ҚҰЖАТЫ БАР, ҚАРЖЫСЫ ЖОҚ АГРОХОЛДИНГТЕРДІҢ ЕРТЕҢІ НЕ БОЛМАҚ?!

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың назарына!

ҚҰЖАТЫ БАР, ҚАРЖЫСЫ ЖОҚ АГРОХОЛДИНГТЕРДІҢ ЕРТЕҢІ НЕ БОЛМАҚ?!

Жуырда ғана қызметінен кеткен Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысының әкімі болып келгеннен кетер-кеткенінше айтып, ерекше басымдық берген екі мәселесі болса, бірі – ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, агрохолдингтер құру болатын.

Сөзімізді дәлелді болуы үшін сәл артқа шегініс жасайық. Бердібек Машбекұлы облыс әкімі қызметіне кіріскеніне екі апта болғанда өңірдегі шаруа қожалық басшыларымен кездесіп, толғандырған мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын талқылады. Бірер сағатқа созылып, саладағы талай жылдан бері қордаланған өзекті мәселелер көтерілген жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев: «Еңбек өнімділігіне, жаңа технологияларды енгізуге, сапалы тұқым мен заманауи техниканы сатып алуға ерекше назар аудару қажет. Тағы бір көңіл бөлетін жайт – шаруашылықтардың ұсақталып кетуі. Мен үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өткізу, кеңселер жүйесін құру жөніндегі ұсыныстарды қолдаймын» деп, жауапты басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Араға екі айға жуық уақыт салып Меркі ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы агрохолдинг құруды тағы да бір еске салды. «Жерді барынша толық және тиімді пайдалану, оның құнарлылығын, дақылдардың өнімділігін және тұқым сапасын арттыру қажет. Әлі күнге дейін шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі шешілмей келеді. Бұл орайда ауылдық округ әкімдері тарапынан шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар әлсіз жүргізілуде», деді сонда облыс әкімі. 

Бес күннен кейін Мойынқұм ауданына барған Бердібек Сапарбаев: «Бүгінде агрос аланы дамыт у үшін шаруа қожалықтарды ірілендірудің маңызы зор. Тәжірибе көрсетіп отырғандай біріккен жағдайда шаруалардың ісі ширап, уақыт созбай ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізіп, несие алуға да мол мүмкіндік туындайды», деп осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Өткен жылы да шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі облыс әкімі тарапынан аз айтылған жоқ. 2021 жылдың ақпан айында Жуалы ауданына барған Бердібек Сапарбаев: «...Бұдан басқа ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге назар аударған абзал, бұл оларға ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мүмкіндік береді. Адамдарға пайда табатын жолды көрсете білген жөн. Олай болмаған жағдайда аудан экономикасы төмен деңгейде қала береді» деді.

2021 жылдың шілде айында байзақтық шаруалармен кездесуінде де Бердібек Машбекұлы: «Мен үнемі ұсақ шаруа қожалықтар бірікпей, шаруаның алдыға баспайтыны туралы айтып келемін. Біз жаңа құрылып жатқан агрохолдингтерге барынша қолдау көрсетіп, олардың аяқтан тұруына көмектесуіміз керек. Ұсақ шаруаларға холдинг жұмысын насихаттай отырып, оларды да ірілендіруге үгіттеуге тиіспіз. Сол кезде өнім де, табыс та арта түседі» деп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді үлкен кооперативтерге немесе агрохолдингтерге біріктірудің маңыздылығы зор екенін айтты. 

Ал 2022 жылдың наурызында Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысқан облыс әкімі: «Жер – халыққа жұмыс істеуі керек. Осы ретте ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге баса көңіл бөлген маңызды. Сол арқылы техника тапшылығы, сапалы тұқым мен тыңайтқышпен қамту, өнімді өткеру мәселелерін шешуге болады» деген еді. 

Осылайша Бердібек Машбекұлының шаруашылықтарды ірілендіріп, агрохолдингтер құруға байланысты әр айда, әр жылда айтқандарын, тапсырмаларын санамалап, жіпке тізе беруге болады. Бірақ жоғарыда келтірген мәліметтерден-ақ бұрынғы облыс әкімінің агрохолдингтер құруға айрықша көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Көңіл бөлінді. Айтудай-ақ айтылды. 

Ал нәтиже қандай? Екі жылда не өзгерді?  

...2020 жылдың 10 ақпанында облыс әкімі болып тағайындалған Бердібек Машбекұлы 2 жыл, 2 айға жуық уақыт қызмет атқарып, жуырда, яғни 7 сәуірде лауазымынан босатылды. Екі жыл, екі ай аз уақыт емес. Сондықтан 2020 жылы берілген тапсырмалар орындалып, әрбір ауданда агрохолдингтер құрылып, ендігі жұмысы жолға түскен болар деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Біз де солай ойлағанбыз. Өйткені бұған дейін облыс әкімдігінде өткен жиналыстарда әрбір ауданда агрохолдинг құрылып, қарқынды жұмыс істей бастағанын басшылардың мақтана баяндағаны есімізде. Сөйтсек, біз алданған екенбіз. 

Бәрін басынан бастайық. Өткен аптаның дүйсенбісінде екі жылдан бері айтылып, жазылып жүрген агрохолдингтердің бүгінгі жай-күйіне қанығу мақсатында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына ат басын тіредік. Алайда уақыт жоғалтып барғанымыз бекер болған екен. Агрохолдингтердің жайына қанықпақ түгілі басқармадан оймақтай мәлімет ала алмай, қапа болып қайттық. Әйтеуір басқарманың баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақовтан әр аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімі басшыларының байланыс нөмірлерін алып қайтқанымызға қуандық. 

Сейсенбі күні облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловқа хабарластық. Ербол Жұмабекұлының жұмысы тым қауырт екен. Мүлдем уақытының жоқ екенін алға тартып, орынбасары Дәурен Тәжібековке сілтеді. Орынбасарды да орнынан табу қиын болды. Тіпті бірнеше мәрте қоңырау шалғанымызбен Дәурен Бейсенбекұлы телефон тұтқасын да көтермеді. 

Сонымен амал жоқ аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларымен сөйлесіп, әр аймақтағы ахуалмен жеке-жеке танысуға тура келді. Ендеше қағаз жүзінде қанттай агрохолдингтердің ахуалының шын мәнісінде қандай екенін біз емес, бөлім басшыларының, мамандарының өздері айтып берсін.

Сейілбек ДАРИЯБЕКОВ, Сарысу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасын Қайрат Аманов басқарып тұрғанда агрохолдинг құру мақсатында ауданнан екі шаруашылықты дайындаған болатынбыз. Дайындалған күйі қалды. Ауыл шаруашылығы басқармасында жиналып, талқыладық та. Қаржы бөлініп, төмен пайызбен техника берілетінін айтты. Біз де өз ұсыныстарымызды айттық. Кейін шақыртамыз деді. Бірақ сол күйі шақырмады. Жалпы аудандағы 130 шаруа қожалық бірігіп, іс бастауға дайын болған. 

Меніңше бастама өте дұрыс секілді. Шаруашылықтарды ірілендіріп, шаруаларға қолдау көрсетсек, тұралап тұрған агросаланың тамырына қан жүгіртер ме едік?! 

Ауданбек ЕРУБАЙ, Талас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: 

Талас ауданында 846 шаруа қожалық тіркелген. Биыл ауданда агрохолдинг құрылды. Қазіргі таңда құрамында төрт мүшесі бар. Әлі де көбейіп жатыр. 

Бақыт БЕТПАЕВ, Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

–  Өткен жылы екі агрохолдинг құрылды. Суармалы жері көп, егін шаруашылығына қолайлы екі ауылдық округті таңдап алдық. Негізі барлық ауылдық округте құруға мүмкіндік бар. Егер шаруашылықтар іріленіп, агрохолдинг құрылса 2,5 пайызбен техника берілетінін, басқа да қолдау көрсетілетінін айтқан. Әрі алған техниканың 50 пайызы субсидияланатын болған.

Сөйтіп агрохолдингті құрып, дайындап қойдық. Алайда ары қарай не істейтінімізді айтқан жоқ. Жұмыс алгоритмін бермеді. Тек қағаз жүзінде қалып қойды.

Қызыр ЕЛЕУСІЗОВ, Мойынқұм ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

–  Құрыңдар деген соң өткен жылы Бірлік ауылдық округінен агрохолдинг құрдық. Бірақ не қолдау жоқ, не бағдарламасы жоқ. Аяқсыз қалды.

Амангелді ӘБДІБЕКОВ, Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы: 

– Өткен жылы тапсырма бойынша агрохолдинг құру мақсатында аудан шаруалары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Шаруалар да қызу қолдады. Бірақ әлі құрылған жоқ. Бәрін дайындап қойғанда қаржының жоқ екенін айтты. 

«Агрохолдинг құрыла ма?» деп, аудан шаруалары әлі де сұрайды. Барлығы қолдауға сүйеніп тірлігін тіктеп, шаруашылығын дамытуға ынталы. 

 Темірғали БИҒАЛИ, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

–  Ауданымызда агрохолдинг өткен жылы құрылды. Құрамында үш мүшесі бар. Жуық уақытта тағы үш мүше қосылады. Сондай-ақ тағы бір агрохолдинг құру жоспарлануда. Оған 14 шаруа қожалық кіреді.  Ауданда 1 341 шаруа қожалық болса, 711-і егін шаруашылығымен айналысады. 150 мың гектар жер болса, 146 мыңы жылда игеріледі. 

Алмабек ЖҰРЫМБАЕВ, Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы: 

– Агрохолдинг құрылған жоқ. Құрмақ болғанбыз. Ұсыныстарымызды, қажетті техникалардың тізімін жазып, ауыл шаруашылығы басқармасына беріп отырдық.  Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аудан бойынша 42 шаруа қожалық тапқан болатынбыз. Бірақ кейін барлығы бас тартты. 

Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ, Жуалы ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: 

– Агрохолдингті құруын құрып қойдық. «Құрыңдар, ұсыныстарыңды беріңдер» деді. Тапсырманы орындап, ұсыныстарымызды өткізіп, шаруашылықтарды дайындадық. Бірақ қаржысыз құрғаннан пайда жоқ. Барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі ғой. Сондықтан іске асқан жоқ.

Нұрсұлтан АҚЖОЛОВ, Байзақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Өткен жылдың аяғында аудандағы бірнеше шаруа қожалық бірігіп, «Аспан Агро» холдингі құрылды. Несие рәсімдеп техника алуда, жер игеруде бірігіп жұмыс істеуде көп көмегі тиіп жатыр. Алдағы уақытта жеңілдікпен техника алмақшы.

Садықжан БҰТАБАЕВ, Меркі ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Осыдан екі жыл бұрын «МерАгро» агрохолдингі құрылды. Өткен жылы Ресейден 236 бас ет бағытындағы асылтұқымды ақбас сиырлар алып келді. Күзде төлін алады. 

4 мың гектардай жері бар. Алдағы уақытта егістік алқабын бұдан да ұлғайтуды жоспарлап отыр. Техникалары баршылық. Дегенмен тағы да 100 миллионға техника сатып алуды жоспарлауда. Одан бөлек 290 миллионға диірмен соғайын деп жатыр

Екі жылда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарды. Алдағы жоспарлары да ауқымды.

Міне, атқарылған жұмыстың нәтижесі. Жүктелген тапсырма толық орындалмаған. Басы тәп-тәуір бастал ып, с оңы сиырқұйымшақтанып, су аяғы құрдымға кеткен екен. Тіпті кейбір бөлім басшылары «агрохолдингтердің болашағы қандай болатынын, қандай қолдау көрсетілетінін өзіміздің де білгіміз келеді» деп шынын айтты. Біздің де білгіміз келгені – осы. Сол мақсатта агрохолдинг басшыларымен де сөйлесіп, жұмыс барысы, көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы сауалдарымызды қойдық. 

– Бұрынғы облыс әкімі Бердібек Машбекұлы агрохолдингтерге қолдау көрсетіледі деген соң биыл іске іске кірісіп, «Талас» агрохолдингін құрдық. 

Талас ауданына қарасты Бостандық, Ақкөл, Қызыләуіт ауылдарында барлығы 1 500 гектар жеріміз бар. Мақсатымыз суды үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егін шаруашылығын дамыту. Сол үшін жаңбырлатып суғару технологиясын, төмен пайызбен ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарымызда бар. Одан бөлек мал шаруашылығын да дамытсақ деп ниеттеніп отырмыз. Естуімізше салалық қаржы ұйымына тапсырма берілген көрінеді. Сондықтан қажетті құрал-жабдық, техникаға қол жеткіземіз деп ойлаймын. 

Қазіргі таңда агрохолдингтің 8 мүшесі бар. Егер қажетті несиемізді алып, жұмысымыз жақсы жүріп кетсе мүше болғысы  келетіндердің саны еселеп өсетін шығар. Ал көптеп мүше тарту үшін нәтиже көрсете білу керек, – дейді Талас ауданындағы «Талас» агрохолдингінің директоры Берік Қасымов.

Келесі кезекте сарысулық шаруа қожалық төрағасымен (аты-жөнін жазбауымызды өтінді) сөйлескенімізде агрохолдинг құруға байланысты басқа да мәнді мәселелерге қаныға түстік. 

– Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев холдинг құруды келгеннен айтты. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына (екі жылда бірнеше басшы ауысты) тапсырма берумен болды. Ендеше неге нәтижесі жоқ деп ойлайсыз?! Себебі көп. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасын жақсы білесіз. Алғашында пилоттық жоба жайлы айтыла бастағанда сенбегенбіз. Дегенмен аз уақытта-ақ күдігіміз сейілді. Осы уақытқа дейін жүздеген, мыңдаған тұрғын игілігін көрді. Агрохолдинг құруды да аталған пилоттық жоба секілді жүзеге асыру керек еді. Бірінші қаржы бөліп, одан кейін он ауданда ірі он агрохолдинг құрса жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Сол холдингтерге жерінің көлеміне, мүшесінің санына, қажеттілігіне қарай төмен пайызбен техника, жаңбырлату, тамшылатып суғару құрылғыларын, тұқым, тыңайтқыш берсе ешқандай мәселе туындамас еді. Себебі қазір кез келген диқанды техника тапшылығы, ағын су, сапалы тұқым мәселесі алаңдатып отыр.

Ал агрохолдингті неге құрамыз?! Агрохолдинг – ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру. Ірілендірілген шаруашылықтар іргелі жұмыс атқарады. Ірі шаруашылыққа инвестиция тарту, жаңа технологиялар әкелу әлдеқайда жеңілірек. Мұнд а мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын, өнімдерді өткізу мәселесін де жолға қоюға болады. Бірігу дегеніміз, мал мен мүлікті біріктіру емес, тек ұйымдасып өткізу үшін өнімді біріктіру. Бірақ пайда бірікпейді. Кім қанша өнім тапсырса, соған сай қаржы табады. Міне, нақ осы мәселені әрбір азаматтың дұрыс түсінгені абзал.

Өкінішке қарай, шаруашылықтың ірісі ең дұрысы екеніне көзіміз жетіп тұрғанымен, қолымыз байлаулы. Тапсырма беріп қойғаннан ешнәрсе шешілмейді. Шешілсе екі жылда шешіліп кетер еді ғой. Нақты механизмі болуы керек еді. Механизмі жасалмады. Айтылып, айтылып қойды. Ендігі үмітіміз – облыстың жаңа әкімі Нұржан Молдиярұлында. Ауыл шаруашылығы саласында талай жыл еңбек етті. Ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Сондықтан көпті толғандырған мәселенің түйінін тарқатуға бар күш-жігерін салады деп ойлаймын, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

Сәрсенбі күні облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тәжібековке тағы да қоңырау шалдық. Тілдесіп, мүмкін болса кездесіп, көптің базынасын жеткізгіміз келген. Алайда Дәурен Бейсенбекұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің облысқа іссапармен келуіне байланысты жұмыс қауырт екенін, ауданға жол жүріп бара жатқанын айтып, кездесуімізді келесі аптаға қалдырды. Мақала газетіміздің сенбі күні жарық көретін нөміріне жоспарланып қойғандықтан келесі аптаға дейін күтіп отырғанға уақытымыз тығыз болды. Сондықтан қолда бар мәліметті қанағат тұтуға тура келді. 

P.S. Ербол Жұмабекұлының облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының екі тізгін, бір шылбырын қолға алғанына бес айға жуықтады. Әрине, бес айда облысымыздың тұрақты дамуында үлкен әлеуетке ие саланың кем-кетігін бүтіндеп, жыртығын жамау мүмкін емес. Саладағы айтпасқа, жазбасқа болмайтын кемшіліктің бірін мақаламызға арқау еттік. Қызметтен кеткен бұрынғы басқарма басшыларын қаралап, сөге жамандағанымыз емес. Бірақ шындығы бұған дейін басқарманы басқарған Берік Болатұлы да, Қайрат Тілеубайұлы да агрохолдинг құруға байланысты көптің тілегін қанағаттандыра алмады. Енді жамбылдық жер емген диқандар Ербол Жұмабекұлына үлкен үміт артып отыр. Үміттері алдамаса игі...

Талғат НҰРХАНОВ