ҒАЛЫМДЫҚ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

ҒАЛЫМДЫҚ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

Ғылым жөнінде ұлы Абай жақсы айтқан: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», дейді хәкім ақын. Шындығына келгенде, Абай – ұлы ақындығымен қоса, дүние-тіршіліктің сырына терең үңіліп, ой түйген данышпан ғұлама. Оның осы данышпандығы да, хәкімдігі де ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлы ақынның «Толық адам» ілімін жан-жақты зерттеп, зерделеуді, қазіргі жаһандану дәуіріндегі қазақстандық адамдық, азаматтық келбетіміздің басты құндылығына айналдыру қажеттілігі туралы айтқан. Абайдың «Толық адамы» – тұрғанымен ғылым. Ақынның ойы шығыс ғұламаларының бағалы ой-толғамдарымен сабақтасып өрістетілген.

Ғылым – қазіргі уақытта да елдің экономикасын алға сүйрейтін қуатты күш. Ғылым – адамзат ой-санасының биікке көтерілген, дүниенің сырын игерген ғажайып мүмкіндігінің көрінісі. Сондықтан да қазіргі ойлау, тұрмыс-тіршіліктің қай саласы болмасын ғылымға негізделген. Сол себепті қоғамда шынайы ғалымның орны ерекше, бағалы да құрметті.

Біз де ғылым жолында талай мықты ғалымдардың алдын көрдік. Әдебиеттану ғылымының марқасқаларынан дәріс-тағылым алып, алғашқы ғылыми ізденісімізді бастадық. Осы ретте алдымен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты қабырғасындағы 1973-1977 жылдардағы студенттік жылдар еске оралады. Сол кездегі дәріс оқыған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Хасен Әдібаев, сол кездегі филология ғылымдарының кандидаттары Төкен Әбдірахманов, Сейфолла Құспанов, Мекемтас Мырзахметов, тағы басқалар мықты ұстаздар ғана емес, ұлттық әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген шынайы ғалымдар еді. Бүгінгі ұрпақ олардың кейбірін біле бермеуі мүмкін. Бірақ әдебиеттану ғылымына келген зерттеуші олардың ғылыми еңбегімен танысады деп ойлаймын. 

Күні кеше ғана 90 жастың мол үстіне шығып, қазақ ғылымының абызы атанған академик Серік Қирабаев дүниеден озғанда, ұлт зиялылары мен көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық «Қазақ ғылымының бір дәуірі көшіп барады» деп қабырғасы қайыса қайғырды. Сол абыз ақсақал Сер-ағаңның лекциясын тыңдағанымды бақыт тұтамын. Сәкен Сейфуллинді, Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіровті айтқанда, аудиторияда өлі тыныштық орнайтын. Аудиторияны үш алып бәйтеректің рухы кернеп кеткендей сезілетін. Түйдек-түйдегімен Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың өлеңдері, поэмаларының үзінділері төкпеленеді. Ағытылып жатқан дария іспетті. Көркем сөздің құдіреті кім-кімді де билеп алады. Арыстардың алып бейнесі, тағдыры көз алдыңа келеді. Кеудеңе өксік тығылады. Сол Сер-ағаңның өзі де қазақ әдебиеттану ғылымының алып бәйтерегіне айналды.

Сол кезде өзгелерден жасы үлкен Төкен Әбдірахманов қазақтың аса дарынды ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэзиясын жілікше шағып түсіндіретін. «Мына тұрған Баянауыл...», «мына тұрған Семей...», «мына тұрған Томск...», деп бас бармағымен желке тұсын нұсқап, әрбір сөзін шегелеп, ой-тұжырымын дәлелмен қанықтырып айтқанда, «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып Күн боламын» дейтін асау ақынның заманмен тоғыспаған қайсар тұлғасы көз алдымызға келетін. Мағжан «халық жауы» делініп, шығармасы тұрмақ аты аталуға тыйым салған сол 70-жылдары лекциясында Мағжанның «Айды алқа, жұлдызды жүзік қып тағып берейін...» дейтін сыршыл өлеңін оқып-талдап, толық болмаса да шет жағалап айтып өтуінің өзі білімге құштар студенттерге жетіп жататын. Жұмбақтап, бүркемелеп айтқан ой студенттерді одан сайын ынтықтыра түсетін.

Ұлы Отан соғысының ардагері, профессор Хасен Әдібаевтың студенттік жылдарда ғылымға баулуын бүгінде аса құрметпен еске аламын. Қазақ әдебиетінен қазақша, орысша оқулықтардың авторы 3-курста қазақ әдебиетінен курстық жұмыс жазғаннан кейін-ақ өзіне жақын тартып, ғылыми тақырып беріп, ғылымға баулыды. Сол жылы талантты жазушылар Оралхан Бөкей, Төлек Тілеухан, Баққожа Мұқай повестері туралы жиырма беттің көлемінде мақала жазып, бірге талқылағанымыз – менің ғылымға келуімдегі үлкен сабақ болды. Профессордың жетекшілігімен 1977 жылы оқу бітірерде Мұқағали Мақатаевтың лирикасынан диплом жұмысын жаздым. Ақиық ақын 1976 жылы қайтыс болған. Арада бір-ақ жыл өткен. Диплом жұмысын жазу кезінде ақынның шығармашылығы туралы материал тым аз еді. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» кітабындағы Мұқағали ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» атты кітабына жазылған көлемді мақаласы мен ақын Әбділдә Тәжібаевтың «Өшеді өлең, немесе көшеді өлең» деген «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарияланған аз мақаласы ғана болатын. Осы екі материалдан өзге сол кезде диплом жұмысына тірек болатын мақала кездестірмегенмін. Қазіргі күнге дейін ойлаймын, менің дипломдық жұмысым алғашқы жұмыстардың бірі болды-ау шамасы. 

Осылардың барлығы ұстаз-ғалымдардың арқасы еді. Олардың адамдық тұлғасы қандай биік еді. Осы және өзге де әдебиеттанушы ғалымдардың ғылыми еңбектері ғылымға жетеледі. Институт бітіріп, ауылдық жерде мек тепте мұғалім болып жүргенде де, әдебиетке, ғылымға құштарлық көкіректің түкпірінде маздап жататын. Сол ішкі құштарлық бәрібір ғылымға әкелді. 90-жылдардың басында пединститутқа оқытушы болып қабылдануым – ғылым жолындағы ойымды біржола бекітті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекерия Атымовтың жетекшіл ігімен «Т.Ахтановтың драматургиясы» тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысын жаздым. Тағдыр мені қазақ прозасының аса дарынды өкілі Тахауи Ахтановпен жүздестірді. Шығармашылық лабораториясын зерттеуде жазушымен бірнеше рет жүздесудің сәті түсті. Бұл жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Тахауи Ахтановтың шарапаты» деген мақала жарияланды. Кандидаттық диссертация жұмысына жазушы риза болды, жазбаша пікірін білдірді. Ал диссертацияны қорғайтын сәтте жазушының өзі Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесіне келіп қатысуының өзі мен үшін зор мәртебе еді. Сол кездегі диссертациялық кеңестің мүшелері академик Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Мүсілім Базарбаев, Рымғали Нұрғали және басқалар орындарынан өре түрегеліп, аса ілтипатпен Тахаңмен амандасып жатқанда, арқамды алып тауға тірегендей күй кешкенім шындық. Диссертация қорғау кезінде ұстазым Нығмет Ғабдуллин жан-жақты пікір айтты. Мұның бәрі арада 30 жылға жуық уақыт өтсе де, ғылым жолындағы ұмытылмайтын бақытты сәттер деп білемін.

Ғылым жолы мені академик Рымғали Нұрғалимен тоғыстырды. Докторлық диссертациямның ғылыми кеңесшісі болды. «Тахауи Ахтановтың жазушылық шеберлігі (прозасы бойынша)» деген тақырыпта Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация жұмысын қорғадым. Бұл да бір жақсы кездер еді. Жазушының көркемдік әлеміне ену, суреткерлік шеберлік қырларын талдау барынша қызықты болатын. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі рухани інісі санаған Тахауи Ахтанов, шын мәнінде, бірегей жазушы. Оның «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары мен «Махаббат мұңы» повесі, әңгімелері, драматургиясы, әдеби сын еңбектері қазақ әдебиетіне, руханиятына қосылған зор мәдени байлық болды. 

Ғылыми жұмыс еш уақытта тоқырап, тоқтап қалмайды. Өмірлік азығың да, өмірлік мәртебең де – ғылым. «Т.Ахтановтың шығармашылығы» (1997), «Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемі: прозасы мен драматургиясы» (2013), «Ұлттық рух және поэзия» (2016), «Уақыт және әдебиет» (2021), «Әдеби бейне және оның жасалу жолдары» (2021) атты кітаптарым мен көптеген мақалаларым жарық көрді. Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Тараз мұралары» атты көптомдықтың авторларының бірі болдым. Бір қызығы – ғылыми жұмыста шаршайсың да шалдығасың, бірақ кейін еңбегің жарық көріп, нәтижесін көргенде, іштей қанағаттанып, марқайып қаласың. Өміріңнің мәніне айналады.

Ғылым жолындағы үлкен қуанышым –  академик Әбсаттар аға Дербісәлімен бірге жұмыс істеуім. Шынайы ғалымның жарқын көрінісі осы ардақты ағадай-ақ болар деп білемін. Жүрегінің тазалығы мен қарапайымдылығы қандай! Жарғақ құлағы жастыққа тимей, Мұхаммед Хайдар Дулатидің шығармашылығын зерттеуі, оның Үндістанның Кашмир штаты Сринагар қаласының «Мазари салатин» қорымынан бейітін табуы – ұлт руханиятындағы орны бөлек жаңалық болды. Ғылым деген, міне, осы. Тынымсыз ізденіс пен оқудың, ішкі құштарлық пен мұқалмас ерік-жігердің ұштасуы. 

Мұны сәл таратып айтып отырғандағым –  бүгінгі жастарға ғылым жолының жеңіл болмаса да, адам өмірін шуаққа бөлейтін қасиеті туралы ойымды жеткізгім келеді. Шын ғалым ешкімге жалтақтамайды да жағымпазданбайды. Ішкі ой қуатына сенеді. Өзінің ғылыми ізденісі мен ой қуатын халықтың игілігіне бағыттайды. Шын ғалымның ары да, қолы да таза. Мәртебесі биік. Сондықтан жастарды өзінің сүйікті ғылым саласымен белсене айналысса деймін. Мықты математик болсын, медицина ғылымының биігіне жетсін. Ғасырлар қойнауына тереңдеген тарихшы болсын, тағы басқа. Ғылым салалары соншалықты көп қой. Елдің жарқын болашағы да ғылыммен байланысты. Заман білектің уақыты емес, білімнің, ғылымның заманы. Ғылымның қия жолында жастарға сәттілік тілеймін.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Қазақ филологиясы және  журналистика» кафедрасының профессоры