ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҚЫСПАҚҚА АЛМАЙ МА?

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҚЫСПАҚҚА АЛМАЙ МА?

Былтыр еліміздің Қызылорда, Маңғыстау секілді кейбір өңірін қуаңшылық жайлағаны есте. Аталған өңірлерді жұт жайлап, төрт түліктің қырылып қалуына ауа райының қолайсыздығы, яғни жауын-шашынның аз түсуі себеп болған. Өз өңірімізде шөп шүйгін шыққанымен, шілденің шіліңгір ыстығында егіс даласында ағын су тапшылығы туындап, кейбір шаруалар шығынға батқан еді. Қыс мезгілінде тауға бір түйір қар жаумаса, мұз қатпаса, көктемде жылғалардан су шылжырап ақса, шілдеде арналардың аңқасы кеуіп, көл біткеннің табаны тартылатыны белгілі.

ЖАЗДА 44 МЫҢ ГЕКТАРҒА СУ ЖЕТІСПЕУІ МҮМКІН

Былтыр біздің өңір дəл осы жағдайды бастан өткерді. Облысымызға жерүсті су ресурстарының 80 пайызы суару маусымында көршілес Қырғыз Республикасынан келетіндіктен, енді ойланбаса болмайды. Көршілес елдің өзінде де артық су болмай, əупіріммен жан баққанымыз жадымызда. «Жаман айтпай жақсы жоқ». Биылғы жылы да былтырғы жағдай қайталанып, құрғақшылық қыспаққа алса қайтеміз? Өйткені тауға мандытып қар түскен жоқ. Əулиеата өңірінде суармалы жер 179,8 мың гектарды құрайды десек, аталған суармалы алқапқа тиісті нормативтерге сəйкес жалпы 2022 жылдың вегетациялық кезеңін ойдағыдай өткізу үшін 1 миллиард 310 миллион текше метр су қажет екен. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кəсіпорны облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев 1 миллиард 310 миллион текше метр суды егістік жерге жеткізу кезінде өзендегі су шығыны 39,5 миллион жəне тасымалдау кезіндегі су шығыны 317 миллион текше метрді құрайтынын айтады. Сонда жалпы су шығындарын қоса есептегенде 1 миллиард 673 миллион текше метр су қажет көрінеді. Ал «Қазсушар» мекемесінің əлеуеті əртүрлі деңгейдегі су көздері арқылы аталған егіс алқаптарды 1 миллиард 323 миллион текше метр сумен ғана қамтуға жетеді. Бұл ағын суға қажеттіліктің 79 пайызын ғана қамтиды. Сонда жетіспейтін су көлемі 392 миллион текше метрді құрайды. Яғни аталған суармалы жердің 44 мың гектары жазда су тапшылығы зардабын тартады деген сөз. «Қазсушардың» облыстағы филиалы қуаңшылықтың алдын алуда қандай шаруа атқаруда? Біз осыған назар аударған едік. Қазыбек Қошқарбекұлы облыста жерүсті су ресурстарының 80 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу жəне Талас трансшекаралық өзендері арқылы келетінін сөз ете отырып, жалпы пайдаланатын су ресурстары 4,22 миллиард текше метрді құрайтынын, оның ішінде 3,1 миллиард текше метр ағын су Шу, Талас, Аса өзендері арқылы Қырғыз Республикасында жинақталса, қалған 1,12 миллиард текше метр су Меркі, Қарақыстақ, Тамды, Көктал, Шабақты, Бүркітті тағы да басқа өзендер арқылы өз өңірімізде жинақталатынын жеткізді.

Жылдан-жылға, қолданыстағы Шу жəне Талас өзенінің мемлекетаралық су бөлу ережесі Қырғызстан тарапынан орындалмауда. Орта есеппен Шу өзенінен 150 миллион текше метр, яғни 40 пайыз, ал Талас өзенінен 100 миллион текше метр немесе 17 пайыз су жіберілмей қалады. Ал Күркүреусу өзенінің ережесі Қырғызстан тарапынан 10 жылдан астам уақыттан бері мүлдем орындалмай келеді. Мəселен, 2021 жыл су тапшы болғандықтан Шу өзені бойынша сұраныстан 48 пайыз ғана, Талас өзені бойынша 75 пайыз су жіберілді. Су пайдаланушылармен 2794 келісімшарт жасалып, оларға 517,644 миллион текше метр су жеткізіліп, 85,714 мың гектар жер суарылды. 

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ – ЖАҢА СУ ҚОЙМАЛАРЫН САЛУ

Сол үшін облысымыздың су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар шаруаларды атқаруымызға тура келді. Соның бірі – жаңа су қоймаларын салу. Қырғызстан Республикасына тəуелділікті азайту мақсатында 3 жаңа су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Қордай ауданындағы «Ырғайты» су қоймасының сыйымдылығы – 15,222 миллион текше метр. Қордай ауданындағы «Қалғұты» су қоймасының сыйымдылығы – 14,6 миллион текше метр. Байзақ ауданындағы «Ақмола» су қоймасының сыйымдылығы – 11,107 миллион текше метр. Бүгінгі таңда су қоймаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынып, жұмыс жобасы мен құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілді. Құны – 25,6 миллиард теңге. Жаңа су қоймалардың құрылысы вегетация кезінде көрші мемлекеттен тəуелділікті азайтып, облысымыздың 34,5 мың гектар суармалы алқабын қосымша сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Енді тек аталған су қоймаларының жұмыс жобаларына жұмсалатын тиісті қаржыны жеделдетіп бөлу мəселесі қалып отыр. Бұдан бөлек қолда бар су қоймаларды жаңғырту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Шу ауданы аумағындағы орналасқан «Тасөткел» су қоймасының көлемін 450 миллион текше метрден 620 миллион текше метр сыйымдылыққа дейін ұлғайту қолға алынды. Қазір екі кезеңді сейсмокүшейту арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Құны – 2 миллиард теңге. Бүгінгі таңда 615 миллион теңге қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Қалған жұмыстар 1,4 миллиард теңге қаражат бөлінген кезде атқарылатын болады.

«Тасөткел» су қоймасына жүргізілетін қайта жаңғырту жəне су көлемін арттыру жұмыстарынан кейін Шу ауданының 34,535 гектар жəне Мойынқұм ауданының 10 мың гектар егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Талас ауданындағы Ақкөл елді мекенін су алу қаупін азайту мақсатында 721 миллион теңгеге «Ақкөл» су бөгетіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сарысу ауданы аумағындағы «Ынталы» су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстарына 2022-2023 жылдарға 761 миллион теңге қарастырылды.

Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының бөгетіне жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысына сəйкес, пайда болған жыраларды жою мақсатында аталған су қоймаға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Қордай ауданы аумағындағы «Қарақоңыз» су қоймасының көлемін 8,5-тен 18,5 миллион текше метрге дейін ұлғайту үшін су қоймаға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл сол ауданның 2,8 мың гектар суармалы жерін сумен толық қамтамасыз етіп ғана қоймай, қосымша айналымға 3 мың гектар жерді енгізуге де мүмкіндік береді, – деді Қ.Бедебаев.

Аталған мекеме филиалы облысымыздың Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай жəне Меркі ауданы аумағында орналасқан су шаруашылығы нысандарына «Еуропа қайта құру жəне даму банкі» есебінен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқанын да айта кетуіміз керек. Бүгінгі таңда 34 жоба бойынша жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының жалпы құны 25,9 миллиард теңгені құрапты.

Осы жылға дейін нақты 273,58 шақырым каналға жəне 149 гидроқұрылымға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң 53,965 мың гектар суармалы алқап қайта айналымға еніп, аграрлық сектордың дамуына үлкен септігін тигізеді деп күтілуде.

КАНАЛДАРДЫ ТАЗАЛАУДЫҢ ДА МАҢЫЗЫ ЗОР

Жалпы облыс бойынша ұзындығы 4 325,2 шақырымды құрайтын əртүрлі теңгерімде 773 су жүйесі бар. Осы 773 каналдың 306 каналы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етсе, ұзындығы 2 222 шақырымды құрайды. «Қазсушар» мекемесі теңгеріміндегі 517 каналдың 202-сі жəне иесіз 53 каналдың барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екен. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына байланысты жəне шаруа қожалықтардың сұранысына орай жоба бойынша механикалық тазалау жұмыстары қарастырылған ұзындығы 128,1 шақырым болатын 16 магистральды каналды 15,5 миллиард теңгеге бетондау жұмыстары жоспарланған екен. Сонымен қоса облысымыздың Жамбыл, Қордай, Шу аумағында орналасқан 51 су шаруашылығы нысандарына «Халықаралық қайта құру жəне даму» банкінің қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Қазір 3 аудан бойынша күрделі жөндеу жұмыстарының мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Күрделі жөндеу жұмыстарының құны – 9,2 миллиард теңгені құрапты.

Жоба аясында, 212,2 шақырым болатын 51 нысанды күрделі жөндеуден өтіп, 15,172 мың гектар суармалы жердің мелиортивтік деңгейі жақсармақ. Облыс əкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан былтыр «Талас-Аса» механикалық отряд арқылы ұзындығы 39,8 шақырым 30 канал қалпына келтіріліпті. Нəтижесінде 7,9 мың гектар алқап суландырылған. Одан бөлек 98 шақырымды құрайтын 26 су жүйесіне жөндеу жұмысы жүргізіліп, 3 мың гектар алқапқа су жеткізілген.

Бұл өз кезегінде облысымыздың аграрлық секторының дамуына жəне халықтың əлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне ықпал тиігізе бастаған.

Негізінде жөндеуді қажет ететін республикалық теңгерімдегі жəне өзге де каналдардың жұмыс ауқымы үлкен болуына байланысты қалпына келтіру жұмысын кезең-кезеңге бөлу арқылы ұйымдастыру ұсынылған. Осы орайда əр жылдары қалпына келтірілетін каналдардың желілік кестесі бекітілген. Соның арқасында 2023 жылға дейін облыс бойынша ұзындығы 3 351 шақырымды құрайтын 621 канал қалпына келтіріліп, 123,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтамасыз ету деңгейі артып, басым дақылдарды егуге жəне осы салаға инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік тумақ. Былтыр қыркүйек айында республикалық меншіктегі 104 каналды коммуналдық меншікке алу жұмыстары басталыпты. Жалпы 1 кезең бойынша ұзындығы 710,6 шақырымды құрайтын 104 каналды қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылып жатқанға ұқсайды.

ІШКІ СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

«Былтыр су тапшылығы неден туындады?» деген тақырыпқа қайта оралсақ, Қ.Бедебаевтың айтуынша, облыс бойынша өткен жылдың суару кезеңінің анализі көрсеткендей сумен қамтамасыз етудің негізгі мəселесі Қырғыз Республикасынан келетін Шу жəне Талас трансшекаралық өзендерінен суды толық ала алмау мəселесіне тіреліп отырғанына көз жеткіземіз. Қырғыз Республикасы тарапынан трансшекаралық өзендердің бөліну шартының орындалмауы көршілер үшін қалыпты жағдайға айналғаны шындық.

Осы қалыптасқан үрдіс жəне қырғыз жақ өз аймақтарында суармалы жерлердің көлемін арттыру үшін жаңа су қоймаларын, тəуліктік, маусымдық реттелмелі бассейндерді жəне айналмалы каналдарды салуды жоспарлап жатыр. Осы жайтты ескерсек, бізге өзіміздің су ресурстарын тиімді пайдалану өте қажет. Ол үшін бірінші кезекте шаруашылықтарға толығымен су үнемдейтін заманауи технологияларды ендіру керек. Мысалы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері ауыспалы егістікті қатаң сақтайтын ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасуының жоспарлы түріне көшкені жөн. Яғни бір канал бойында əртүрлі дақылдар егілмеуін қадағалап, ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасуын бассейіндік инспекция жəне «Қазсушар» РМК филиалымен келісуі тиіс. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірушілерді қоғамдастыру бойынша жұмыстарды күшейткен абзал. Яғни оларды ірілендіру қажет. Мəселен, егін егумен айналысатын ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге, серік тестік терге немесе бірікк ен шаруашылықтың басқа да түрлеріне қосса, бұдан ұтарымыз көп. Өйткені бытыраңқы фермерлік шаруашылықтарда суару режимі де, суару технологиясы да сақталмай, салдарынан су тиімді реттелмейді. Иесіз ішкі шаруашылық суармалы жəне коллекторлы-дренажды жүйені қайта қалпына келтірудің де пайдасы зор. Жерасты суы немесе ағынды сулар сияқты суарудың балама көздерін пайдаланудың тың жолын іздеуіміз керек. Былтыр ауа райының қолайсыздығынан судың тапшылығы аса қатты сезілгенімен біз шаруалар арасында суды теңдей бөліп бере алдық. Болжам бойынша келер жылы да су тапшылығы болады деп күтілуде. Қазан айынан бастап «Қазсушар» РМК облыстық филиалының теңгеріміндегі 7 су қоймасы су жинау режиміне қойылды. Сондай-ақ аңқасы кепкен өзен-көлдердің сулылығы төмен болғандықтан су жиналатын қоймаларда рұқсат етілген сыйымдылық көлемінен су аз жиналуда. Мəселен, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы қажетті судың 23 пайызын, сол секілді «Тасөткел» су қоймасы 67, «Ынталы» - 14, «Қарақоңыз» - 25, «Қақпатас» - 12, «Бүркітті» - 20, «Жартас» су қоймасы - 1 пайыз мөлшерінде су жинады. Ал Қырғызстандағы «Киров» су қоймасында рұқсат етілген көлемнің 42 пайызы ғана жинақталды, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы.

Облыс əкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының су шаруашылығы бөлімінің басшысы Əбдірəсіл Желеубаев қосымша суармалы суды облысымызда орналасқан 106 ішкі кіші су қоймалары арқылы да қамту жоспарланғанын айтады. Оның айтуынша, жалпы жиналатын 132 миллион текше метр судың 65 миллион текше метрі 8,2 мың гектар егіс алқапқа пайдаланылады. Нəтижесінде ішкі су көздерін пайдалана отырып жетіспейтін 392 миллион текше метр суды 327 миллион текше метрге дейін төмендетуге мүмкіндік тумақ. Бұдан бөлек, жаңадан салынатын су қоймалар есебінен 42,4 миллион текше метр жəне қолданыстағы су қоймалардың сыйымдылығын 158 миллион текше метрге арттыру есебінен қосымша суармалы сумен қамту жоспарланыпты. Нəтижесінде жетіспейтін 327 миллион текше метр су көлемі 275 миллион текше метрге дейін төмендемек.

ЖЕРАСТЫ СУЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?

Аталған бөлім басшысының айтуынша, су тапшылығын төмендету мақсатында облысымыздағы жерасты суларына тиісті ғылыми-зерттеу институттарымен меморандум жасалып, зерделенген. Облысымызда жалпы жерасты суының көлемі 1 миллиард 715 миллион текше метрді құрайды екен. Оның ішінде тəулігіне қайта қалпына келетін 4 миллион 464 мың текше метрді құрайтын су қоры бар көрінеді. Осы арқылы 120 күндік вегетациялық кезеңде 535 миллион текше метр су көлемін пайдалануға болады екен. Яғни өзіміздің жерасты су көлемін жер бетіндегі су қоймамен салыстырсақ, оның сыйымдылығы қырғыздың «Киров» су қоймасынан асып түсетінін аңғарамыз. Сондықтан су тапшылығы бар аудандар жерасты суының потенциалын толығымен пайдалануға мүдделі. Осы орайда облыс бойынша 646 ұңғыма есебінен жетіспейтін 275 миллион текше метр суды толығымен қамтамасыз етудің мүмкіндігі бар. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы аудандарда осы жылы 177 ұңғыма, келер жылы 240, 2024 жылы 229 ұңғыма қазу қажет деп отыр. Жерасты суын кең көлемде пайдалану үшін жергілікті бюджет немесе республикалық бюджеттен 140 миллион қаржы қарастырып, «Талас-Аса» кəсіпорнына ұңғыма қазатын 2 техникамен жабдықтау ұсынылыпты. Нəтижесінде 3 жылдың ішінде жалпы 288 ұңғыма қазылып, қолданысқа енгізілмек. Осы ретте ұңғымалар нарықтық бағадан 40 мың теңгеге немесе 50 пайыз төмен бағада қаздырылатын болады. Ол үшін ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан қағида талаптарына сəйкес субсидия төленбекші.

Негізі өңірде 1 706 ұңғыма бар. Оның 1 458-і кезінде мал шаруашылығы үшін қазылса, қалғаны егін шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Былтыр жалпы 146 ұңғымаға зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Егін шаруашылығы саласында қолданылатын 248 ұңғыма маңындағы бекітілген жердің көлемі 7 648,3 гектар. 248 ұңғыманың ішінде қолданыстағы ұңғыма саны 68 болса (суармалы жер көлемі – 3 513 гектар), 180 ұңғыманы қайта қалпына келтіру қажет (суармалы жер көлемі – 4 136 гектар).

«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» облыс бойынша 26 ұңғымаға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нəтижесінде 15 ұңғыма бітелуіне байланысты жарамсыз болса, 11 ұңғыманың қайта қалпына келтіруге жарамды екені анықталды. Сонымен қатар «У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология жəне геоэкология институты» өңірде ұтып алған жерасты суларын зерделеуге қатысты ғылыми жоба бойынша 2023 жылға дейін зерделеу жұмысын жүргізетін болады. Қазіргі таңда институт Қордай, Меркі, Шу аудандарында орналасқан 74 ұңғымаға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорытынды ақпарат дайындауда. Биыл жəне келер жылдары аралығында Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов жəне Мойынқұм аудандарында аталған институт тарапынан ұңғымаларға зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, «Еуропа қайта құру жəне даму банкі» арқылы Меркі ауданында 46 ұңғымаға зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу институттары жəне «Еуропа қайта құру жəне даму банкі» арқылы облыс бойынша барлығы 146 ұңғыма зерделеніп, нəтижесінде 6 022 гектар суармалы алқап сумен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінгі күнге «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» 26 ұңғымада зерттеу жұмыстарын аяқтады. «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» зерделеген ұңғымаларды қалпына келтіру үшін сметалық есепке сəйкес 457,6 миллион теңге қажет. Осы орайда жалпы 937 гектар алқапқа аудандар тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Негізінде жерасты суларын пайдалану жөніндегі іс-шаралардың желілік кестесі жасалып, аудан əкімдіктеріне іс-шара кестесіне сəйкес тиісті жұмыстарды атқару ұсынылуда. Жерасты суын пайдалану бойынша аудандар бөлінісінде зерделеніп нақты ұсыныстар берілді, – дейді облыс əкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының су шаруашылығы бөлімі басшысы Əбдірəсіл Серікұлы.

Мəселен, Байзақ ауданы бойынша егін шаруашылығы мақсатында 21 ұңғыма бар екен. Олардың маңындағы суармалы жердің көлемі 544 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта ұңғымалардың 14-і пайдаланылып, өткен жазда 284 гектар алқап суарылған. Əйтсе де қалған 7 ұңғыманы қалпына келтіру қажет. Істен шыққан ұңғымаларды қайта қалпына келтіру мақсатында «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ауыл шаруашылығы басқармасы жариялаған конкурс шеңберінде аудандарда 4 ұңғымаға зерделеу жүргізген. Нəтижесінде 2 ұңғыманың қайта қалпына келтіруге жарамды екені анықталған.

Ал «У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеол огия жəне геоэк ол огия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022-2023 жылдары ҚР БҒМ Ғылым комитетінің конкурсы шеңберінде аудандарда қалған ұңғымаларға зерделеу жұмыстарын жүргізбекші.

Облыста су тапшылығын болдырмау, қуаңшылықтан шығудың амалына қатысты атқарылып жатқан шаруа жоғарыдағыдай. Əйтсе де аталған шаруалар жүзеге асырылып бітеді дегенше айналасы кем дегенде 3-4 жыл қажет. Сол үшін не істеу керек?

Жалпы еліміз суды тиімді пайдалану жəне суармалы судың ысырабын азайту мақсатында су үнемдеу технологиясын қолдануға көшкеніне біршама уақыт болды. Бұл ретте өз өңіріміздегі шаруалар да заманауи технологияны қолдану арқылы аз шығынмен мол өнім алып отырғаны белгілі. Мəселен, былтыр облыста 40,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілсе, оның 28,3 мың гектары тамшылатып, қалғаны жаңбырлатып суарылыпты. Осы жылы мұндай алқап көлемін 50 мың гектарға жеткізу көзделіпті. Былтыр мемлекет 2031 жылға дейін су үнемдейтін 4 мың қондырғыны шаруалардың сатып алуы үшін агроөнеркəсіптік кешен нысандарын қаржыландыруды көздейтін тетікті іске қосқан болатын. Бұл ретте лизингтік компания арқылы су үнемдейтін қондырғы шаруаларға 10 жылға дейін 7 пайызбен берілсе, мемлекет оның 50 пайызын субсидиялауды ұйғарды. Одан бөлек электр желісін тарту, ұңғыма қазу, құбыр, сорғы секілді магистральдық шығындар да 50 пайыз субсидияланбақ. Біздің айтпағымыз шаруалар осы мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс. Сонымен қатар, вегетация кезеңінде ағын суды шаруаларға бөліп беруде кім су үнемдеу технологиясын қолданып отыр, ағын суды алдымен соған жеткізуді заңдастыру керек. Себебі, шілденің шіліңгір ыстығында арық-атызбен шаруаға жетем дегенше су буға айналатыны белгілі. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын қолданып отырған шаруа қолда бар суды тиімді жұмсайтыны анық. Түптеп келгенде Алладан жауын тілеп, тасаттық беру арқылы құрғақшылықтан құтылуды ойлап қол қусырып отырғаннан гөрі нақты бір іс-əрекетке көшетін кез келді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ