл санап халыққа қызмет көрсету орталығына келетін клиенттердің саны азайып келеді. Халық қызметтің көбісін онлайн алып жатыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанын алсақ, өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайған», - деді Сүйеніш Әбділдин орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында

Оның айтуынша, өткен жылы ХҚО арқылы 2,4 млн қазақстандық жеке куәлік және төлқұжат алған.

«Біздің тарапымызға халықтан жеке құжаттағы фотоның сапасына қатысты шағымдар түсіп жатады. Осы орайда біз Ішкі істер министрлігімен бірлесіп өзіне қызмет көрсету терминалын енгізіп жатырмыз. Министрлік аталған бастаманы қолдап отыр. Терминал биометриялық және интерфейс жүйесімен қамтылған. Клиент суретке өзі түсіп, қалаған фотоны таңдай алады. Одан әрі орталық қызметкеріне өтінішін береді. Қазір осы мәселеге қатысты бірлескен бұйрық шығару қаралып жатыр», - дейді ол.

Жаңа қызмет түрі таяуда Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылмақ.