ҚАЛАДАҒЫ ҚАРАҢҒЫ КӨШЕГЕ ҚАШАН ЖАРЫҚ БЕРІЛЕДІ?

ҚАЛАДАҒЫ ҚАРАҢҒЫ КӨШЕГЕ ҚАШАН ЖАРЫҚ БЕРІЛЕДІ?
ҚАЛАДАҒЫ ҚАРАҢҒЫ КӨШЕГЕ ҚАШАН ЖАРЫҚ БЕРІЛЕДІ?

Кеш батса жұлдыздармен жарыса жарқырайтын қала көшелеріндегі шамдар шалғайқарасулықтарға арман болып келе жатқаны қашан. Оның үстіне мұндағы көшелерде әлі де тротуар жоқ. Жүйткіген көліктердің жылдамдығын баяулататын белгі де орнатылмапты. Адам қағып, ажал құштырған оқиғаға да айға жетпеген. №21 және №52 мектепке баратын оқушылар мен ата-аналар үшін  бұл күнделікті күйіп тұрған басты мәселе. Осы ретте аталған алқап тұрғындары редакциямызға қайырылған болатын. Мәселенің мән-жайын саралап қайттық.

Облыс орталығына қарасты болғандықтан мұндағы қордаланған мәселелерге етене қанықпыз. Десек те соның ішіндегі көшенің жарығы мен жол белгілеріне қатысты жайт ата-аналардың жанайқайына айналып отырғаны жасырын емес. Себебі бала түгіл, ересек адамдар көлік астына түсіп, екі күннің бірінде зардап шегуде. Ал көшеде бейнекамера тұрмақ, жылдамдықты шектейтін, төмендететін белгілер де жоқтың қасы. 

Көшемізде не жаяу жүрушілерге арналған жол, не бағдаршам жоқ. Бұл ересектерге, әсіресе мектеп оқушыларына қиын болып отыр. Жол бойында тұратын кейбір кісілер өзі тар жолдың бұрылыстарын өздерінше қоршап алған. Салдарынан жолда келе жатқан көліктерге адамдар, ал адамдарға зулаған көліктер көрінбейді. Мен осы жерде он бес жыл тұрып келе жатырмын. Әкімдер мектепке халықпен кездесуге келген сайын тым құрығанда жылдамдықты төмендететін жол белгілерін орнатып беріңіздер деп сан мәрте сұрадық. Еш нәтиже жоқ. Талай бала көліктің астына түсіп жатыр. Өзім №21 мектепте жұмыс істеймін. Қасымызда №52 мектеп пен былтыр ашылған спорттық сауықтыру кешені бар. Кешқұрым көшеде жарық жоқ. Екі күннің бірінде жол-көлік оқиғалары болады. Жуырда ғана жұмыстан қайтып келе жатқан адамды қағып кетті. Ол тұрғын оқиға орнында көз жұмды. Осы мәселені қала басшылығы қашан шешіп береді? – дейді алқапқа қарасты Қостанай көшесі  №2 бұрылысының тұрғыны Алмагүл Байымбетова.

Желмен жарысқан көліктердің кесірінен мал шығыны түгіл, адамның қазасына да еттері үйренген тұрғындар балаларын мектепке шығарып салып, күтіп алудың өзі мұң болып отырғанын еститін құлақ, көретін көз болса дейді. Оның үстіне аталған көше бойындағы бұрылыстарға асфальт жабындысы төселгенімен, алайда ай сайын жарылатын су құбырларынан да әбден мезі болған.

Судың құбырлары жылына емес, ай сайын жарылады. Тіпті осы асфальт төселгеннен кейін тура бір айда жарылып, жолдың топалаңы шықты. Содан бері қазып келе жатыр. Қазып жатқандардан сұрасақ, құбырлары ескі дейді. Ақыры ай сайын қазатын болса, неге асфальт төсегені тағы белгісіз. Ай сайын аша бергеннен кейін асфальттің да сау тамтығы қалмады. 20 жылдан бері осы Шалғай Қарасуда тұрып келе жатырмыз. Негізгі мәселеміз– көшенің жарығы мен жылдамдықты баяулататын белгі не жылдамдықты бәсеңдеткіш жоқ. Тым болмаса көшемізге үш жерден жарық орнатып берсе де жеткілікті. Көп те сұрамаймыз. Жол бойында тротуар да жоқ. Оқушы балаларымыздың басым бөлігі №21 мектепке барады. Балабақшаға бару үшін де осы көшеден өтеді. Өзім көпбалалы анамын. Тал түсте көліктер тар көшеде «ұшып» жүреді. Ал тас қараңғыда ол көшеден өтпек түгіл, жанына жолауға қорқамыз. Бірер жыл бұрын әкімдіктен келген кісілер мәселені назарға алатынын, шешілетінін айтып уәде беріп кеткен. Бірақ ешқандай жарық та, жол белгісі де орнатылмады, – дейді тұрғын Талшын Жұмағалиева.

Ал тұрғындардың басым көпшілігі тар көшенің бойын ауласына айналдырып, қоршап алғандар бізді тыңдамайды дейді. Аталған жайттың өзі жол-көлік оқиғаларының көбеюіне басты себеп болып отырған көрінеді. 

Көшеде күні-түні көліктер жылдамдықты жүзден асырып айдайды. Екі жыл бұрын кішкентай баланы қағып кетті. Күні кеше ғана бір адамды қағып өлтірді. Көше комитетінің төрайымына да қанша мәрте айттық. Ол тұрғындардың мәселесіне бас ауыртпайды. Таң азанымен, кешкісін балалар жолдан өте алмайды. Оларға зулаған көліктер де жол бермейді. Кешкісін балаларымызды жолдың бойында күтіп тұрамыз. Тәртіп сақшылары да мұнда тұрмайды. Арнайы аралап жүретін полиция қызметкерлерін де көрген емеспіз. Олар тек жол апаты болғанда ғана келеді. Ит пен малды да сағат сайын қағып кетіп жатыр. Адам қаза тапқаннан кейін сабақ болатын шығар, көмек көрсететін шығар десек, одан да ешқандай қайыр болмай тұр. Мектепке баратын жол бойында жүргіншілер жолы жоқ. Түнгі жарықтың мәселесін айтып келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Қас қарайып, қараңғылық басқанда мектептен қайтатын балаларымызға алаңдап, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, – дейді тұрғын Камила Орынбаева. 

Қостанай көшесінің бойындағы бұрылыстарда да бағанадан көп нәрсе жоқ. Жарығы жоқ бағаналарға соқтығысып, зардап шеккен көліктер де аз емес көрінеді. Мұндайда жол бойында үймелеп тұрған бағаналардың пайдасынан зияны көп деуге де болады. 

Балаларымызды екінші Қарасудан балабақшаға арқалап алып барып, алып келеміз. Теміржолдан өтуіміздің өзі оңай емес. Қысы-жазы көрген күніміз осы. Ол аз дегендей көліктер де жол бермейді. Себебі мұнда жаяу адамдарға арналған өткел жоқ. Ең құрығанда мектеп пен балабақшаға баратын тұстан жаяу жүргіншілер жолағын сызып, бағдаршам не болмаса жылдамдықты бәсеңдеткіш орнатып берсе екен, – дейді тұрғын Сандуғаш Мұратова.

Тұрғындардың мәселесіне орай алдымен облыстық полиция департаментіне қайырылдық. Білгеніміздей, мұндағы мамандар біз айтып отырған көшенің қай жеріне қандай белгі, қай бағанаға жарық орнатылуы тиіс екеніне дейін зерделеп, қалалық әкімдікке 2 жарым ай бұрын ұсыныс жіберген екен. Аумақ бойынша қала әкімінің бас инспекторы Қанат Нұрланов та бұл мәселеге әбден қанық екенін, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс берілгенін жеткізді. Ұсыныс берілгеннен кейін де адам шығыны орын алғанын ескерсек, оның қашан іске асатынын, ол аралықта тағы қаншама жаяу жүргінші жапа шегіп, неше зулаған көлік зардабын көретінін ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі мәселенің мән-жайын білмек түгіл, қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілермен байланысудың өзі мұң болды. Қайта әкімдікке қарасты аталмыш бөлімге қарағанда, әкімдіктің өзі белсенділік танытқаны да көңілге медет. 

Бүгінгі таңда Қостанай көшесінде, атап айтқанда Талдықорған көшесінен Анарбаев көшесіндегі №21 Жұмабаев мектебіне  дейін түнгі жарықшамдар орнатылған, ал Анарбаев көшесінен Целиноград көшесіне дейінгі аралықтағы түнгі жарықтың құрылысы 2023 жылға  жоспарлануда. 

Сонымен қатар Қостанай көшесіндегі су желілерін ауыстыру жұмыстарын жүргізу үшін бастапқыда жұмыс көлемін және құрылыс-монтаж жұмыстарының құнын анықтау үшін сметалық құжаттаманы жасау керек. Осы көше бойынша су құбыры желілерін жөндеу жұмыстары қаланы су құбыры және кәріз желілерімен қамтамасыз ету бағытында бекітілген үш жылдық жұмыс жоспарына енгізілген және аталған жұмыстар 2023 жылға жоспарланған.

Қостанай көшесіне жылдамдықты азайту белгілерін орнату жұмыстары бюджеттен қаржы қарастырылған жағдайда орналастырылатын болады, – деді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.

Осылайша айтылған мәселе бүгін-ертең шешілмейтініне көз жеткіздік. Ендігі нәтиже алдағы күннің еншісінде. Десек те тұрғындардың жанайқайы тасада қалмай, қала басшылығы тарапынан ертерек ескеріледі деген сенімдеміз.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ, Тараз қаласы