ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ
ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ
ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МЕДБИКЕ КҮНІ (АҒЫЛ. INTERNATIONAL NURSES DAY) ЖЫЛ САЙЫН 12 МАМЫРДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МЕДБИКЕЛЕР КЕҢЕСІНІҢ (ICN) ҚОЛДАУЫМЕН АТАЛЫП ӨТЕДІ. МЕДБИКЕЛЕРДІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ МЕДБИКЕ ІСІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ, АҒЫЛШЫН МЕДБИКЕСІ ФЛОРЕНС НАЙТИНГЕЙЛДІҢ (FLORENCE NIGHTINGALE MUSEUM) /1820-1910/ ТУҒАН КҮНІМЕН ТҰСПА-ТҰС КЕЛГЕН.

Флоренс Найтингейл 1820 жылы 12 мамырда Флоренцияда дүниеге келген. 1837 жылдан 1839 жылға дейін әке-шешесімен Еуропаны аралады. 1883 жылы Королеваның Қызыл Крестімен, 1907 жылы «Сіңірген қызметі үшін» («За заслуги») орденімен марапатталды. Флоренс ХІХ ғасырдағы медицинаның дамуына зор үлесін қосқан жан. Бақуатты отбасынан шыққан батыл қыз түрлі медициналық орындарда қызмет еткен.

1849 жыл ы Германиядағы Кайзерверттегі Диконис институтында болып, жұмысымен танысып, Англияға оралғаннан соң мейірбике болуды мақсат етті. 1853 жылы Лондондандағы Харли-Стриттағы шағын жекеменшік ауруханаға жетекші болды.

Оның бірден бір ерлігі ол 1854 жылы өзімен бірге 38 мейірбикені алып Түрік еліне аттанып, Скутари аймағында дала госпиталінде, кейін Қырымда майдан даласында еңбек етіп, ағылшын-француз госпиталіндегі сарбаздарға қайырымдылықпен медициналық көмек беруі. Сөйтіп қан майдан соғыста талай жаралы сарбаздардың жүрегіне жылу беріп, оларды ажалдан арашалап алады. Бұл топ соғыс барысында жарақат алған солдаттарға медициналық көмек көрсетіп, ем-дом жүргізуге үлкен үлес қосты. Медбикелер тәулік бойы Түркия мен Қырым ауруханаларында оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, өлімнен арашалап, сауықтырып, аяқтарына тұрғызған. Соның арқасында алты айдың ішінде өлім-жітім 42 пайыздан 2,2 пайызға төмендеді. Игі көмектері үшін оларға әр кез құрмет көрсетіліп, орасан зор алғыс білдірілетін.

1852 жылы Флоренс өз қаржысына Қырымдағы Балаклава биігіне Қырым соғысында шейіт болған әскерлердің, дәрігерлер мен медбикелердің құрметіне ақ мәрмәрдан үлкен крест-ескерткіш қойғызды.

Өз ісіне шын берілген Флоренстің осынау ерлікке пара-пар мейірбикелік қызметіне төрткүл дүние тәнті болған.

1856 жылы ол Англияға оралғанан кейін әскердегі медицина қызметін қайта қарап, реформалап, жаңартуға ерекше атсалысады. 1857 жылы Үкімет бұл игілікті іске арнайы қаржы бөлді. 1859 жылы әскери министр болып Херберт қайта сайланды. Найтингейл ауруханаларда вентиляция, канализация болуын қамтамасыз етіп, медицина қызметкерлеріне білімін жетілдіру мектептерін ашуды ұсынып, оларды іске асыра бастады. Әр жерде әскери-медициналық мектептер ашылып, аурулардың алдын алу шараларын жүргізу қолға алынды.

Ф.Найтингейл медбикелер үшін бірнеше құнды еңбектер жазды.

1860 жылы Флоренс жиған өз қаржысына Лондондағы Святой Фома ауруханасы жанынан әлемде бірінші болып мейірбикелер мектебін ұйымдастырды. Соңынан осындай медбикелер дайындайтын мектептер басқа да өңірлерде ашылып, мамандар дайындала бастады.

Тарихқа көз жүгіртсек, Флоренс Найтингейл дүние жүзіндегі қайырымдылық жолына түскен алғашқы медбике. Англияның бай отбасында дүниеге келген Флоренс 90 жыл өмір сүрсе де бір рет те отбасын құрмапты. Науқастардың жағдайын білу үшін түнде шырақ жағып, аралап жүретін болса керек. Сондықтан болар оны емделушілері «шырақты қыз» атап кетіпті.

Ол сөйтіп Қырым соғысында (1853-1856) өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүние жүзі бойынша медицинада тұңғыш қайырымдылық қызметін ашқан абзал жан болды.

Найтингейл Лондонданда 1910 жылдың 13 тамызында дүниеден озды. Содан бері қанша уақыт өтсе де оған деген құрмет толастар емес.

Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласындағы Флоренс Найтингейлдің музей-үйі ұйымдастырылған. Ол Темзаның оң жағасындағы South Bank аймағына орналасқан. Онда күні бүгінге дейін күніне жүздеген адам келіп, тарихта есімі жанқиярлық елеулі еңбегімен, жаралы науқастарға жанашырлығымен, аса ерекше мейірімділігімен, қайырымдылығымен мәңгілік есте қалған медбикенің өмірі мен ерлік ісімен танысып жүр.

1971 жылы Флоренс Найтингейлдің туғанына 188 жыл толды. Халықаралық Медбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық медбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланады. Әлемнің 141 елінен құрылған мейірбикелер кеңесі 12 мамырды медбикелер күні деп белгілеу туралы шешім шығарған. Ал халықаралық Қызыл Ай мен Қызыл крест қоғамы нәтижелі еңбек еткен мейірбикелерге Флоренс Найтингейл атындағы медаль беру туралы ұйғарымға келген. Мұндай медальды бүгінде тек өз ісінің нағыз маманы, талай орталарда мойындалған мейірбике ғана алады. Соғыс жылдарында медбикенің майдандағы орны ерекше болатын. Медбике, санитарка деген оқ пен от-жалынға оранған қан майдан даласынан жаралы жауынгерлерді сүйреп, соларды емдейтін батыр адам бейнесі ретінде дәл осы соғыс жылдарында қалыптасқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында да майданда көптеген медбике қазақ қыздары да болды. Солардың бірі, ерекше атап өтетін Рәзия Ысқақова (Шымкент). Рәзия Ысқақованы халықаралық Қызыл Крест комитетi Флоренс Найтингейл медалiмен марапаттады. Кеңестер Одағы бойынша мұндай мәртебеге небәрi 38 медбике ие болған екен. 

Қазақ қызы туралы Кеңестер Одағының Батыры генерал-полковник Д.Драгунский кезiнде бұлай деп жазыпты: «Сұмдық көрiнiстiң куәсi болдым. Алға ұмтылған танкінiң бiрi отқа оранды. Қарасам, Қызыл Крест белгiсi бар өрiмдей қыз жалын құшқан машинаның қақпағын ашып қойып кеттi. Осылайша ажал апатына төрт рет сүңгiп, төрт танкистi құтқарды».

Фл оренс Найтингейл атындағы медальға ие болған қазақстандық ардагер-медбикелер Рәзия Ысқақова (Шымкент), Мария Смирнова-Кухарская (Көкшетау), А.Дмитриенко (Тараз) сынды көптеген абзал жандардың есімдері ел есінде сақталмақ. 

Әр екі жыл сайын Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысы ең үздік медбикелерге Флоренс Найтингейл атындағы 50 медальды тапсырады.

Медбикенің еңбегі тек соғыс жылдары ғана емес, бейбітшілік кезінде ерекше бағаланады. Мысалы, 2008 жылы Донецк облысының Енакиево поселкесінің медбикесі Людмила Власованы Карл Маркс атындағы шахтада 2008 жылы 8 маусымда болған апатта жұмысшыларға көрсеткен медициналық көмегі үшін Халықаралық Қызыл Крест комитеті медбикелердің ең жоғары наградасы – Флоренс Найтингейл медалімен марапаттады.

Әлемде 2020 жылы коронавирустан басталған пандемия кезінде дәрігерлер мен медбикелердің еңбегі ерлікке тең болғанын көрдік. Өздерінің денсаулығы мен өмірін ойламай, қауіп-қатерге қарамай, өмір мен өлім арасында қиналып жатқан науқастардың жанынан табылып, уақытпен еш санаспай, қолдарынан келген қажетті медициналық көмек көрсетті. Олардың сол кезеңдерде көрсеткен көмегін Үкімет орынды бағалап, көптеген медицина қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Халықтың медицина қызметкерлеріне деген құрметі артты. Ол орынды да.

Ия, медбике еңбегінің халық денсаулығын сақтау ісінде алар орны ерекше. Ж ақсы, сыйлы медбике болу үшін қажырлы қызмет етіп, ол мамандықты ұнат у, тіпті, сүю керек. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл жай күнелту, тамақ асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлІкті қажет ететін нәрсе» деген 
екен қазақтың арысы Жүсіпбек Аймауытов. Шын жүректен айтылған пікір. Медицина қызметкері мамандығын таңдарда, «көрпеңе қарай көсіл» дегендей, «Мен осы медицинаны шын ұнатамын ба, маған ертең ол қол ма? Менің бұл мамандыққа бейімділігім бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеу керек. Көңіл, жүрек шын осы мамандықты қалап тұрса ғана дәрігерлік, медбике мамандығын таңдаған жөн. Мамандық таңдауда жіберілген қателік – ертеңгі өкініш, бос, зая кеткен сүреңсіз, мәнсіз, қызықсыз өмір. Сондықтан да жастар мамандық таңдау алдында болашағын ой таразысынан өткізіп, қателік жібермегені дұрыс.

Қазақстанда 2002 жылы 12 мамыр мейірбикелер күні болып ресми түрде тіркелген. Біздің елімізде де бұл кәсіби мерекеге ерекше көңіл бөлінеді.Мыңдаған медбикелер өздерінің күнделікті тәжірибесінде медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, медбикелік күтімді жетілдіру және денсаулық сақтау жүйесінде шығындарды төмендету бағыты бойынша айтарлықтай үлес қосып келеді. Осы бастамалардың көпшілігі халық денсаулығының нығаюына алып келді. 

Бүгінгі таңда Дүниежүзілік медбике күні кәсіптік мерекелер қатарында беделді орын алады. Қазіргі заманғы медбикелердің міндеттері – отандық денсаулық сақтаудағы ең жақсы дәстүрлерді жоғалтпай, әлемдік алдыңғы тәжірибелерді игеру.

Бұл таңда 12 мамырды «Медбике күні» деп атап, Қазақстандағы ірілі-ұсақты ауруханалардың барлығы мейірбикелердің еңбегін құрметтеп, кішігірім мерекелік шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар әрдайым мұндай құрметке лайық.

Егер бүгінде елімізде 138 мың 610 орта буын медицина қызметкері болса, соның 97 мың 60-ы медбике, қалғандары акушерка, лаборант, т.б. Яғни 100 мыңға жуық медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек беруде үлкен күшке айналып отыр. Олардың арасында ел құрметіне бөленіп, әріптестері арасында ерен еңбегімен аялы алақан иесі болып жүрген жандар аз емес. 

Әлемдік медицинаның тәжірибесінде науқас адамның ауруынан 80 пайыз сауығып кетуіне ең алдымен ықпал ететін дәрі-дәрмек емес, медбикенің күтімі, яғни науқасқа деген адамгершілік қарым-қатынасы көбірек себепкер екендігі дәлелденген.

Еңбек жолын жаңадан бастаған жас медбикелерге: «Сендер мейірбикесіңдер, тіпті дәрігерлерден көп жұмыс істейтін, науқас адамның жанында көбірек болатын мамандық иесісіңдер. Ауырып жатқан адамның тез сауығып кетуі көбіне-көп медбикелердің науқасқа адамгершілік қарым-қатынасымен байланысты. Медбике –  дәрігердің сенімді серіктесі» деп түсіндіріп келеміз. Расында да солай, қандай ем болмасын, белгіленген мезгілде, қажетті мөлшерде, сапалы орындалмаса әртүрлі асқынулар байқалады.

Адалдық – медицина қызметкеріне маңызды, қажетті қасиет. Өтірік айтпау ғана емес, сондай-ақ ешқашан өз жұмысындағы келеңсіздіктерді, өз қателіктерін жасырмау керек.

Медбике қызметі – медицинадағы ең жауапты да қиын жұмысты қамтитын сала. Бізде медбикеге дәрігердің жәй көмекшісі ретінде қарайтын көзқарас басым. Негізінде шетелде ондай ұғым жоқ. Оларда медбикені арнайы маман, дәрігердің сенімді серігі деп бағалайды. Дәрігер мен медбикенің әрқайсының өз саласы, өз қызметі бар. Емдеу жұмысын, хирургиялық операцияларды дәрігерлер жүргізсе, ем-домды, науқастарды күтуді негізінен медбикелер орындайды. Тіпті олардың арасында жоғары білімді, арнайы жоғары оқу орындарын тәмамдағандары да бар. Сондықтан медбикелерді «орта буын медицина қызметкері» деген түсінік-сөзден арылтып, «медбике ісінің қызметкері» дегеніміз жөн болады.

Ой таразысына салсақ, мейірбике де, емделуші де – жеке тұлға. Әрбір жеке тұлғаның құқығы бар. Медбике – қоғамның мүшесі. Мейірбикенің қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсіне білуі, аурухананың меншіктілігіне қарамай ол мекеменің жақсы имиджін сақтауына атсалысуы керек. Қоғам бұл мамандықтың денсаулық сақтау жүйесінде өте маңызды екенін еске сақтай отыра, атқарушы билік олардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне жағдай туғызып, нақты қолдап, жұмысын қадағалап отыру қажет. Шындыққа жүгінсек, медбикенің дәрежесі мен жауапкершілігі дәрігермен бірдей. Оны дәрігердің көмекшісі ретінде санайтын ұғым дұрыс емес. Дәрігердің өз міндеті, мейірбикенің өз міндеттері белгілі. Бірақ екеуінің атқарар қызметі – науқасқа көмек беріп, емдеп шығару. Халықтың денсаулығын тексеріп, нығайту жолында оларға қолжетімді, тиімді медициналық көмек беруде, өз уақытының 80 пайызын науқаспен бірге өткізетін медбике қызметінің рөлі өте маңызды. Дәрігер белгілеген ем-домды уақтылы орындау, қиналған жанның жанын қоярға жер таппай шырқыраған уақытта көңілін аулау, жұбата білу имандылықты, оның жанында болып жан қиналу ауыртпалығын бөлісу, науқасқа укол салу, жарақаттарын таңу іскерлікті талап етеді.

Арамызда жаңа заман талабына сай жан-жақты сауаттанған, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, жанашырлық қабілеті зор, мәдениеттілігі басым, елгезектілігімен, тындырымдылығымен, биязы мінезімен, қажырлы еңбегімен көпке өнеге болып жүрген мейірлі жандар барына риза боламыз. Жоғары біліктілігімен, белсенді еңбегімен, жағымды мінезімен өз мамандығының шебері атанып жүрген абзал жандар аз емес.

Елімізде қабылданған «Саламатты Қазақстан 2011-2015» бағдарламасында профилактикалық шаралар мен денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметті жетілдіруге ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл істе медбикелердің де үлесі ерекше. Қазіргі таңда медицинаның жыл сайын емес, күн санап өзгеріп отырған уақытында, заман талабына, яғни инновацияға сай дамуды әр медбике қолдап отыруы керек. Ол үшін медбикелерді де жаңалыққа жақындатып, кәсіби білігін арттырып, білімін дамытып отыруға жағдай жасап, оның негізін, ғылымын қалыптастыруымыз қажет-ақ. Қысқаша қайырсақ, бұл күндері медбикелерге артылатын сенім мен міндет көп. Соны абыроймен атқару – медициналық кәсіпке өмірін арнаған әрбір жанға міндет.

«Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді» деп ой тастаған ел азаматтарының пікірін дұрыс түсініп, оны халыққа орынды жеткізіп, әрбір азамат өз денсаулығына сергектікпен қарап, денсаулығына зиянды әдеттерден (темекі шегу, спирттік ішімдікке әуестік, наркотиктерге тәуелділік және т.с.) арылса денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің жұмысы едәуір жеңілдей түсер еді. Сондықтан медбикелер де бұл игілікті іске атсалысып, көпшілік арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жандандыруға өз үлесін қосу керек.

Әлемде жоғары білімді дәрігер дайындау өте қымбат. Сол себепті көп елдерде орта буынды медицина қызметкерлерін дайындауға көбірек көңіл бөледі және олардың мәртебесі жоғары білімді дәрігерлермен теңестірілмесе де, деңгейлес дәрежеде болады.

Медбикелер – қазіргі кезде денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды құрамдас бір бөлігі. Олар өздерінің күнделікті тәжірибесінде медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, медбикелік күтімді жетілдіру және денсаулық сақтау жүйесінде шығындарды төмендету бағыты бойынша айтарлықтай үлес қосып жүр. Осы бастамалардың көпшілігі халық денсаулығының нығаюына алып келді. 

Медбике қызметкерлерін өзіміздің төл мерекемізбен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздердің нәзік те жайлы, шипалы алақандарыңыз науқастарды дертінен айықтырып, біліктілігіңіз адамдарға денсаулық және бақыт сыйлай берсін, дегім келеді.

Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» жоғары медицина колледжінің оқытушысы,
Тараз қаласы