ҚАНТ ҚАТ БОЛМАСА, ХАЛЫҚ БЕКЕРГЕ ШУЛАМАЙДЫ

ҚАНТ ҚАТ БОЛМАСА, ХАЛЫҚ БЕКЕРГЕ ШУЛАМАЙДЫ
ҚАНТ ҚАТ БОЛМАСА, ХАЛЫҚ БЕКЕРГЕ ШУЛАМАЙДЫ
ҚАНТ ҚАТ БОЛМАСА, ХАЛЫҚ БЕКЕРГЕ ШУЛАМАЙДЫ

Қазір қант іздеп, қан базарды жағалаған жұртта есеп жоқ. Енді қайтеді? Тосап қайнататын нақ осы уақытта бұл тауар түрі де қат дүниеге айналып шыға келді. Жалпы, облыс тұрғындары айына 1600 тонна қант тұтынады десек, одан бөлек кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорындарға 200 тонна құмшекер керек. Ал өңірде қант қоры бар болғаны 208,9 тоннаны ғана құрайды екен.

ТҰРҒЫНДАР ТӘТТІНІ  ТӨМЕН БАҒАДА ТҰТЫНҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Мәселеге байыппен қарасақ, көпшіліктің қант іздеп сабылатынындай-ақ бар. Өңірдің тұрақтандыру қорындағы 70 тонна, қоймалардағы 58,2 тонна, түрлі сауда орындарындағы 80,7 тонна қант облыстың бір айда тұтынатын қажеттілігін қайдан өтесін? Тұрғындар дастарқанға қояр тәтті таппай, дүкен жағалауға мәжбүр болса, амал не? Егер үйінде құмшекері бола тұра болашақты ойлап, «Қант бар кезде қапы қалмайық» деген ниетпен артық қор дайындауды мақсат тұтса, онда әңгіме басқа. Біз осыны шама-шарқымыз жеткенінше және халықтың қантқа деген қажеттілігін өтеуде отандық нарық қаншалықты қауқарлы екенін зерделеп көрген едік.

– Отбасымызда 5 адам. Жылына бір- екі қап құмшекер сатып аламыз. Осыдан бір ай бұрын бір қап құмшекерді «Ауыл-береке» базарынан 12 мың теңгеге сатып алғанбыз. Әлеуметтік желі арқылы қанттың бағасы қымбаттағанын әрі тапшы екенін біліп, әрі тосап қайнатуым керек болған соң, өткен демалыста аталған сауда орнына тағы бардық. Ол жерден 500 теңгеге қант таппайсың. Бір қап құмшекер алатын болсаң, келісі 750-800 теңгеден айналады. Ал биліктің қадағалауының арқасында «Дәмді себет», «Магнум», «Скиф» секілді ірі сауда орнында бағасы 490 теңгелік құмшекер бар. Бірақ адам басына екі келіден артық бермейді. Оның өзін ел қай кезде алып үлгеретініне таңым бар. Өйткені мен барған сайын сөрелер бос тұрады. Биыл жеміс-жидек көп. Бірақ тосап жаба алмайтын түріміз бар. Қантқа шектеу қойылған соң бірден 30-40 литр тосап жабуға мүмкіндік жоқ. Ал қабымен сататын дүкен тапсаң, бағасы удай. Қант бағасын, жалпы күнделікті тұынуды қажет ететін кез келген азық-түлік бағасының өсуі немесе қат болуы қарапайым халыққа оңай соқпайтыны анық. Өңірдің атқарушы билігі осының алдын алса, қазіргідей тосап қайнатар уақытта тәттінің бағасы барлық жерде бірдей түссе деген тілегіміз бар. Кейде көкейге «алыпсатарлар бар қантты қымбатқа сату үшін тығып ұстап отырған жоқ па?» деген де күдікті ой келеді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айжан Әмірбек.

ОТАНДЫҚ НАРЫҚ СЫРТҚА ТӘУЕЛДІ

Елімізде қант тапшылығы туындауына не себеп? Осы сауалға жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өз еліміздің өнімі отандық нарық сұранысын қанағаттандыра алмайтыны көршілес мемлекеттерде орын алған қазіргі геосаяси жағдай барысында анық белгілі болды. Қазақстанға шикізат та,  дайын өнім де шетелден келетін болған соң баға байлауға көнбей, өз дегенін істеп тұр. Ресей Федерациясына санкция салынбай тұрып, Қазақстан мемлекетіне қант құрағы теңіз көлігімен Латын Америкасынан Ресей порты арқылы әкелгенін, қазір еліміз бұл мүмкіндіктен айырылып қалғанын сарапшылар айтып жүр. Анығын айтқанда, Украина мен Ресей арасындағы соғыс біздің де экономикамызға кері әсерін тигізіп отыр. Бұл 30 жыл бойы мұнайға сенген қазақтың осы уақытқа дейін шикізаттан дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын көптеп ашуды жүйелемегенінен болып тұр. Осыдан қазақ елі сабақ алса игі. Еліміздің өндіріспен қоса, ауыл шаруашылығы саласының да сыналатын, шыңдалатын кезі енді келген секілді.

Бір айта кетерлігі, қант өндірісіне қажетті шикізат там-тұмдап болса да әзірге Грузия еліндегі Батуми порты арқылы жеткізіліп жатқан көрінеді.

Негізінде бүкіл еліміздің түкпір-түкпірін Алматы облысының, өз облысымыздағы Тараз қаласы және Меркі ауданы, Ойтал ауылындағы қант зауыттары қантпен қамтуға барын салып жатқаны белгілі. Бүкіл қазақстандықтарды осы үш зауыт қантпен 100 пайыз қамти алмайтыны анық. Соның ішінде өз өңіріміздегі екі қант зауыты «айына қанша өнім өндіріп отыр?» деген сауалға жауап іздейтін болсақ, екеуі жабылып айына 19 мың тоннадан астам құмшекер өндіреді екен. Осы тұста сырттан бізге шикізаттың үздіксіз келіп тұрмайтынын ескеруіміз керек. Егер аталған қант зауыттары жыл он екі ай тоқтамай жұмыс істесе, мәселе бұлай күрделенбес еді. Оның үстіне бұл қант зауыттары тек Әулиеата өңірін ғана емес, барлық облысты қантпен қамтуға міндетті. «Өңірдің қанты облыс тұрғындарына неге жетпейді?» деген сауалдың жауабы осы. 

ҚАНТ ҚАЙ ЖЕРДЕ АРЗАН?

«Не жоқ болса, сол қат» дейді қазақ. Қанттың қымбаттауына оның тапшылығы себеп болып тұр. Десе де күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түліктің, оның ішінде қанттың бағасын шарықтатпай, жүйелі бағада ұстау билік үшін басты міндеттің бірі. Осы орайда мүдделі мекемелер алдын алу шараларын қай деңгейде атқарып жатқанына назар салдық.  Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев қант бағасының өсуін жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі «Қант бағасы өсті» деген алып қашпа әңгімелер мәселені ушықтырып жіберген. 

– Өз өңіріміз өндірген құмшекерді өзіміз ғана тұтынып отыруға болмайды. Өйткені еліміздің барлық аймағында қант тапшылығы туындамауы керек. Сол үшін де өңірде қантты адам басына шектеумен беріп жатырмыз. Өйткені тұрғындар қантты қап-қабымен алғысы келеді. Мәселен, бүгін облыс бойынша сауда орындарына 40 тонна қант шығарылса, ертең 30 тоннасы шығарылады. Облыста нарыққа жол тартқан бір күндік қанттың көлемін сөз етсек, «Дәмді себет» және «Магнум» сауда орындарында он-оннан 20 тонна қант тұр. «Нұрислам» мен «Скифте» бес-бестен он тонна, «Фирканда» 6 тонна қант бар. Қалғаны әлеуметтік дүкендерде. Бұл сауда орындарында қанттың келісі 440 теңгеден босатылуда. Мысалы, базарларда да 5 келі қантты саудагерлер 450-500 теңгеден саудалайды. Қант тапшы, қанттың бағасы қымбат деген ақпараттар шындыққа жанаспайды. Жақында біздің басқарма тарапынан журналистердің қатысуымен Тараз қаласының түрлі сауда орындарында және «Ауыл-береке» базарында баспасөз туры ұйымдастырылды. Мәселе қанттың жоқтығында емес. Қала тұрғындары қантты сөрелерден бірнеше минут ішінде алып кететінін өз көзімізбен көрдік. Бір дүкеннен бес келі қант алған адамның, келесі дүкенді тағы да жағалап жүргеніне де куә болдық. Қант қымбаттады деп дабыра қылып жүргендерде дәлел жоқ. Олардың бір келі қантты 800-900 теңгеге сатып алғанын айғақтайтын қолдарында түбіртек жоқ. Егер қандай да бір саудагер қантты қымбатқа сататын болса, тұтынушы түбіртекті бізге көрсете отырып, шағым түсірсе, саудагерге бағаны негізсіз қымбаттатқаны үшін тиісті мекемелер тарапынан шара қолданылады, – деді ол.

БАҒА БАҚЫЛАУДА МА?

Осы басқарманың сауда және сыртқы экономик алық байланыс бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаев та қант қоры жеткілікті екенін, мамыр айында «Тараз қант зауытынан» қанттың 400 тоннасы алынғанын, ол қаладағы негізгі сауда нүктелеріне таратылғанын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, халықтың дүрлігуі, жапа-тармағай дүкенге ұмтылып, сөредегі қантты түскен-түскенінше талап әкетуі бізді осы жағдайға жеткізген. 

– «Дәмді себет» дүкенінде қант бағасы 490 теңгені құрайды. Мұнда күніне бір тоннаға дейін қант сатылады. Бірақ адам басына екі келіден артық берілмейді. «Фиркан» супермаркетінде қант – 495 теңгеден, «Ауыл-береке» базарында 520 теңгеден еркін саудалануда. «Нұрислам» супермаркетінде де қант емін-еркін саудалануда.Ол жерде де күніне 2-2,5 тонна қант сатылады. Онда бір келісі 495 теңгеден өткерілуде. Шектеу де бар, бір адамға – 2 келі ғана қант беріледі. Сонымен қатар күн сайын сауда желісінің дүкендеріне кей дүкеннің сөрелеріне келісі 349 теңгелік әлеуметтік қант түседі. Бірақ бұл қант түскен сәттен бастап тез сатылып кетеді. Мониторингтік топ қала дүкендерінде үнемі тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Саудагерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының үстіне бағаны 15 пайыздан асырып, тауар саудалауға құқы жоқ. Сонымен қатар қазір қантты қабымен сатуға да шектеу қойылған. Саудагер үстемесінің мөлшерін сақтамаған жағдайда бастапқыда ескерту жасалады. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін ол сол әдетін бір жыл ішінде қайталаса, шағын кәсіпкерлік субъектілерге 10 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны кәсіпкерлерге ескертілді, – деді Б.Орынтаев.

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпк ерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров бұл тығырықтан шығу үшін тұрақтандыру қоры арқылы бар мүмкіндік жасалып жатқанын сөз етті.

– Жамбыл облысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Тараз» ӘКК» өңірлік тұрақтандыру қоры осы жылдың басынан бастап 1 000 тонна кристалды қант сатып алды. Нақты шығын 20 миллион теңгеден асты. Негізінде Тараз қаласы бойынша 18 әлеуметтік дүкен бар. Оларға бір уақытта 10 тонна тәтті өнім жеткізіледі. Айта кету керек, бөлу павильонның ауданына және ауданның тығыз орналасуына байланысты. Қазіргі уақытта 1000 тоннаға жоспарланған түйіршіктелген қант сатып алынуда, оның бір килограмы 450 теңгеден зауыттық бағамен сатылатын болады, – деді Д.Әбілқайыров.

МОНИТОРИНГТІК ТОПТА ТЫНЫМ ЖОҚ

Жоғарыда аталған мек еме қызметкерлері айтқандай, мониторингтік топтың не іс тындырып жатқанына келсек, сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарындағы негізгі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасына мониторинг жүргізу мақсатында арнайы құрылған жұмыс тобы апта сайынғы негізде бағаларды бақылайтын көрінеді. Облыс әкімінің 8 ақпандағы өкімімен негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылау жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Аталған жұмыс тобы мен комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың және басқа да құзырлы мекемелердің өкілдері енгізіліпті. Сонымен қатар жұмыс тобы аптасына 1 рет мониторинг жүргізеді. Бұл ретте ағымдағы жылдың 11 маусым күні облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустралды-инновациялық басқармасы тарапынан 2 жұмыс тобы құрылып, аптасына 1 рет мониторинг жүргізуді міндетіне алған. 

– Бүгінгі күнге аталған комиссия және жұмыс тобымен облыс бойынша дүкендердің басшыларына сауда үстемесін заңнамада белгіленген мөлшерден асырмау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Үстеме мөлшерді 15 пайыздан асырмауын қадағалау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына бақылау қатаң жүргізілуде. Жыл басынан бері 1402 ірі және кіші сауда орындарында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жұмыс топтары мониторингке Тараз қаласы аумағында орналасқан базарлар мен сауда орындарын толық аралауда. Бұл ретте қант қорындағы қалдық пен айлық қажеттілігі айырмашылығын есептесек, қордағы қалдық айлық қажеттіліктің 13,8 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз айлық қажеттілікке 1 550,6 тонна қант тапшылығы бар деген сөз. Осы тығырықтан шығу үшін тұрақтандыру қоры комиссиясының соңғы ұсынысы бойынша қорға шұғыл қажеттілік жағдайына қосымша 1000 тонна қантты келісін 450- 485 теңге сатып алу шешімі қабылданып, конкурс жарияланды. Сонымен қатар облыс аумағындағы әлеуметтік дүкендер тұрақтандыру қоры арқылы құмшекердің бағасын 330 теңгеден өткеріп жатыр. Кондитерлік фабрикалар мен цехтар және ірі супермаркеттер желісіне күнделікті 30 тонна қант өнімін тікелей жергілікті қант зауыттарынан алуы ұйымдастырылған. Бағаны негізсіз көтерген заңсыздық анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-4-бабына сәйкес шаралар қабылданатын болады, – деді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Ельяр Құрманбек.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

Біздің қант зауыттары дәл қазір шикізатқа тәуелді. Осының алдын алу мақсатында қант қызылшасы алқабын ұлғайтуды облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы алдына міндет етіп қойғалы да біршама жылдың жүзі болды. Ал нәтиже қайда?

– Облыста тәтті түбір өсірумен 82 жиналып, орташа өнімділігі гектарына 333,8 центнерден айналды. Жиналған өнімнің 101,3 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Биыл 6,1 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, бұл алқаптан 214,4 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі гектарына 350 центнерді құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ жиналған өнімнің 122,5 мың тоннасы қант зауыттарына өткізіледі деп жоспарланды, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақ. 

Айта кету керек, біздің қолға түскен мәліметте аймақтағы қант зауыттарының жылдық қуаты 300 мың тоннаны құрайды деп көрсетілген. Бұл біздіңше облыс тұрғындары жылына қанша тонна қант тұтынады, соған орай берілген сыдыртпа жауап секілді. «Бәрін айт та, бірін айт» «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев елдік деңгейде ауыл шаруашылығына көңіл бөлінбейінше, мәселе оң шешім таппайтынын айтады.

– Қант тапшылығы, оның бағасының көтерілуі түптеп келгенде шикізаттың жоқтығынан. Әулиеата өңірі кезінде 35- 40 мың гектарға қант қызылшасын еккен. Қазір сол меженің он пайызынан астамын ғана орындап отырмыз. Қант тапшылығын болдырмау үшін балтамыр егілетін алқаптарды едәуір ұлғайту қажет. Біздің облыс пен Алматы облысының жері қант қызылшасын өсіруге қолайлы әрі тәжірибе де жеткілікті. Шындап кіріссек, бұл мәселе біршама шешімін табар еді. Егер біз, ауыл шаруашылығы саласын жедел қолға алмасақ, осы түйткіл келер жылы да, арғы жылы да алдымыздан қайта шығады. Біріншіден, қант қызылшасын егетін фермерлерге қолдау керек. Оларға жеңілдетілген несие беру, субсидия түрін, көлемін көбейту, техникасын жаңарту, ағын су, жерасты суын пайдалануына мүмкіндік жасау қант тапшылығын жоюдың бастамасы. Сонымен қоса зауыттарға да дәл осындай қолдау жасап, олардың өнім өңдеу әлеуетін арттыру қажет. Сонда ғана бұл мәселе шешіліп қана қоймай, тұрғындарға жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі де артады, – деді Ж.Дайрабаев.

ҮКІМЕТ БІР АМАЛЫН ТАБУЫ ТИІС

Еліміздегі шаруалардың сөзін сөйлеп жүрген жерлесіміздің сөзінің жаны бар. Бірақ қант зауыттарының қант қызылшасын өңдегеннен, сырттан келген шикізаттан дайын өнім өндіргені әлдеқайда тиімді әрі арзанға түсетін көрінеді. Өйткені ақ қант пен құмшекерді өндіруде қант қызылшасынан 12-13 пайыз, ал қант құрағынан 97-98 пайыз таза қант алынады екен. Міне, мәселе қайда жатыр?

Бізді таңғалдырғаны, қант бағасы қанша жерден бақылауда болғанымен, әлі күнге дейін қант бағасын негізсіз көтергендердің анықталмауы, оларға айыппұл салынбауында болып тұр. Демек базарларда «қолынан келгені қонышынан басып» қанттың келісін 800-900 теңгеден сата беретіні даусыз. Олардан тұтынушы түбіртек талап етсе, қантсыз қалатынын біледі. Ал мониторингтік топ мүшелері саудагермен тексеруші емес, тұтынушы ретінде сөйлеспегеннен кейін бәрі бекер.

Сосын, әлуметтік дүкендегі келісі 330 теңгелік қантты тек жағдайы жоқ адамдар алып жүрмегені ақиқат. Ондай арзан бағадағы тауардың қайда кетіп жатқанына күмәнмен қарамай-ақ қояйық. Бір анығы әлеуметтік дүкендегі арзан тауарды тұрмысы төмендермен жағаласып, байдың да, бағланның да сатып алып жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан билік кімнің тұрмыс жағдайы нашар, соның есебін шығарып, арнайы карточка ашу арқылы оларға күніне белгілі бір мөлшерде зауыт бағасымен тауар босатуды жүйеге енгізу керек. Сонда ғана әділдік орнайды және тұрақтандыру қоры арқылы арзан тауарға айналған қазына қаржысы ебін тапқан алыпсатар мен әлеуметтік дүкен жағалаған жағдайы барлар кесірінен ысырап болмайды. Үкімет осындай бір амал табуы керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ